
Шахмат – стратегиялық ойлауды, тәуекелдерді бірнеше жүріс алға есептей білуді және қиындыққа тап болған жағдайда сабыр сақтауды талап ететін ойын. Дәл осы қасиеттер БЖЗҚ мамандарына күн сайын күрделі міндеттерді жедел шешуге және Қазақстанның зейнетақы жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жуырда өткен шахмат турнирі Қордың тәжірибелі шахматшыларын да, осы ойынға қызығушылығы жоғары әуесқойларды да бір алаңда біріктірді. Турнирге Орталық аппараттың түрлі департаменттері мен облыстық филиалдардың қызметкерлері қатысты. Әрбір партия тек ойыншыларды емес, жанкүйерлердің де қызығушылығын тудырып, толғаныста ұстады. Турнир онлайн форматта өткендіктен, кез келген ниет білдіруші қатысушылардың партия барысын мобильді құрылғылар арқылы онлайн режимде бақылай алды.
Ақ-қара тақталарда нағыз зияткерлік тартыс өрбіді. Мұнда ойыншылардың сабырлылығы, дәл есебі және жағдайды жылдам талдай білу қабілеті шешуші рөл атқарды. Өйткені әр партияға қосымша уақытсыз бар болғаны 15 минут берілді. Сондықтан бір қателіктің өзі өте қымбатқа түсуі мүмкін еді.

Турнир қорытындысы 2026 жылғы 9 шілдеде ресми түрде жарияланды. «БЖЗҚ» АҚ қызметкерлері арасында өткен шахмат турнирінің жеңімпазы болып Абай облыстық филиалы операциялық бөлімінің бастығы Руслан Пичитаев атанды. Екінші орынды Цифрлық трансформация департаментінің директоры Арстан Аристомбеков пен Атырау облыстық филиалы операциялық бөлімінің маманы Айбар Амандосов өзара бөлісті. Үшінші орынға Ақпараттық жүйелер департаменті WEB-қосымшалар мен сервистерді әзірлеу басқармасының бастығы Нұрлан Баякенов ие болды.
Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлер жыл қорытындысы бойынша ішкі коммуникациялар жобаларына қатысқаны үшін материалдық емес ынталандыру жүйесі аясында көтермелеуге ұсынылады. Сондай-ақ турнирдің барлық қатысушылары корпоративтік ішкі коммуникацияларды дамытуға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін атап өтіледі.
Қорда осындай зияткерлік іс-шараларды өткізу игі дәстүрге айналды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай турнирлер жұмыстағы қарбалас тірліктерден, күнделікті міндеттерден көңіл сергітіп қана қоймай, бөлімшелер арасындағы байланысты нығайтып, командалық рухты дамытуға да ықпал етеді.

