Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №36 (2025)

БЖЗҚ-ның тәжірибесі өңір елдерін қызықтыруда

Зейнетақы жүйесінің қазақстандық үлгісі мен БЖЗҚ-ның зейнетақы капиталын қалыптастыруға көмегі тиетін, заманауи әрі қолайлы құралдарды жасап, дамытудағы тәжірибесі өзге елдер мамандарының назарына жиі ілігіп жүр. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қор бірнеше халықаралық ұйымдармен, мысалы, әлемнің 150 елінен 300-ден астам ұйымды біріктіретін Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ), зейнетақы жүйелерін нығайтуға мүдделі Латын Америкасы, Еуропа және Орталық Азия елдерінің зейнетақы қауымдастықтары, басқа компаниялар мен мекемелерден тұратын Зейнетақы қорларын басқарушылардың халықаралық қауымдастығымен (FIAP) ынтымақтаса жұмыс істейді. Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, БЖЗҚ қызметкерлері өз жетістіктерімен де бөліседі.

Тәжікстан Республикасы (ТР) делегациясының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына танысу сапары зейнетақы жүйесінің қазақстандық үлгісіне деген қызығушылықтың артқанын растады. Іс-шара Дүниежүзілік Банктің қолдауымен өтті.

Делегация құрамында ТР Үкіметі жанындағы әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі (ӘСЗА), ТР Президенті жанындағы инновация және цифрлық технологиялар агенттігі (ИЦТА), ТР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы "Әлеуметтік қорғау мен экономикалық интеграцияны жаңғырту жобасын" жүзеге асыру тобының өкілдері болды. Кездесуге ҚР Ұлттық Банкі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ және Дүниежүзілік банк өкілдері қатысты.

"БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов алғы сөзінде қонақтарға Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, оның негізгі компоненттері туралы баяндады және екі ел мамандарының нәтижелі ынтымақтастығына сенім білдірді.

Өз кезегінде тәжік делегациясының басшысы – ТР ӘСЗА директоры Абдурахмон Халимзод қазақстандық әріптестеріне зейнетақы жүйесін құрудың озық тәжірибесімен және оны цифрландыру деңгейімен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты. Ол цифрлық технологияларды өмірдің барлық салаларына, әсіресе зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласына енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл қазіргі уақытта Тәжікстандағы басым стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Душанбе қаласындағы ӘСЗА басқармасының бастығы Усмонали Сироджов ТР әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы айтып берді. Қазір Тәжікстанда ерлер 63, әйелдер 58 жасында зейнетке шығады. Зейнетақы төлемдері елдегі орташа өмір сүру ұзақтығына сәйкес 180 айға (15 жыл) есептелген. Сақтандыру және Мемлекеттік зейнетақы жасына, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалады. Сақтандыру зейнетақысы сақтанушылар сақтандырылған адамдар үшін төлеген зейнетақы жарналарынан (мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысының 25%, мемлекеттік емес мекемелер 20%) тұрады. Сондай-ақ, зейнетақы әкесінен немесе анасынан айырылған 18 жасқа дейінгі балаларға төленеді.

Тәжікстандық топ Қазақстанның зейнетақы жүйесімен танысу, оның жинақтаушы компоненттеріне ерекше назар аудару, сондай-ақ еліміздің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін цифрландыру саласындағы озық тәжірибесімен танысу үшін келді.

Тәжік делегациясына Қазақстандағы әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, атап айтқанда жинақтаушы компонент туралы кешенді ақпарат ұсынылды. Зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту, жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, зейнетақы төлемдерінің түрлері сынды тақырыптар таныстырылды, зейнетақы жинақтарын инвестициялау мәселелері ашылды. Бұл ретте осы бағыттарды іске асыруда цифрландырудың рөліне, кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, БЖЗҚ және Қазақстанның жинақтаушы жүйесінің басқа да қатысушылары (уәкілетті операторлар – екінші деңгейдегі банктер, инвестициялық портфельді басқарушылар және өмірді сақтандыру компаниялары және т.б.) ұсынатын онлайн-сервистерді дамытуға ерекше назар аударылды.

Заманауи технологияларды дамытудың және ақпараттық қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтай отырып, мемлекеттік құрылымдардың дерекқорларымен тығыз ықпалдасудың арқасында БЖЗҚ халыққа көрсететін барлық қызметтер цифрландырылды. Цифрландыру Қазақстанның зейнетақы және әлеуметтік жүйесін неғұрлым ашық, ыңғайлы және икемді, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары үшін пайдаланушы тәжірибесінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Тәжікстан мен Дүниежүзілік Банктен келген БЖЗҚ қонақтары зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлу қағидатына негізделген Қазақстанның көп компонентті зейнетақы жүйесі орнықты және теңгерімді екенін және аймақ елдерінде қызығушылық туындап отырғанын ерекше атап өтті.