
Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын жай ғана жинақ емес, басқаруға болатын жеке капитал ретінде қарастыра бастады. Салымшылардың өз болашағы үшін жауапкершілігі мен оны қалыптастыру және көбейту мүмкіндіктері туралы түсінігі нығайып келеді.
Әлемдік нарықтардағы құбылмалылық, кірістілік пен портфельді әртараптандыру төңірегіндегі пікірталастар, сондай-ақ халықтың инвестицияға деген қызығушылығының артуы аясында зейнетақы капиталын басқару мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Зейнетақы жинақтарының философиясы қалай өзгеріп жатқаны, бүгінгі таңда отандастарымызға қандай мүмкіндіктер ұсынылатыны және зейнетақы болашағын қалыптастыруға салымшының саналы түрде қатысуы неліктен маңызды екені туралы «БЖЗҚ» АҚ инвестициялық портфельді талдау басқармасының бастығы Ляззат Әмірғалиева баяндап берді.
– Бұл қызығушылық – заңды құбылыс. Зейнетақы жүйесі салымшы пассивті рөл атқаратын модельден адамның өзінің ұзақ мерзімді жинақтарын саналы түрде басқаруына негізделген жүйеге ауысып келеді.
2021 жылдан бастап отандастарымызға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі берілді. Ал 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшыларға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 50%-ына дейін, ал ерікті жарналардың 100%-ына дейін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай аударуға мүмкіндік берілді.
ИПБ – активтерді, соның ішінде БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарының бір бөлігін табыс табу мақсатында сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын лицензияланған қаржы ұйымы.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ИПБ-ларға қатаң талаптар қояды: тиісті лицензияның болуы, активтерді басқарудағы тәжірибесі, соңғы жылдардағы оң қаржылық нәтижелері, жеткілікті меншікті капиталы және т.б. Мұндай ұйымдар уәкілетті органның тізіліміне енгізіледі. Сонымен қатар, олар БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару туралы шарт жасасып, кастодиан-банкпен үшжақты келісімге отыруы тиіс.
Қазіргі уақытта талаптарға сай келетін және лицензиясы бар 5 ИПБ жұмыс істейді: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ.
Айта кету керек, «Halyk Global Markets» АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шартты тоқтататынын хабарлады. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ бұл компанияға жаңа аударымдарға өтінім қабылдамайды.
Маңыздысы – ИПБ-ға зейнетақы қаражатын аударушының аты-жөні көрсетілмейді, ал жинақтардың есебі бұрынғыдай БЖЗҚ-да жүргізіледі.
– Қызығушылық біртіндеп артып келеді. 2021 жылдан бері 2026 жылғы 1 ақпанға дейін 117 мыңнан астам өтініш орындалып, 121 млрд теңгеден астам қаражат аударылды.
Әсіресе міндетті жарналардың 50%-ына дейін аудару мүмкіндігі пайда болғаннан кейін белсенділік артты. Ең белсенді өңірлер – Алматы мен Астана қалалары. Сондай-ақ Ақтөбе және Атырау облыстарының тұрғындары да жоғары белсенділік танытуда.
– Салымшы жеке бағалы қағаздарды таңдауға тікелей қатыспайды, алайда ол басқарушы компанияны және сол арқылы инвестициялау критерийін таңдай алады, оның шеңберінде ИПБ инвестициялық портфельді, яғни зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясын қалыптастырады. Зейнетақы активтерін басқарушылардың (Ұлттық Банк және ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиялары бар және инвестициялық декларация шеңберінде инвестициялық портфельдің құрылымын дербес айқындайды. Салымшы қаражатын ИПБ-ға аудару туралы шешім қабылдамас бұрын, онымен БЖЗҚ сайтында алдын ала танысып, ИПБ қандай құралдарға инвестиция салатынын түсіне алады.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап салымшылар азаматтар үшін рұқсат етілген тәуекел деңгейін және зейнеткерлік жасқа жақындау мерзімдері бойынша белгіленген шектеулерді ескере отырып, белгілі бір ИПБ ұсынатын үш стратегияның бірін таңдай алатынын атап өткен жөн. Стратегияны таңдау салымшының тәуекелге дайындығы мен зейнетке шыққанға дейінгі мерзіміне байланысты. Зейнеткерлік жасқа дейінгі уақыт неғұрлым көп болса, инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі соғұрлым тиімді болады. Егер зейнеткерлікке дейін аз уақыт қалса, онда сіз зейнетақы активтерін басқаруда консервативті тәсілді ғана таңдай аласыз.
Бұл ретте әрбір ИПБ, активтерді бұрынғыдай – таңдалған бір инвестициялық стратегия шеңберінде басқарады, яғни ИПБ салымшыға стратегиялардың 3 нұсқасын ұсына алмайды. Әрбір портфель белгілі бір тәуекел деңгейі мен ықтимал кірістілікке қарай қалыптастырылады — бірқалыпты табысы бар консервативті нұсқадан бастап, табыстылығы жоғары, бірақ құбылмалылық деңгейі жоғарырақ болатын портфельдерге дейін (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі кеңейтіліп, тәуекелдер бойынша жаңа нормативтер белгіленді).
ИПБ қызметінің нәтижелілігін бағалау үшін композиттік индекстер қолданылады. Бұл индекстер бенчмарк ретінде қызмет етеді және олардың құрамына әлемдегі жетекші қаржы компаниялары әзірлеп, қадағалап отыратын индекстер, мысалы MSCI мен Bloomberg, сондай-ақ Қазақстан қор биржасы индекстері кіреді. Олардың үлес салмағы инвестициялық стратегияға байланысты әртүрлі болады.
Мұндай тәсіл басқару нәтижелерін нарықтағы жалпы өзгерістермен салыстыруға және әлемдік экономикалық үрдістерді ескеруге мүмкіндік береді.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру – халық үшін инвестициялау тәжірибесін жинақтауға, инвестициялық стратегияны таңдауға қатысуға және сол арқылы өз зейнетақы активтерін басқаруға ықпал етуге мүмкіндік беретін тиімді жол.
– Жоғарыда айтылғандай, инвестициялық стратегиялар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленеді. ИПБ инвестициялық портфельдерді зейнеткерлікке шығуға дейінгі қалған мерзімге және кірістіліктің рұқсат етілген ауытқу деңгейіне қарай мынадай өлшемшарттар негізінде қалыптастырады:
1. Кi (12) – зейнеткерлікке шығу мерзіміне қарамастан барлық салымшыларға арналған портфель. Ең төменгі табыстылық 12 ай қорытындысы бойынша анықталады және тиісті композиттік индекстің номиналды табыстылығының кемінде 95%-ын құрауы тиіс.
2. Кi (36) – зейнеткерлікке шығуға кемінде 3 жыл қалған салымшыларға арналған. Ең төменгі табыстылық 36 ай қорытындысы бойынша есептеледі және композиттік индекстің номиналды табыстылығының 90%-ынан төмен болмауы тиіс.
3. Кi (60) – ұзақ мерзімді инвестициялық көкжиегі бар (зейнеткерлікке шығуға 13 жылдан астам уақыт қалған) салымшыларға арналған. Ең төменгі табыстылық 60 ай қорытындысы бойынша анықталады және композиттік индекстің номиналды табыстылығының 85%-ынан төмен болмауы тиіс.
2026 жылы ИПБ-лар өздерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру критерийлерін таңдап, бұл туралы БЖЗҚ-ға хабарлады: "Halyk Global Markets" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Halyk Finance" АҚ салымшылардың зейнеткерлікке шығу мерзіміне қарамастан зейнетақы активтерінен тұратын инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийін таңдады. Мұндай портфельдер бойынша табыстылықтың ең төменгі деңгейі 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі.
"Alatau City Invest" АҚ зейнеткерлікке шыққанға дейін кемінде 3 жыл қалған салымшылардың зейнетақы активтерінен тұратын инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийін таңдады. Бұл жағдайда кірістіліктің ең төменгі деңгейі 36 айдың қорытындысы бойынша есептеледі.
Салымшылар стратегияларды зерделей отырып, инвестициялық портфельді қалыптастырудың ұсынылған критерийлерінің бірін таңдай алады және өз жинақтарының бір бөлігін сол инвестициялық стратегия шеңберінде әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына бере алады.
Егер салымшының жасы таңдалған ИПБ-ның инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийлері үшін белгіленген шекті жасқа сәйкес келмесе, онда зейнетақы жинақтарын қайтадан Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруына немесе жасыңызға сәйкес келетін инвестициялық портфелі бар басқа ИПБ-ның басқаруына аударуға болады.
Бұл әрекетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына берген күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң ғана жүзеге асыруға болады. Ал егер жинақтар ИПБ-ға берілгеніне 12 айдан аз уақыт өтсе, онда қазіргі басқарушы компания қаражатты бір жыл толғанға дейін басқаруды жалғастырады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін ғана жинақтарды Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе жас ерекшеліктеріне сай келетін басқа ИПБ-ға аударуға болады.
Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, зейнетақы жинақтарын әртүрлі инвестициялық портфельдер арасында бөлу моделі бірқатар елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің ең дамыған үлгілерінің бірі ретінде 1981 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Чили жүйесін атауға болады. Чилиде салымшыларға бес түрлі инвестициялық портфель ұсынылады: ең тәуекелшілден (A) ең консервативтіге (E) дейін. Басқаруды жеке зейнетақы қорлары жүзеге асырады, ал салымшылар өздеріне қолайлы стратегияны дербес таңдайды. Агрессивті портфельдерде акциялардың үлесі 60–80%-ға дейін, облигациялардың үлесі 20–40%-ға дейін жетуі мүмкін. Мұндай тәсіл өзінің нәтижесін көрсетуде. Мысалы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ең тәуекелшіл портфель шамамен 14,89% кірістілікті көрсетсе, тәуекел деңгейі бойынша келесісі шамамен 13,14%, орташа деңгейдегісі шамамен 12,18% болды. Ал консервативті стратегиялардың табыстылығы 10,47%-дан 8,06%-ға дейінгі аралықта қалыптасты. Бұл ретте, стратегияны таңдау әрқашан салымшының жеке мақсаттарына, инвестициялау мерзіміне және тәуекелге дайындық деңгейіне байланысты екенін атап өткен жөн.
Мысал ретінде Гонконгтың тәжірибесі де қызықты. Mandatory Provident Fund (MPF) жүйесінде зейнетақы жинақтарының есебі жүргізіліп, салымшылармен өзара байланыс қамтамасыз етіледі, ал инвестициялық басқаруды жеке компаниялар жүзеге асырады. Салымшыларға түрлі стратегиялар ұсынылады, ал өз бетінше таңдау жасамағандар үшін қаражатты жас ерекшелігіне қарай автоматты түрде бөлу тетігі қолданылады: зейнет жасына жақындаған сайын тәуекел деңгейі біртіндеп төмендетіледі.
Осылайша, мұндай модель әлемде кеңінен танылған тәжірибе болып табылады. Таңдау мүмкіндігін ұсына отырып, мемлекет салымшылардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ал түпкілікті шешім әрдайым азаматтың өзінің қаржылық мақсаттары мен қабылдай алатын тәуекел деңгейін ескере отырып қабылданады.
– Айта кетейік, егер зейнетақы активтері Ұлттық Банктің басқаруында болса, Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына инфляция деңгейін ескере отырып мемлекеттік кепілдік берілген. Зейнетке шыққан кезде салымшының зейнетақы жинақтарының кірістілігі бүкіл жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған кезеңдегі жинақталған инфляция деңгейімен салыстырыла отырып есептеледі. Егер кірістілік инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет бұл айырманы республикалық бюджет қаражаты есебінен алушыға біржолғы төлем ретінде өтейді. Ал кірістілік инфляция деңгейіне тең немесе одан жоғары болса, мемлекеттік кепілдік төленбейді. Бұл салымшылардың жинақтары қаржы нарығындағы жағдайдың қалай қалыптасатынына және инвестициялық кірістің қандай болатынына қарамастан, инфляциядан сенімді түрде қорғалғанын білдіреді.
Зейнетақы жинақтары инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың (ИПБ) басқаруында болған кезеңде мемлекеттік кепілдіктің орнына басқарушы компанияның кепілдігі қолданылады. Яғни, компания табыстылықтың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге міндетті. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін бұл көрсеткіш ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген табыстылығы негізінде есептелді. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ол композиттік индекс деңгейінің 85–95%-ы шегінде (таңдалған ИПБ-ның инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийіне байланысты) айқындалады.
Белгіленген сенімгерлік басқару мерзімі аяқталғаннан кейін ИПБ алынған кірістілікті қолданылатын бенчмарк бойынша нарықтағы ең төменгі кірістілік деңгейімен салыстырады. Егер нақты кірістілік белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, басқарушы компания туындаған теріс айырманы өтейді.
– Әрбір салымшы БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинетінде өзінің инвестициялық кірісін, сондай-ақ қаражаттың Қазақстан Ұлттық Банкі мен инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында қалай бөлінгенін көре алады. Бұдан бөлек, БЖЗҚ ай сайын инвестициялық қызметке қатысты шолулар жариялап отырады, онда зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олардың қандай қаржы құралдарына орналастырылғаны туралы толық ақпарат ұсынылады. Бұл салымшыларға нәтижені бақылап қана қоймай, инвестициялық үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялау тетіктері туралы тұрақты түсінік қалыптастыру мақсатында invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасы іске қосылды. Аталған платформа инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) туралы барлық негізгі ақпаратты бір цифрлық кеңістікте біріктіріп, инвестициялық қызмет туралы деректерді ұсынудың жүйелі тәсілін қамтамасыз етеді. Бұл – салымшыларға зейнетақы инвестицияларын онлайн режимде талдауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс.
Платформада негізгі ұғымдар, зейнетақы жинақтары жүйесі, бағалы қағаздар, инвестициялық стратегиялар, зейнетақы активтерін орналастыру құрылымы, санкциялар мен ықпал ету шаралары, ИПБ-лардың реттеуші талаптарды сақтауы, сондай-ақ олардың қаржылық көрсеткіштері және салымшыларға ИПБ қызметі мен инвестициялық қызметі туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Платформа кірістілік туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі жүйеленген қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ белгіленген кезеңдер аралығында сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфельдері бойынша әртүрлі деректерді динамикада салыстыруға мүмкіндік береді. Салымшы инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалау құралдарын пайдаланып, өз мақсаттары мен күтілімдеріне сәйкес келетін басқарушыны және оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік алады.
– Негізгі мақсат – салымшылардың сенімі мен белсенділігін арттыру, сондай-ақ азаматтарға өз зейнетақы болашағын қалыптастыруға қатысу үшін қажетті құралдарды ұсыну. Уақыт өте келе адамдар капитал нарықтарының қалай жұмыс істейтініне, кірістіліктің қалай қалыптасатынына қызығушылық таныта бастайды, ал бұл өз кезегінде халықтың қаржылық сауаттылығының артуына тікелей әсер етеді. Мен заңнамалық өзгерістер мультипликативтік әсер беріп, жергілікті бағалы қағаздар нарығында өтімділіктің артуына, сондай-ақ сенімгерлік басқарушылардың нарықтағы белсенділігінің күшеюіне ықпал етеді деп сенемін.
БЖЗҚ өз тарапынан қызметтердің цифрлық қолжетімділігін және салымшыларға ақпараттық қолдауды, соның ішінде зейнетақы активтерін басқару жүйесінде, әрі қарай да қамтамасыз етуді жалғастырады. Бұл азаматтарға зейнетақы капиталын жинақтау стратегияларын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.