Артқа

Жиі қойылатын сұрақтар

Өз зейнетақы жинақтарыңызды қалай тексеруге болады?

1-әдіс. БЖЗҚ ұялы қосымшасында Қызметтер бөліміне өтіп, «ЖЗШ-дан үзінді көшірме алу» мәзірін таңдаңыз. Ашылатын терезеде үзінді көшірмені қажетті уақыт кезеңімен көрсетіңіз. Үзінді көшірме pdf форматында жасалады.

2-әдіс. www.enpf.kz сайтында Жеке кабинетке кіріңіз. Бұдан әрі «Қызметтер» бөліміне өтіп, «ЖЗШ-дан үзінді көшірме алуды» таңдаңыз. Ашылатын терезеде үзінді көшірмені қажетті уақыт кезеңімен көрсетіңіз. Үзінді pdf форматында жасалады және де оны БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына жіберуге болады.

3-әдіс. eGov.kz «Азаматтарға арналған электрондық үкімет» сайтында немесе eGov Mobile ұялы қосымшасында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметін таңдаңыз.

4-әдіс. Жеке куәлігіңізбен БЖЗҚ-ның кез-келген жақын орналасқан өңірлік бөлімшелерінің біріне өзіңіз келіңіз. БЖЗҚ-да 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жеке зейнетақы шоты ашылған салымшылар мен алушылардың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы жыл сайынғы/кесте бойынша бұрын айқындалған, төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен ақпарат алу құқығы сақталады:

  • БЖЗҚ-да ұсынылған мекенжайға электрондық пошта арқылы;
  • пошта байланысы қызметтері арқылы.
  • Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу мақсатында кімдер пайдалана алады?

    Біржолғы зейнетақы төлемдерін өз пайдасына немесе жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында келесі шарттардың бірі болған кезде жүргізіледі:

    • егер МЗЖ салымшысының жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) МЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегінен асқан жағдайда;
    • егер Кодекстің 207-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген адамдар үшін зейнетақы мөлшері, сондай-ақ Кодекстің 207-бабының 4-тармағында көрсетілген адамдардың ай сайынғы қамтылым мөлшері алушының орташа айлық табысын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен айқындалатын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алмастыру коэффициентін қамтамасыз еткен жағдайда жүргізіледі. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнетке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі;
    • егер МЗЖ салымшысы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған жағдайда;
    • егер МЗЖ салымшысы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болған жағдайда.

    Төлемге қалай және қайда өтініш беру керек?

    Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй және (немесе) емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті операторларға жүгіну қажет.

    Уәкілетті оператордың тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу жөніндегі функцияларын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Отбасы банк» АҚ жүзеге асырады; тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша екінші деңгейлі банктер өтініштерді қабылдайды.

    Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалануға ақы төлеу ережелері туралы толық ақпарат алу үшін тиісті уәкілетті операторлармен хабарласуға кеңес береміз.

    Өз жинақтарыңызды қалай тексеруге және алуға болатын соманың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында бар екеніне көз жеткізуге болады?

    www.enpf.kz сайтында Жеке кабинетте, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында ең төменгі жеткіліктілік шегі және мақсатты пайдалануға қолжетімді сома туралы ақпаратты онлайн режимінде тексеру мүмкіндігі іске асырылған.

    Қордың сайтындағы Жеке кабинетте және БЖЗҚ мобильді қосымшасына ЭЦҚ немесе ЖСН және құпиясөз арқылы кіруге болады.

    ЭЦҚ-ны https://egov.kz/ сайтында онлайн режимінде алуға болады

    Инвестициялық табыс сомасы неге өзгеріп отырады?

    Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналарынан және инвестициялық кірістен тұрады. Инвестициялық табыс – бұл зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған табыс.

    Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) салымшылардың сенімгерлік басқаруға берген зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде басқарады. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ, басқарушы компанияларға (инвестициялық портфельді басқарушы – ИПБ) инвестициялық басқаруға беру үшін де пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді.

    Инвестициялық табыс алу және тәуекелдерді азайту мақсатында зейнетақы жинақтары әр түрлі қаржы құралдарына (бағалы қағаздар, шетел валюталары және т.б.) инвестицияланады, олардың құны әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық табыс ұлғаюы да, азаюы да мүмкін.

    Инвестициялық табыс апта сайын есептелетіндіктен, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы да өзгереді. Сондықтан инвестициялық кіріс теріс болған жағдайда зейнетақы жинақтарының сомасы азаяды, ал оң болған жағдайда ұлғаяды.

    Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар екенін түсіну маңызды және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезең үшін талдау орынды.

    БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылатын қаржы құралдары туралы ақпарат www.enpf.kz сайтында «Көрсеткіштер» - «Инвестициялық қызмет» бөлімінде ай сайын жаңартылып отырылады.

    Біржолғы зейнетақы төлемдерін алған кезде жеке табыс салығы қалай ұсталады?

    Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Салық зейнетақы жинақтары төлемін алған кезде салынады.Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ салық агенті ретінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес есептелген біржолғы зейнетақы төлемін алушының және (немесе) уәкілетті оператордың банк шотына аударған кезде ЖТС есептейді. ЖТС біржолғы зейнетақы төлемінің сомасына Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10%) қолдану арқылы есептеледі.

    БЖЗҚ Салық кодексінің 351-1-бабының 2-тармағына сәйкес салымшы таңдап алған, келесі екі тәсілдің бірі бойынша жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды және мемлекеттік бюджетке аударуды жүргізеді:

    1) Салық кодексінің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру күнінен кешіктірмей, бір-ақ рет;

    2) зейнетке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша).

    Салымшының ЖТС төлеу тәсілін таңдау жөніндегі шешімі оның уәкілетті операторға берген өтінішінде көрсетілуге тиіс. Салымшы ЖТС-ты бір-ақ рет ұстап қалу туралы өтініш берген жағдайда БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асырған кезде ЖТС-ты біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан бірден ұстап қалатын болады.

    Салымшы ЖТС-ты ай сайын тең үлестермен ұстап қалу туралы өтініш берген кезде БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру кезінде ЖТС сомасын ұстамай, мемлекеттік бюджетке аудармай есептейтін болады. Есептелген ЖТС-ты ұстап қалу және аудару жеке тұлға зейнетақы жасына жеткен кезде БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде тең үлестермен жүзеге асырылатын болады.

    Егер салымшы бірінші тәсіл – ЖТС-ты дереу толық көлемде төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ол өтініште алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі ЖТС-ты шегере отырып көрсетуі тиіс. Егер салымшы ЖТС төлеу мерзімін ұзартуды пайдалану туралы екінші тәсілді таңдаған болса, онда ол өтініште алуға сұраныс жасалған соманы ЖТС-ты шегерусіз көрсетуі қажет.

    Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады?

    Салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Ол үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді, басқарушы компанияны салымшы өз бетінше таңдай алады.

    Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар оны ИБП-ға толық көлемде бере алады.Алдымен жұмыс істеп жатқан инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) тізбесімен танысып, enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуді ұсынамыз.

    Бұдан әрі зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш беруі қажет, оны enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.

    Салымшы дербес жүгінген кезде жеке куәлігін көрсетіп, содан кейін қажетті құжаттарды толтыруы керек, оған қажет болған жағдайда Қор менеджерлері көмектеседі.

    "Бейне нұсқаулық" бөлімінде инвестициялық портфельді басқарушыға зейнетақы жинақтарын аудару бойынша қадамдық нұсқаулық орналастырылған.

    БЖЗҚ жеткіліктілік сомасынан асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аударуды жүзеге асырады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қала береді.

    ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдерін алу (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) ретінде есептелмейді және оларды ИПБ-ға ауыстырған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайды.

    Менің зейнетақы жинақтарым ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін олармен не болады?

    Басқарушы компания БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алғаннан кейін зейнетақы активтерін басқаруды өзінің инвестициялық декларациясында белгіленген инвестициялық стратегиясы шеңберінде жүзеге асырады.

    ИПБ инвестициялық декларациясында инвестициялық портфельдің құрылымы, қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттері және басқа да нормалар айқындалады. ИПБ инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспайды.

    Сіз қолданыстағы ИПБ тізбесімен, олардың инвестициялық декларацияларымен www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде таныса аласыз.

    Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін салымшы:

    • БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті жылына көп дегенде бір рет беруге;
    • БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін бір жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

    Зейнетақы жинақтарының, оның ішінде ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарының табыстылығын БЖЗҚ-дан алынатын үзінді көшірмеден қадағалауға болады.