Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №38 (2025)

Зейнетақы жүйесінің эволюциясы: Қазақстанның таңдауы және болашағы

Қазақстанның зейнетақы жүйесі соңғы ширек ғасырда терең трансформациядан өтті. 1998 жылы енгізілген жинақтаушы модель еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындаған маңызды реформалардың бірі болды. Уақыт өте бұл жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, әлемдік тәжірибеге сай тұрақты және жауапты механизмге айналды. Бүгінде зейнетақы саласы жаңа кезеңге қадам басып отыр — цифрландыру, инвестициялық тиімділік және азаматтардың қаржылық жауапкершілігі басты назарда. Осы тақырып төңірегінде «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Асқарқызы Егеубаева «Бизнес FM» радиосына берген сұхбатында жүйенің қазіргі ахуалы мен болашағы туралы кеңінен әңгімеледі.

Жинақтаушы жүйе — уақыт сынынан өтетін таңдау

1998 жыл — Қазақстанның әлеуметтік тарихындағы бетбұрыс кезеңдердің бірі. Дәл осы жылы еліміз зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалап, жинақтаушы модельге көшті.

Бұл шешімнің астарында уақыттың талабына сай, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына бағытталған терең стратегиялық ой жатқан еді.

«Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты ерекшелігі — әр адамның өз болашағы үшін өзі жауап беруінде», — дейді Сәуле Асқарқызы.

«Егер бұрынғы тарату жүйесінде жұмыс істеп жүрген азаматтардың аударымдары зейнеткерлерге төленсе, жаңа жүйеде әрбір адам өз шотына жарна жинайды. Бұл модель демографиялық өзгерістерге тәуелді емес, әрі әркімге жеке қаржылық еркіндік береді».

Тарату жүйесінің шегі және жаңа қажеттілік

Кеңес дәуірінде тарату жүйесі мінсіз жұмыс істеді. Себебі бір зейнеткерге сегіз жұмысшыдан келетін.

«Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген тұста бұл арақатынас үш зейнеткерге бір жұмысшы деңгейіне дейін төмендеді. Бұл — жүйенің тұрақсыз екенін көрсететін белгі», — дейді Сәуле Егеубаева.

Демографиялық процестердің өзгеруі, туу көрсеткішінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының артуы — әлемдік зейнетақы жүйелерін қайта құруға мәжбүр етті.

Сол себепті көптеген елдер ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жинақтаушы жүйеге көшті.

«1999 жылы мұндай жүйе тек 17 елде болса, бүгінде олардың саны 50-ден асты. Демек, Қазақстан бұл қадамды уақытында және дұрыс жасады», — дейді спикер.


Халықаралық мойындау және бағалау

«Халықаралық сарапшылар да Қазақстанның зейнетақы жүйесіне өзіндік бағасын берді. Солардың бірі — MCGPI жаһандық зейнетақы рейтингі (Mercer CFA Global Pension Index). Бұл — әлем елдерінің зейнетақы жүйелерін зерттейтін CFA институты мен австралиялық зерттеу компаниясының бірлескен ғылыми жобасы.

Олар әлемдегі зейнетақы жүйелерін бағалаудың 50-ден астам көрсеткішін қамтитын арнайы әдістеме әзірледі. Бұл индекс 2009 жылдан бастап жарияланып келеді, ал Қазақстан оған тұңғш рет 2023 жылы енгізілді. Бұл рейтинг бойынша зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын, реттеуші негіздерін және жеткіліктілігін сипаттайтын үш негізгі топтағы көрсеткіштер бағаланады.

Тұрақтылық тұрғысынан алғанда Қазақстанның зейнетақы жүйесі айтарлықтай жоғары баға алды. Біз 48 елдің ішінде 8-орындамыз, бұл жетістікке әрине демографиялық көрсеткіштеріміз бен жүйеге қатысуға қатысты заңнамалық жағдайларымыз үлкен үлес қосты.

Ал зейнетақы нарығын басқару мен қадағалау сапасы тұрғысынан 48 елдің ішінде 16-орынды иелендік.

Үшінші — жеткіліктілік деңгейі бойынша 48 елдің ішінде 41-орындамыз. Бұл көрсеткіш зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне, зейнетақы мен елдегі орташа айлық жалақының арақатынасына және басқа да төлемдерге қатысты параметрлерге байланысты бағаланды. Әрине бұл тұрғыда біздің көрсеткіштеріміз аса жоғары деңгейде емес.

Алайда үш бағыттың жалпы орташа бағасы бойынша Қазақстан 48 елдің ішінде 24-орынға жайғасты. Мұндай рейтингтердің артықшылығы — әрбір көрсеткіш бойынша әр елдің нақты жағдайын көруге мүмкіндік береді.

Осы рейтингтерді талдай отырып, отандық зейнетақы жүйесінің қазіргі уақытта тап болып отырған барлық проблемалары әлемнің көптеген елдері үшін де өзекті екенін көреміз. Бұған зейнетақы жүйесінің қамту ауқымы, инвестициялық кірістілік, еңбек нарығының трансформациясы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жүйеге тарту мәселелері жатады».

Инвестициялық кіріс және жауапты басқару

Жинақтаушы жүйенің табыстылығы тікелей инвестициялық кіріске байланысты.

Қазіргі таңда зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі AAA-дан BBB-ге дейінгі халықаралық рейтингке ие сенімді қаржы құралдарына салынған.

«Біздің салымшыларға әрдайым айтарымыз: зейнетақы активтерінің нәтижесін ұзақ мерзімде қарау қажет. Себебі бұл қысқа емес, өмірлік инвестиция», — дейді Сәуле Егеубаева.

Зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады, бірақ салымшылардың өз жинақтарының 50%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) тапсыру мүмкіндігі бар.

Қазір ИПБ-лардың кірістілігі жылына 14–17% аралығында.

«Шамамен 45 мың салымшы бұл мүмкіндікті пайдаланды. Бұл бағытта қызығушылық артып келеді», — дейді білікті маман.


Біржолғы төлемдер және жауапты шешім қабылдау

Соңғы уақытта қоғамда біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мәселесі жиі талқыланып жүр. Бұл бағытта да Қордың ұстанымы айқын:

«Зейнетақы жинақтарының басты мақсаты – зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сапасын қамтамасыз ету. Сондықтан жинақтардың бір бөлігін шешіп алмас бұрын, оның болашаққа тигізетін әсерін мұқият бағдарлау керек», - дейді Сәуле Асқарқызы.

Оның айтуынша, кей азаматтар бірнеше жыл бұрын жинақтарын тұрғын үй алуға жұмсаған, ал қазір зейнетақы төлемдері олардың өмір сүру деңгейін қалыпты деңгейде сақтауға жетпей отыр.

«Сондықтан біз азаматтарға БЖЗҚ ұсынған зейнетақы калькуляторын пайдаланып, шешімнің салдарын алдын ала бағалауға кеңес береміз», — деді ол.


«Жас зейнеткер» феномені және ерте қамдану мәдениеті

Сұхбат барысында Сәуле Егеубаева батыс елдерінде кең тараған «жас зейнеткер» ұғымына да тоқталды.

Бұл – адамның жас кезінде инвестиция жасап, капитал жинап, өз еркімен ерте зейнетке шығу мәдениеті.

«Біздің жүйеде де мұндай мүмкіндік бар. Егер адамның жинағы жеткілікті болса, ол 45 жастан бастап зейнетақы аннуитетін сатып алып, 55 жастан тұрақты төлем ала алады. Бұл – өз болашағыңды ертерек жоспарлаудың ең тиімді тәсілі», — дейді Сәуле Асқарқызы.


2026 жылдан бастап – салықтық жеңілдіктер

Келесі жылдан бастап зейнетақы жүйесінде маңызды өзгерістер күтілуде.

1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сай зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығын ұстау тоқтатылады.

«Бұл – азаматтар үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қадам», — дейді Сәуле Егеубаева.

«Енді зейнетақы жарналары енгізу кезінде де, алу кезінде де салықтан босатылады. Бұл азаматтардың нақты қолындағы қаражатын арттырады».


Қорытынды

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі — тұрақтылық пен жеке жауапкершілікке негізделген ұзақмерзімді модель. Демографиялық, экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайында бұл жүйенің бейімделу қабілеті де жоғары болмақ.

БЖЗҚ қоғаммен ашық диалог орнатып, салымшылардың сенімін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

«Зейнетақы — тек қазыналы қарттықтың емес, қаржылық еркіндіктің капиталы. Қаржылық сауаттылық пен алдағы күнге сенімді жоспар — бүгіннен басталады», - дейді Сәуле Асқарқызы.


Бағдарламаның толық нұсқасын Business FM және БЖЗҚ-ның YouTube арналарынан көруге болады.