2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлем алушыларға тікелей қатысты маңызды өзгерістер көзделген.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған барлық зейнетақы жинақтары есебінен жасалатын төлемдер, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Бірақ бұл жаңалық тек Қазақстан Республикасының резиденттеріне қатысты, бейрезиденттер үшін мұндай төлемдерге салынатын салық сақталады.
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмай, толық көлемде түседі (яғни, салықтық шегерім жасалады). Жинақтарды инвестициялаудың бүкіл кезеңі барысында алынған инвестициялық кіріске де ЖТС салынбайды. Алайда, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдерінен (БЗТ) 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС алынады (яғни, жинақтарды төлеу кезінде Салық кодексінде көзделген стандартты шегерім мөлшерінен асатын төлем сомасынан ЖТС ұсталады). Салық:
• міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
• міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ);
• ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ)
есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан жасалатын төлемдердің барлық түрлерінен жиынтық түрде есептеледі.
Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ЖТС тек жинақтарды төлеу кезінде ғана ұсталады, сондықтан қосарланған салық салу болмайды.
БЗТ-ны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану кезінде қазіргі таңда ЖТС ұсталады. Бұл ретте алушы мына екі нұсқаның бірін таңдай алады:
1. Салықты БЗТ-ны алған кезде бірден ұстап қалу;
2. Салықты зейнет жасына шыққанға дейін кейінге қалдыру.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері мен БЗТ-дан ЖТС-ты есептеу, ұстап қалу және төлеудің қолданыстағы тәртібі өзгеріссіз қалады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығы БЗТ мен зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен ұсталмайтын болады. Тек алушы Қазақстан Республикасының резиденті болмаған жағдайда салық салынады, яғни бұл өзгерістің бейрезиденттерге қатысы жоқ.
Жаңа жылдан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген берешек міндеттемелердің де күші жойылады. Алайда, алушы біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану кезінде ЖТС-ты бірден төлеген болса, оны бюджеттен қайтару көзделмеген.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Қазіргі таңда мұндай шегерімдер жалақыдан ұсталған салықты азайту үшін қолданылады.
Дегенмен, жеңілдіктердің бірқатары сақталады:
• Егер ЕЗЖ-ны жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына аударса, бұл сома қызметкердің табысы болып саналмайды және ЖТС салынбайды.
• Жұмыс беруші ЕЗЖ-ны шығынға жатқызып, корпоративтік табыс салығын азайта алады.
Осылайша, жұмыс беруші қызметкер үшін ЕЗЖ төлесе, екі жақ та – қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.
ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдері де басқа төлемдер сияқты толық көлемде ЖТС-тан босатылады.