Біз салымшыларымыздың өз зейнетақы жинақтарын қалай қалыптастырып, көбейткені туралы кеңестерімен бөлісетін жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз

Мен, Кубашева Ғалияш Жүсіпқызы, 1981 жылы Ақтөбе облысындағы Новоалексеев орта мектебін аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түстім. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған мектебіме оралып, 2004 жылға дейін тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Кейін ұстаздық қызметімді Ақтөбе қаласындағы колледжде жалғастырдым.
Зейнетке шыққан сәтімде жалпы еңбек өтілім 37 жылды құрады. Оның ішінде 16 жылы – 1998 жылға дейінгі кезең. Ай сайын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты түрде жарна аударып отырғанымның арқасында зейнетақым ең жоғарғы деңгейге жетті.
Баршаңызды зейнетақы жарнасын БЖЗҚ-ға ай сайын тұрақты түрде аударып, қазыналы қарттығыңыз үшін қомақты қор жинауға шақырамын.

Мен, Калходжаев Тулжан, 1957 жылдың 15 сәуірінде дүние есігін аштым. 1974 жылы Арыс қаласындағы Ә. Жангелдин атындағы №369 орта мектепті аяқтадым. Екі жылдан соң 6 айлық жүргізушілік курсты тәмамдап, еңбек жолымды автобазада бастадым. Бір жылға жуық сонда қызмет атқарып, кейін Арыс қаласындағы «Қазсовхоз-Техника» мекемесіне жұмысқа орналастым. Арада төрт жыл өткенде Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің тарих факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітірдім. Содан бері тағдырымды ұстаздықпен байланыстырдым. Жалпы 44 жылдық еңбек жолымның 36 жылын ұстаздыққа арнадым. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген алғашқы жылдан-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналарды уақытылы аударып, жеке шотымдағы түсімдерді мұқият қадағалап отырдым.
2020 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бұл жылдары өмір маған сынақ та әкелді – жұбайым науқастанып, денсаулығым сыр берді. Ем-домға қомақты қаражат қажет болды.
Әрқашан спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық істерге белсене араласатынмын. Зейнеткер атанған соң Түркістан қаласындағы қарттарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына тұрақты барып жүрмін. Онда спортпен айналысып, түрлі сауықтыру шараларына қатысамын.
Бір күні осы орталыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Түркістан облыстық филиалының мамандары келіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді. Сол жерде зейнеткерлердің орташа кірісті алмастыру коэффициентіне сәйкес жинақтардың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі бар екені сөз болды. Сол арқылы өз жинақтарымды емделу ақысын төлеуге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алатынымды білдім. Нәтижесінде жұбайымның және өзімнің емделу шығындарымды өтеп, қарындасыма да тұрғын үй алуға көмектестім.
БЖЗҚ қызметкерлерінің кәсіби кеңесі мен сапалы қызметінің арқасында өз жинағымды тиімді пайдаланып, үлкен көмек алдым. Бүгінде лайықты зейнетақы аламын, еңбегімнің жемісін көріп отырмын.
Жас буынға, немерелеріме айтарым: қаржылық тұрғыдан сауатты болыңдар, зейнетақы жарналарыңның уақытылы түсуін қадағалап жүріңдер. Ақша құнсызданып кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – болашақ зейнетақыларың тұрақты әрі лайықты болсын десеңдер, бүгіннен бастап қадам жасағандарың жөн.

Мен, Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаева, 1956 жылдың 23 шілдесінде Түркістан облысы Бабайқорған елді мекенінде дүниеге келдім.
Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанғаныма да біраз уақыт болды. Еңбек жолымды 1980 жылы Түркістан педагогикалық колледжінде бастап, 20 жылға жуық осы оқу орнында жемісті қызмет еттім. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген сәттен бастап жарналарымды қорға тұрақты түрде аударып отыруды әдетке айналдырдым.
2000 жылдан бастап Түркістан қалалық Мәдениет үйінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқардым. Бұл салада 2014 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет атқарып, бар күш-жігерімді туған қаламның мәдени өркендеуіне арнадым. Жалпы еңбек өтілім 40 жылға жуықтады.
Жинақталған зейнетақы қаражатымның бір бөлігіне көптен армандап жүрген пәтерімді алдым. Ол күнгі қуанышым мен сезімім әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Халқымыздың «Бейнет түбі – зейнет» деген нақылының ақиқатын сол сәтте шын мәнінде сезіндім.
Қорытындылай келе, жастарға айтарым: еңбек етіп, міндетті зейнетақы жарналарын үзбей аударып отырыңыздар. Бұл – болашақта жоғары әрі лайықты зейнетақы алудың кепілі. Қаржылық сауаттылық – әрбір жастың серігі болуы тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының болашағына сенемін. Өйткені зейнетақы жинағымды рәсімдеуге барған кезімде Қор қызметкерлері маған әрдайым жоғары деңгейде, сапалы қызмет көрсетті. Зейнетке шыққаныма он екі жылдан асса да, БЖЗҚ-ға деген сенімім әлі де берік.