Logo
Мазмұнға оралу
№41 шығарылым (2026)

Табыс тарихы

Мен, Қасенова Рауза Ивановна, 1965 жылғы 1 қаңтарда Ресейдің Омбы облысы Крутин ауданының Чикишево ауылында дүниеге келдім. 

Оқуды аяқтаған соң, еңбек жолымды 1985 жылы орталық аудандық кітапхананың оқу залының меңгерушісі болып бастадым.

2000 жылы отбасыммен Петропавл қаласына көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. 

Петропавл қалалық әскери комиссариатында ҚР Қарулы Күштерінің қызметшісі болып, бірінші бөлім бастығының көмекшісі лауазымында жұмыс істей бастадым. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (ол кезде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры) зейнетақы жинақтарымның шежіресі де дәл осы жерден бастау алды. 

Көп ұзамай мемлекеттік қызметке өту туралы шешім қабылдадым. Мемлекеттік қызметтегі алғашқы тәжірибем экономика саласынан басталды. Конкурстық рәсімдерден өтіп, 2003 жылдың мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Статистика департаментінің М. Жұмабаев ауданы бойынша Статистика басқармасына маман болып орналастым. Осы саладағы 7 жылдық жұмыстан мол тәжірибе жинадым. Аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен таныстым. Статистика – нақты ғылым, сондықтан көп нәрсені жаңадан меңгеруіме тура келді. Дегенмен әріптестерім арасынан шыққан дана тәлімгерлер мен жаңаны үйренуге деген зор ұмтылысым маған үлкен демеу болды. 

2009 жылдың тамызында мемлекеттік қызмет өтілімді үзбестен мүлдем басқа – идеология саласына, «СҚО М. Жұмабаев ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі» ММ-ге бас маман болып ауыстым. Бір жылдан кейін осы мемлекеттік органның басшысы болып тағайындалып, 2016 жылдың қарашасына дейін қызмет атқардым. Атап өту керек, дәл осы идеология саласында жұмыс істей жүріп, бұл салаға қаншама құзыреттілік, білім, ең бастысы – төзімділік қажет екенін түсіндім. Бұл – 24/7 режиміндегі үздіксіз жұмыс. Тіптен үлкен жауапкершілікті сезінесің, сонымен бірге өзің де көп нәрсе аласың. Азаматтық қоғам институттарымен, саяси партиялармен, жастар, этномәдени және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау – жүйелі жұмыс. Егер ол нақты әрі жоғары деңгейде жолға қойылса, міндетті түрде өз жемісін береді. 

Ішкі саясат саласында жүргенде діни қатынастар тақырыбына ерекше басымдық бердім. Маған әртүрлі конфессия өкілдері арасында қалыптасқан қарым-қатынас стилі, діни бірлестіктер басшыларының арасындағы өзара сыйластыққа құрылған диалог өте ұнайтын. Осының барлығы мені дін саласына алып келді: 2016 жылдың соңында конкурс арқылы облыстық Дін істері басқармасына бөлім басшысы болып ауыстым. 2020 жылы осы басқарманың басшысы болып тағайындалып, зейнет жасына жеткенге дейін еңбек еттім. 

Міне, сонда ғана еліміздегі зейнетақы жүйесінің тиімділігін толық бағаладым. Жасыратыны жоқ – интернет кеңістігіндегі және таныстар арасындағы қаражаттың сақталуына қатысты түрлі пікірге байланысты қорқыныш пен күмән болды. Сондай-ақ уақытылы әрі тұрақты зейнетақы аударымдарының арқасында менде «ең төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын қаражат жиналып, оны балаларымның тұрғын үй жағдайын жақсартуға бірнеше рет аударғанымды атап өткім келеді. Ал зейнетке шыққаннан кейін БЖЗҚ-ның облыстық филиалына алмастыру коэффициентін қарастыру үшін жүгіндім. Филиал қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы, олардың кәсібилігі мен салымшыларға деген жанашырлық қарым-қатынасына дән ризамын. 

Нәтижелі еңбегім үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, ал 2025 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. 

Жастарымызға Отанымыз Қазақстан Республикасының игілігі үшін ерінбей еңбек етуді, БЖЗҚ-ға сенім артып, зейнетақы аударымдарын уақытылы жасап тұруды тілеймін. Бұл – расымен де берекелі «алтын жастың» кепілі.

Зейнеткерлік жасқа жетіп, өз зейнетақысының мөлшеріне көңілі толып, ризашылығын білдіретін салымшыларымыздың бірі – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылының тумасы Қарлығаш Сабырқызы Индауова. 

Қарлығаш Сабырқызы шопандар отбасында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекке араласып, мектеп бітірген соң комсомол жастар бригадасында құрылысшы болып еңбек жолын бастады. 

Кейіннен Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентіндегі «Қарағайлы кен байыту комбинатында» және санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығында жұмыс атқарды.

90-шы жылдары облыс орталығына қоныс аударып, жекеменшік компанияларда еңбек жолын жалғастырды. 

2024 жылы зейнеткерлікке шығу барысында еңбек кітапшасындағы мекеме мөрі оқылмай, 1998 жылға дейінгі толық еңбек өтілін растай алмай, біраз қиындық көрген екен. Қарлығаш Сабырқызы бұл жағдайда қол қусырып отырмай, еңбек өтілін дәлелдеу ушін сотқа жүгінді.

Биыл барлық құжаттарды рәсімдеп, сол жылдары бірге қызмет атқарған әріптестерін куәгер ретінде тартып, соттың оң шешімін алды. Нәтижесінде зейнетақысы 70 000 теңгеге көбейді. 

Салымшы зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуына ерекше мән беру керек, себебі олар зейнетақының базалық мөлшерлемесіне де, жинақтаушы бөлігіне де тікелей әсер ететінін атап өтті. «Жастарға осыған аса мән беру керектігін айтудан жалықпаймын», - дейді Қарлығаш Сабырқызы.