Зейнетақы – тек егде жастағы адамдар үшін маңызды мәселе емес. Қадірлі қарттыққа жеткен кезде алатын табысыңыздың қандай болатынын бүгіннен, тіпті алғашқы еңбекақыны қолға алған сәттен бастап ойлаған жөн.
Соңғы уақытта қазақстандықтарды зейнетақы жарналарын аудару, жинақтарын алу, инвестициялау және осы секілді басқа да мәселелер толғандырып жүр. Осыған байланысты, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube арнасында «Зейнет.кз»/«Пенсия.кз» тақырыбындағы ақпараттық-танымдық жаңа бағдарламаның жарық көргенін қуана хабарлайды.
Бұрын бұл бағдарлама республикалық телеарналарда жоғары рейтингпен көрсетілгені есіңізде болар. Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығына орай түсірілген «Зейнет.kz» ақпараттық жобасы “Жылдың үздік халықтық жобасы” деп танылды.
Бағдарламаның жаңа маусымы енді YouTube алаңында жалғасады. Онда зейнетақы жүйесінің қыр-сырымен таныстырушы Ахметовтер отбасы көрермендерге бағыт-бағдар береді. Үш буын өкілі өз өмірлеріндегі түрлі жағдайлар арқылы зейнетақы шотын қалай ашуға болатынын, алғашқы жарнаны қалай аудару керек екенін, жинақтарды қалай басқаруға немесе төлемдерді қалай алуға болатынын түсіндіріп береді.
Әр шығарылымда – бір отбасының шынайы өмірінен алынған оқиға. Ондағы кейіпкерлер тап болған мәселе мен оны шешу жолы әр көрерменге ой салып, өзінің де зейнеттік болашағын дұрыс жоспарлауға септігін тигізеді.
«Зейнет.кз» / «Пенсия.кз» бағдарламасы – жас ерекшелігіне қарамастан, әрбір қазақстандыққа зейнетақы жүйесінің маңызды тұстарын тереңірек түсінуге көмектеседі. Бағдарламадағы шынайы өмір көріністері – өз мүддеңізді қорғауға, сауатты шешім қабылдауға және келешектегі зейнетақыңызды дұрыс жоспарлауға жол ашады.
Сондай-ақ, бұл жобада зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен олардың болашақ зейнеткерлерге ғана емес, зейнет жасынан әлі алыс адамдарға да әсері жайлы кеңінен айтылады.