Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №39 (2026)

«Ұлттық қор – балаларға»: қаражатты пайдалану мүмкіндіктері, кезекті аударымдар және бағдарламаны іске асыру нәтижелері

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі ең маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарлама болашақ ұрпақ үшін жинақ қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Жыл сайынғы аударымдар мен инвестициялық табыстың есебінен қаражат көлемі біртіндеп ұлғайып, әрбір бала үшін бастапқы капитал қалыптастырылады.

Жинақ қалай қалыптасады?

Жыл сайын бағдарламаның кәмелетке толмаған қатысушыларының БЖЗҚ-дағы шоттарына Ұлттық қордан нысаналы талаптар түрінде қаражат есептеледі. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес есепті жылдан алдыңғы 18 жылдағы Ұлттық қордың орташа инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін, 2006 жылы және одан кейін туған балалар арасында, олар 18 жасқа толғанға дейін тең бөлінеді.

Бағдарламаға қатысушылардың саны туралы ақпарат «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының (ЖТ МДҚ) деректері негізінде алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қалыптастырылады.

Нысаналы талаптар Ұлттық қордың құрамында қалып, әрі қарай инвестициялануын жалғастырады. Соның нәтижесінде бағдарламаны іске асырудың екінші жылынан бастап балаларға қосымша инвестициялық кіріс есептеледі.

Азамат 18 жасқа толған жылы оның нысаналы талаптары нысаналы жинақтар (НЖ) мәртебесін алады. Бұл қаражат АҚШ долларындағы ақшалай баламада БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) аударылады. Кәмелетке толғаннан кейін алушы бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алу ақысын төлеуге пайдалана алады.

Балаларды есепке алудың дұрыстығы мен толықтығы

Бағдарламаға қатысатын балалардың толық тізімін қалыптастыру кезінде БЖЗҚ цифрлық жүйелердің интеграциясы арқылы ЖТ МДҚ-дан алынған:

 • Қазақстан Республикасының азаматтығын туғаннан алған балалар туралы;

 • ҚР азаматтығын туғаннан кейін қабылдаған балалар туралы және азаматтық алған күні туралы;

 • ҚР азаматтығынан шыққан немесе айырылған балалар туралы;

 • қайтыс болған балалар туралы (қайтыс болған күні немесе соттың қайтыс болды деп жариялаған шешімі заңды күшіне енген күні көрсетіледі);

 • ЖТ МДҚ-дағы балаларға қатысты өзге де деректердің жаңартылуы туралы мәліметтерді ескереді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қатысушылар санын анықтау кезінде бұрын тізімге кірмей қалған балалар да есепке алынды. Мұндай жағдайлар көбінесе ЖТ МДҚ-да мәліметтердің болмауы немесе қате болуы себепті туындаған. Оларға өткізіп алған барлық кезең үшін қаражат толық көлемде, соның ішінде инвестициялық табыспен бірге есептелді.

2026 жылғы есептеулер

2025 жылдың қорытындысы бойынша 6 918 656 қазақстандық бала кезекті аударымды алды. Бір балаға есептелген сома 130,71 АҚШ долларын құрады. 2024 жыл үшін – әр балаға 129,38 АҚШ доллары, 2023 жыл үшін – 100,52 АҚШ доллары есептелді.

Бағдарламаға бірнеше жыл қатарынан қатысқан балалар бұрын есептелген қаражаттың инвестициялануы нәтижесінде қосымша табыс алады. Бағдарламаға 3 жыл қатысқан балаларға – өткен екі жыл үшін 9,95 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. 2 жыл қатысқан балаларға – 3,84 АҚШ доллары есептелді. Нәтижесінде бір балаға шаққандағы жинақтардың жалпы көлемі:

 • 370,56 АҚШ доллары – бағдарламаға үшінші жыл қатысатын балалар үшін;

 • 263,93 АҚШ доллары – екінші жыл қатысатын балалар үшін;

 • 130,71 АҚШ доллары – 2025 жылы бағдарламаға алғаш рет қосылған балалар үшін.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері барлық балаларға Ұлттық қордан есептелген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақпаратқа қол жеткізу

18 жасқа толмаған балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты баланың ЖСН-ы бойынша kids.enpf.kz сайтында, eGov mobile мобильді қосымшасында, сондай-ақ кейбір екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларында тексере алады.

Кәмелетке толған қатысушылар өз қаражаты туралы ақпаратты enpf.kz сайты, БЖЗҚ және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы алады.


Қаражатты қалай пайдалануға болады?

2026 жылы 356 613 қазақстандық азамат 18 жасқа толады, сондықтан олар өз жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

18 жасқа толғаннан кейін бағдарлама қатысушылары жинақталған қаражаттың болашағын өз бетінше анықтай алады:

• тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттау;

• білім алу ақысын төлеу;

• зейнетақы жинағы ретінде сақтап қалу.

Кәмелетке толған азаматтар өздерінің нысаналы жинақтары туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның интернет-ресурсындағы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы ала алады. Жинақтарды пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда жастар уәкілетті оператор-банкке жүгініп, АҚШ долларындағы банктік шот ашып, онлайн өтініш беруі тиіс. Қазіргі уақытта өтінішті келесі уәкілетті банктердің интернет-ресурстары немесе мобильді қосымшалары арқылы беруге болады:

• «Отбасы банк» АҚ – тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алу;

• «Қазақстан Халық банкі» АҚ – білім алу;

• «Банк ЦентрКредит» АҚ – білім алу.

Нысаналы жинақ алушы қаражатты толық немесе ішінара пайдалана алады. Пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақтау шотында сақталады.

Егер қаражат пайдаланылмаса, бағдарлама қатысушысы 18 жасқа толғаннан кейінгі тағы 10 жыл көлемінде бұл қаражат БЖЗҚ-да сақталып, одан соң ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады.


2026 жылғы 1 наурыздағы төлемдер статистикасы

2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 2026 жылғы 1 наурызға дейін 41,84 млн АҚШ долларынан астам сомаға 252 842 өтініш орындалды. Бұл қаражат уәкілетті операторларға аударылып, кейін өтініш берушілердің банктік шоттарына түсті. Соның ішінде:

• 158 774 өтініш – шамамен 26,35 млн АҚШ доллары, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында;

• 94 068 өтініш – 15,49 млн АҚШ доллары, білім алу ақысын төлеу мақсатында жұмсалды.

Кәмелетке толмаған қатысушылар, нысаналы талаптар, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үй мен білім алуға пайдалану туралы толық статистиканы enpf.kz сайтынан көруге болады.

Бағдарлама шарттары, нұсқаулықтар және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар kids.enpf.kz сайтында қолжетімді. Сонымен қатар тақырып бойынша бейнетүсіндірмелер мен нұсқаулықтарды БЖЗҚ-ның YouTube арнасынан көруге болады.

«БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсіндірмесі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша «Сұрақ-жауап» бейнетүсіндірмесі «Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нұсқаулық