Logo
Мазмұнға оралу
№41 шығарылым (2026)

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және жаңа арнаулы салық режимдері

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты арнаулы салық режимдері (АСР) жаңартылды. Олар: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған режим. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық төлеу тәртібін ғана емес, міндетті зейнетақы жарналарының жекелеген түрлерін төлеу мәселелерін де реттейді.

Адам компанияда жұмыс істеген кезде бәрі түсінікті: оның салығын, зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыруға арналған жарналарын жұмыс беруші аударады. Алайда еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген адамдардың саны жыл санап, артып келеді. Бірі негізгі жұмысынан кейін қосымша табыс тапса, енді бірі жеке кәсіппен айналысуға толықтай көшті. Такси жүргізушілері, курьерлер, фотографтар, тырнақ әсемдеу шеберлері, репетиторлар, жаттықтырушылар – бүгінде бұлардың барлығы экономиканың маңызды бөлігін құрайды.

Сонымен бірге заңды түрде жұмыс істеу, зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және әлеуметтік әрі медициналық қорғау жүйесін пайдалану үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға күрделі рәсімдерсіз мүмкіндік беру мәселесі де туындады. Дәл осындай санаттағы қазақстандықтарды қамту үшін тиісті өзгерістер қабылданды.

Сонымен, не өзгерді? Арнаулы салық режимдерінің қандай түрлері енгізілді және олардың мөлшерлемелері қандай?

1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, оның ішінде қызметін интернет-платформаларды пайдалана отырып жүзеге асыратын азаматтарға арналған АСР

2026 жылдан бастап енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған АСР жеке кәсіпкер (ЖК) болып есептелмейтін және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға (Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар) арналған. Режим Үкімет бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.

АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың күнтізбелік бір айдағы табыс мөлшері тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 300 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс (жылына 3 600 АЕК).

Осы АСР-ді қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері алған табыстарынан міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) өз бетінше төлейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:

• МЗЖ — табыстың 1%-ы;

• ЖМЗЖ — табыстың 1%-ы.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бұл АСР-ді арнайы мобильді қосымша арқылы қолданады. Бұл ретте есепке қосымшада қалыптастырылған чектер, сондай-ақ басқа да көздерден алынған табыстар туралы мәліметтер негіз болады.

Жалпыға ортақ телекоммуникация желісі жоқ жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған АСР шеңберінде табыстар есебі өздері әзірлеген қарапайым үлгіде жүргізіледі. Онда операцияның күні, атауы, әрбір операция бойынша алынған сомалар, сондай-ақ әр күн мен айдың қорытынды сомасы көрсетіледі.

АСР қолданатын және интернет-платформалар және (немесе) платформалық жұмыспен қамтуға арналған мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың МЗЖ мен ЖМЗЖ-сын интернет-платформаның операторы ұстап қалып, аударады.

Бұл жағдайда да зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:

• МЗЖ – табыстың 1%-ы;

• ЖМЗЖ – табыстың 1%-ы.

2. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ді Қазақстан Республикасының резиденттері – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 723-бабының 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілер аталған режимді қолдана алмайды. Олардың қатарында қатысу үлесінің 25 пайыздан астамы басқа заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, арнайы экономикалық және индустриялдық аймақтардың қатысушылары және басқалар бар.

Тиісті талаптарға сәйкес келген жағдайда оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ді:

- күнтізбелік жылдағы шекті табысы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында белгіленген АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;

- қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ді қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілмеген тұлғалар қолдана алады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:

• МЗЖ – табыстың 10%-ы;

• ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%-ы, кейіннен жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5% - ға дейін жетеді.

3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР

Шаруа немесе фермер қожалықтары Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы, оның ішінде қайталама жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері болған жағдайда, ШФҚ-ға арналған АСР-ді қолдана алады.

ШФҚ үшін таңдалған АСР күнтізбелік жыл ішінде өзгертілмейді. Бұған ШФҚ қызметінің осы режимді қолдану талаптарына сәйкес келуін тоқтатқан жағдайлар жатпайды.

ШФҚ-ға арналған АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:

• МЗЖ – табыстың 10%-ы;

• ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%-ы, кейіннен жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5%-ға дейін жетеді.

ШФҚ-ға арналған АСР-ді қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы режим қолданылмайтын қызмет түрлерінен табыс алған жағдайда, олар бойынша тиісті салықтарды есептеп, төлейді және салық есептілігін мынадай режимдерде ұсынады:

1. қолдану талаптарына сәйкес келген жағдайда, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР бойынша;

2. жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен.


Айта кетейік, барлық АСР түрлері шеңберінде МЗЖ мен ЖМЗЖ табыс алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленуге тиіс.


Бір қарағанда, бұл режимдердің барлығы міндетті төлемдерді төлеудің жаңа тәртібіне ғана қатысты сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамту бүгінде сирек кездесетін құбылыс емес. Қазір барған сайын адамдар көбінесе өз бетінше жұмыс істеп, бірнеше кәсіпті қатар алып жүр, жеке ісін дамытып немесе сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып келеді. Біреулер үшін бұл – қосымша табыс, ал енді біреулер үшін – толыққанды жұмыс пен тұрақты кіріс көзі.


Ең бастысы – еңбек ету тәсілдері өзгерген сайын, оған қатысты ережелер де жаңарып келеді. Қазақстан жүйені еңбек нарығындағы бүгінгі өзгерістерге сәйкес бейімдеуде. Ал бұл миллиондаған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматқа заңды түрде жұмыс істеуге, зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға, әлеуметтік қорғау жүйесін пайдалануға және бүгінгі еңбегінің ертеңгі болашағы үшін берік негізге айналатынына сенімді болуға мүмкіндік береді.