
Ең алдымен, Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәнін түсініп алған жөн. Бұл жүйе – әр азаматтың еңбек жолында өзі үшін, қазыналы қарттығы үшін қаржы жинақтауына негізделген модель. Яғни, бүгінгі табыстың бір бөлігі ертеңгі тұрақтылықтың кепіліне айналады. Бұл – “біреу береді” деген үміттен гөрі, “өзім қамтамасыз етемін” деген саналы ұстанымға жақын.
Бұл – ең кең тараған пікірлердің бірі. Шын мәнінде, болашақтағы зейнетақы мөлшері бірнеше факторға байланысты: еңбек өтілі, аударымдардың тұрақтылығы мен көлемі, сондай-ақ инвестициялық кіріс. Егер адам ресми жұмыс істеп, тұрақты түрде жарна аударып отырса, оның жинағы да соған сай өседі.
Яғни, зейнетақының аз немесе көп болуы – тек жүйеге емес, адамның өз қаржылық тәртібіне де тікелей байланысты.
Ақиқат: еңбекке неғұрлым ерте араласып, берекелі болашағың үшін қаржы жинау тәртібін қалыптастырып, тұрақты түрде (жылына 10-12 рет) жарна аударып отырсаң –нәтиже соғұрлым жоғары болады.
Бұл пікір ішінара ғана дұрыс. Негізінде, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін белгілі бір мақсаттарға пайдалануға болады. Мысалы, зейнетақы жинағыңызды тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу үшін заңмен реттелген тәртіп бойынша қолдануға мүмкіндік бар.
Әрине, бұл белгілі бір талаптар мен әр жасқа тиесілі жеткіліктілік шегіне байланысты жүзеге асады. Бірақ “мүлде қол жетпейді” деу – қате түсінік.
Ақиқат: еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі икемді, өмірлік маңызды жағдайларда қолдау көрсетуге бағытталған.
Көп адам зейнетақы тақырыбын күрделі деп қабылдайды. Расында, қаржы құралдары мен терминдер кейде түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда ақпаратқа қол жеткізу әлдеқайда жеңілдеген.
Арнайы онлайн-сервистер арқылы әр адам өзінің жинағын, болжамды зейнетақысын, тіпті болашақ жоспарын да көре алады. Бұл – қаржылық сауаттылықты арттыруға жасалған нақты қадам.
Ақиқат: зейнетақы жүйесін түсіну үшін маман болу міндетті емес, ең бастысы – қызығушылық пен жеке жауапкершілік.
Иә, мемлекет белгілі бір деңгейде қолдау көрсетеді. Бірақ толық жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Зейнетақы жүйесі – ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Мұнда мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі бірлесе әрекет етеді.
Егер адам тек мемлекетке сеніп отырса, болашақ табысы күткендегіден әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Ақиқат: болашақта алатын лайықты зейнетақың – бүгінгі өз әрекетіңнің нәтижесі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, зейнетақы жүйесіне қатысты аңыздардың көбі – ақпараттың жеткіліксіздігінен туындайды. Осы тұста азаматтарға ақпаратты неғұрлым ресми көздерден алып, саналы түрде саралап, зердеге сап зерттеуге кеңес бергім келеді. Ал шын мәнінде, бұл жүйе – әр адамның болашағын жоспарлауға мүмкіндік беретін нақты құрал.
Зейнетақы – бүгінгі таңда қабылданатын шешімдердің ертеңгі көрінісі. Қаржылық сауаттылықты арттырып, өз жинағыңа жауапкершілікпен қарау – сенімді болашақтың алғашқы қадамы.