
19 желтоқсанда «БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) Қоғамдық кеңесінің (ҚК) 32-отырысы өтті. Қоғамдық кеңес мүшелері ең алдымен Бахыт Маженованың Кеңес құрамына кіру туралы өтінішін қарады. Талқылау барысында үміткердің түрлі қаржы ұйымдарындағы мол еңбек өтілі, ірі қаржы құрылымдарындағы тәуелсіз директор ретіндегі тәжірибесі және Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін терең меңгергені атап өтілді. Нәтижесінде Б. Маженованы Қоғамдық кеңес құрамына қабылдау туралы шешім бірауыздан қабылданды.
Күн тәртібіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне зейнетақы төлемдеріне салық салу аясында енгізілген өзгерістер туралы «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін есепке алу және есептілік департаменті директорының орынбасары Әлия Тусеева баяндама жасады. Қор өкілі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болатын Салық кодексіне әлеуметтік осал санатқа жататын және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының мүддесіне қатысты өзгерістер енгізілгенін еске салды.
Атап айтқанда, бұл санаттағы азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысқа стандартты салықтық шегерімдерді қолдану құқығына ие. Яғни, БЗТ алған азаматтар БЖЗҚ-ға тиісті өтініш пен растайтын құжаттарды тапсыру арқылы жеке табыс салығын (ЖТС) қайта есептетіп, оны қайтарып ала алады. Сонымен қатар, 2021–2022 жылдары БЗТ алып, әртүрлі себептермен бұл құқықты уақытында пайдалана алмаған азаматтар үшін ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес талап қою мерзімі 3 жылдан 5 жылға ұзартылып, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленді.
Баяндамашы, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері де салық салудан босатылатынын және жеке табыс салығы ұсталмайтынын атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелеріне 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты жаңартылған арнайы салық режимдері (АСР) енгізілетіні туралы да хабарланды. Атап айтқанда: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермерлік қожалықтарға арналған АСР. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салықтарды ғана емес, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін де реттейді. Аталған жаңашылдықтар халықты әлеуметтік және жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды арттырып, зейнетақы жинақтарының қалыптасуына және еңбек өтілінің есепке алынуына оң әсерін тигізеді, сондай-ақ азаматтарды «көлеңкелі» экономикадан шығуға ынталандырады деп күтілуде.
Отырыс соңында зейнетақы жүйесін дамыту келешегі мен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мәселелері талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері зейнетақы жинақтарын ерте пайдалану болашақ зейнетақы төлемдерінің төмендеуіне алып келуі мүмкін деген пікір білдірді. Туындап отырған мәселелерді шешу зейнетақы жинақтарының стратегиялық мақсатын — еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі өмірді қамтамасыз етуді әлсіретіп, әлеуметтік шиеленістің артуына әкелуі ықтимал екенін атады. Осыған байланысты алдағы отырыстардың бірінде зейнетақы жинақтарын баламалы пайдалану статистикасын, оның жалпы зейнетақы активтерінің көлеміне (алынбаған инвестициялық табысты ескере отырып), сондай-ақ салымшылардың жинақтарына әсерін жан-жақты талдау ұсынылды.
Талқылау барысында бұрын Қоғамдық кеңеске ұсынылған сарапшылар ұсыныстарының қаралу мәртебесі туралы мәселе көтерілді. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданып жатқаны айтылды: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инвестициялау тәсілдерін қайта қарап, инвестициялық құралдар аясын кеңейтуде. Ал мемлекеттік және шартты-жинақтаушы зейнетақы құрамдастарын жетілдіру, сондай-ақ халықты, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен кеңінен қамтуға бағытталған ұсыныстар әлі де талқылау сатысында.
«БЖЗҚ» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысына қатысты материалдармен enpf.kz сайтындағы «Қоғамдық кеңес» — Хаттамалар мен таныстырылымдар бөлімінде толығырақ танысуға болады.
