Платформалық жұмыспен қамту

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР Әлеуметтік кодексі «Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтерді көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру» 102-1 бабымен толықтырылды.

Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрін білдіреді.

Әлеуметтік кодекстің 102-бабына сай платформалық жұмыспен қамтудың тараптары:

  1. интернет-платформаның операторы (Оператор) – интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
  2. тапсырыс беруші – интернет-платформада тіркелген, онда қызметтер көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға тапсырыс орналастыратын жеке немесе заңды тұлға;
  3. орындаушы – интернет-платформада тіркелген, жария шарт негізінде интернет-платформаларды пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға.

Интернет-платформа – интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға арналған интернет-ресурс (Әлеуметтік кодекстің 1-бабы 1-тармағының 81) тармақшасы).

Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасында тіркеледі.

Оператор арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін (АСР) қолданатын ДК[1]  болып табылатын орындаушылардың кірістерінен МЗЖ[2]  ұстап қалуды және ұсталған сомаларды БЖЗҚ-ға аударуды жүргізеді (Әлеуметтік кодекстің 102-1 бабының 1-тармағы).

Арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР қолданатын ДК болып табылатын орындаушылар үшін Оператор төлеуге тиісті МЗЖ мөлшерлемесі орындаушының өзінің таңдауы бойынша МЗЖ есептеу үшін алынатын кірістің 1% мөлшерінде немесе Әлеуметтік кодекстің 249-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мөлшерде (МЗЖ есептеу үшін алынатын кірістің 10 пайызы) айқындалады (Әлеуметтік кодекстің 102-1 бабының 3-тармағы).

МЗЖ есептеу үшін алынатын кіріс деп арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР қолданатын ДК болып табылатын орындаушылардың көрсетілген қызметтер немесе орындалған жұмыстар үшін алған кірісі түсініледі.

Бұл ретте айына МЗЖ есептеу үшін алынатын кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының 50 еселенген ең төмен мөлшерінен аспауы тиіс.


[1] ДК – дара кәсіпкерлер

[2] МЗЖ - міндетті зейнетақы жарналары