Бекітілген республикалық бюджетке сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай базалық шамалар белгіленді:
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4325 теңге;
ең төменгі зейнетақы - 69 049 теңге;
ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге;
күнкөріс деңгейі (КД) – 50 851 теңге.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылды.
Бұрын қалай болды?
Бұрын БЖЗҚ-дан берілетін барлық зейнетақы төлемдері, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері де, табыс ретінде қарастырылып, төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұсталатын. Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынбай тұрып аударылып, жеке табыс салығы төлем жасау кезінде ұсталатын. Бұл ретте түзету сомалары мен салықтық шегерімдер ескерілді.
Тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ЖТС ұсталатын. Алушы өз қалауы бойынша салықты төлем алған кезінде бірден немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып, төлемдер кестесіне сәйкес төлеу тәсілін таңдай алатын.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қалай болады?
Қазақстан Республикасының резиденттері үшін зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды. ЖТС тек Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаларға берілетін зейнетақы төлемдерінен ғана ұсталады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС төлеу міндеттемелері жойылады, алайда бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.
Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысқа қатысты тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 882 еселенген мөлшері шегінде салықтық шегерім қолдану құқығына ие. Бұл санатқа I, II немесе III топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың немесе қорғаншылардың бірі, жетім балаларды асырап алған (қамқорлығына алған) ата-аналардың бірі, әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер және өзге де тұлғалар жатады. Аталған тұлғалардың толық тізбесі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген. Егер осы санатқа жататын алушылар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС-ты бірден төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгініп, жаңа Салық кодексіне сәйкес ЖТС-ты қайта есептеп, қайтару мәселесін БЗТ алынған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыра алады.
Тағы қандай өзгерістер бар?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бұрын бұл шегерімдер Салық кодексінде белгіленген мөлшерде төлем көзінен салық салынатын табысқа қолданылатын.
Бұл ретте жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға өз қызметкерінің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның (қызметкердің) табысы болып есептелмейді. Тиісінше, оған ЖТС салынбайды. Ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатады.
Яғни, бұл жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР)(1) енгізілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР, оңайлатылған декларация негізінде АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін АСР. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық қана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттеп, мынадай мақсаттарға бағытталған:
• өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын бизнесті белсенді тарту есебінен зейнетақы және әлеуметтік жүйемен қамтуды кеңейту;
• Қазақстанның миллиондаған азаматтары үшін бизнес жүргізуді жеңілдету;
• мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру.
2026 жылдан бастап енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР жеке кәсіпкерлер (ЖК) болып табылмайтын және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға (Қазақстан азаматтары, қандастар) арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР ҚР Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.
Осы АСР-ды қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) алған табыстарынан өздері төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі:
• МЗЖ – табысының 1%,
• ЖМЗЖ – табысының 1%.
АСР қолданатын және қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын(2) өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы(3) ұстап, аударатын болады.
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР
Аталған АСР үшін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:
• МЗЖ – табыстың 10%
• ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%, содан кейін жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5%-ға дейін көтеріледі.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР
Қазақстан аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтары берілген (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері бар шаруа немесе фермер қожалықтары ШФҚ үшін АСР қолдануға құқылы.
Шаруа қожалығының қызметі АСР-ды қолдану шарттарына сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, шаруа қожалығы үшін таңдалған АСР-ды күнтізбелік жыл ішінде өзгертуге рұқсат жоқ.
ШФҚ үшін АСР зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі:
• МЗЖ – табыстың 10%
• ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%, содан кейін жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5% - ға дейін көтеріледі.
АСР шеңберінде МЗЖ, ЖМЗЖ төлеу табыс алынған айдан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысынан 3,5% дейін ұлғайтылды (ЖМЗЖ мөлшері жыл сайын кезең-кезеңмен өсуде - 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылы – 5%).
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс берушілер зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатыса бастады. Олар БЖЗҚ-ға 1975 жылы және одан кейін туған барлық жұмыскерлерінің пайдасына жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдас бөлікпен толықтырылды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы – ЖМЗЖ жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен аударылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік өлшемдердің жыл сайын арттырылуы мен төлемдердің индекстелуіне сәйкес, БЖЗҚ-дан жинақтаушы зейнетақысын алып жүрген азаматтардың зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту жалғасын тауып, 5 пайызға өсті.
Өздеріңіз білетіндей, әрбір салымшының жинақтаушы зейнетақысы оның зейнетақы жарналары мен оларға түскенинвестициялық кіріс есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты. Салымшы зейнеткерлік жасқа толған немесе Әлеуметтік кодексте көзделген өзге де жағдайларға сәйкес БЖЗҚ-дан тұрақты төлемдер ала бастайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) қызметінің тиімділігін кірістілік пен тәуекел деңгейіне қарай объективті бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Ki композиттік индекстері негізіндегі бағалау жүйесі енгізілді.
Композиттік индекс — ұлттық және әлемдік қор нарықтарының индекстерін қамтитын бенчмарк түрі. Ол жаһандық экономикалық үрдістерді, сондай-ақ капитал нарықтарындағы ахуалды ескере отырып, ИПБ жұмысының нәтижелерін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Осы индекстердің динамикасын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері (ЗА) портфелінің табыстылығымен салыстыру арқылы басқарушы компанияның нарықтық конъюнктураға қаншалықты сәйкес әрекет ететінін — нарықтан оза ма, әлде кейін қала ма — анықтауға болады. Бенчмарк жеке басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін салыстыру және тиімділігін бағалау үшін қолданылатын эталондық көрсеткіш немесе бағдар болып табылады.
Сонымен қатар басқарушы компаниялар үшін тәуекел мен табыстылық деңгейі, инвестициялау мерзімі бойынша бір-бірінен ерекшеленетін инвестициялық стратегияларды ұсыну мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл салымшыларға өзіне қолайлы инвестициялық профильді өз қалауы мен игере алатын тәуекел деңгейін ескере отырып, дербес таңдауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін әртүрлі инвестициялық стратегиялары бар түрлі басқарушылардың басқаруына беру арқылы оларды әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялауға қолжетімді қаржы құралдарының тізбесі кеңейтіліп, әрбір инвестициялық стратегияның ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті инвестициялау лимиттері белгіленді. Бұл басқарушы компанияларға портфельді әртараптандыру және инвестициялық тәуекелдерді төмендету мүмкіндіктерін ауқымды ете түсті.
Басқарушы компаниялар үшін зейнетақы активтерін Ұлттық банктің басқаруына ерікті негізде қайтару мүмкіндігі де көзделген.
Қабылданған шаралар зейнетақы активтерінің ұзақмерзімді табыстылығының артуына, басқарудағы ашықтық пен икемділіктің күшеюіне, сондай-ақ жеке басқарушылар арасында бәсекелестік ортаның қалыптасуына жағдай туғызады деп күтілуде. Нәтижесінде зейнетақы активтерін анағұрлым тиімді инвестициялауға ықпал етуі тиіс.
(1) Қазақстан Республикасының "Салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2025 жылғы 18 шілдедегі № 215-VІІІ Заңына сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап.
(2) ҚР Әлеуметтік кодексінің 102-1-бабына сәйкес
(3) интернет-платформа операторы (оператор) - интернет-платформаны пайдалана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), Ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, байланыс орнату және қызмет көрсету бойынша мәмілелер жасау үшін ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөнінде қызметтер көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға интернет-платформада