Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №37 (2025)

Эфирде «Зейнетақы навигаторы»: Business FM радиотолқынында және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Business FM-нің YouTube-арналарында жаңа маусым

2025 жылғы 2 қазанда «Зейнетақы навигаторы» атты аудио және бейне подкасттардың жаңа маусымы басталады. Бұл – БЖЗҚ мен еліміздегі жетекші іскерлік радиостанциялардың бірі Business FM-нің бірлескен жобасы.

Бағдарлама жүргізушілері Рустам Мақсұтов пен Ерланби Даулетияр БЖЗҚ және Ұлттық Банк сарапшыларымен бірге еліміздің зейнетақы жүйесіне қатысты ең өзекті тақырыптарды талқылап, тыңдарман мен көрерменге осы саладағы әлемдік үрдістер туралы әңгімелеп береді.

Эфирде екінші жыл

Жоба қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне қатысты қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында екінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама форматы мазмұнды сұхбаттарды, тәжірибелік кейстерді және көрнекі түсіндірмелерді қамтиды. Ол Business FM аудиториясына, яғни кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне, сондай-ақ өз зейнетақы жинақтарын тиімді қалыптастыруға және басқаруға қызығушылық танытқан барлық азаматтарға арналған.

Қандай тақырыптар талқыланады?

Тыңдармандар мен көрермендер жаһандық демографиялық трендтер, жинақтаушы компонентке көшу үрдісі, зейнетақыны ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңызы, қызметкерлерді ынталандыру жолдары, зейнетақы активтерін басқару қағидаттары, жинақтарды инвестициялық портфельдерді басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі, мультипортфельдік басқаруды енгізу мақсаттары, сондай-ақ төлем түрлері мен зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер туралы толыққанды ақпаратқа қол жеткізіп, кәсіби мамандар кеңесін тыңдай алады.

Қашан және қайдан тыңдауға және көруге болады?

«Зейнетақы навигаторы» бағдарламасы Business FM радиотолқынында бейсенбі күндері сағат 8:20-дан асқанда эфирге шығады. Эфирден кейін шығарылымдарды Business FM және БЖЗҚ-ның YouTube-арналарынан тамашалауға болады.

Business FM радиосының хабарлары Астанада – 105,4 FM, Алматыда – 89,6 FM, Шымкентте – 107,7 FM толқынында таратылады. Сондай-ақ бағдарламаны әлемнің кез келген нүктесінен онлайн режимде, БЖЗҚ-ның ресми сайтынан және арнайы тегін қосымшасы арқылы тыңдау мүмкіндігі бар. Подкасттар Google, Yandex, iTunes платформаларында да жарияланады.


Хабардар болыңыз

Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі басты жаңалықтар туралы біліп, сала мамандарынан пайдалы кеңес алу үшін «Зейнетақы навигаторын» тыңдаңыз және көріңіз.