Филиалды таңдаңыз:
Қолданыстағы зейнетақы жүйесі 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (бұдан әрі –ЖМЗЖ) толықтырылды.
ЖМЗЖ - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен агенттер меншікті қаражаты есебінен шартты зейнетақы шотына аударған ақша;
ЖМЗЖ мөлшерлемесі - агенттің БЖЗҚ-ға төлемінің жұмыскердің кірісіне пайыздық қатынаста көрсетілген, ЖМЗЖ есептеу үшін қабылданатын мөлшері;
ШЗШ – шартты зейнетақы шоты – БЖЗҚ-да жеке тұлғаның атына ашылған, келіп түскен ЖМЗЖ және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер туралы мәліметтер, сондай-ақ тиісті қаржы жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтер есепке алынатын шот;
ЖМЗЖ агенттің, өзге де ақы төленетін жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдардың меншікті қаражаты есебінен және тек 1975 жылғы 1-қаңтардан кейін туылған жұмыскерлер үшін аударылатын болады. ЖМЗЖ шамасы ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын жұмыскерлердің ай сайынғы табысынан:
· 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 1,5 пайыз мөлшерінде;
· 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 2,5 пайыз мөлшерінде;
· 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 3,5 пайыз мөлшерінде;
· 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 4,5 пайыз мөлшерінде;
· 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс ЕТЖМ*(республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы) кем болмауы тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ай сайынғы ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 89-1-тарауында көрсетілген бірыңғай төлем құрамында ЖМЗЖ төлеуді таңдаған салық агенттері үшін жалақыдан бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының үлесі:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,0 пайызды;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 10,5 пайызды;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 14,1 пайызды;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 17,4 пайызды;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 19,0 пайызды құрайды.
*республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ай сайынғы ең төмен жалақы мөлшері