Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №40 (2026)

Табыс тарихы

Мен, Дәулетбай Орынбасар Тілеуліұлы, 1958 жылы 15 наурызда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қарақұр әкімшілігіне қарасты Раң ауылында тудым. 1974-75 оқу жылында Қарақұр жалпы орта мектебінің (бұрыңғы Ф.Энгельс атындағы) 10-сыныбын бітірдім. 1976 жылы Тараз қаласындағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы «Физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша біліктілік құжатын алып, Тасты совхозындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек жолымды бастадым. 1984-1986 жылдары Созақ аудандық Білім қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, 1986-1988 жылдары аудандық партия комитетінің Үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқардым. 1988-1993 жылдары Созақ совхозы Ынтымақ елді мекеніндегі Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің директоры, 1993-2012 жылдары Раң ауылындағы Б.Батырбекова атындағы жалпы орта мектебінің директоры болып қызмет атқарып, 1994-1999 жылдары аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым. Білім Министрлігінің, облыстық білім департаментінің, Оңтүстік Қазақстан облысының "Құрмет грамоталарымен", бірнеше рет аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен, аудан әкімінің, аудандық мәслихат хатшысының "Алғыс хатымен", "Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер", "Қазақ елінің үздік ұстазы" төс белгілерімен марапатталдым. Қазіргі таңда зейнеткер ұстазбын. Жұбайым екеуміз бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік, 15 немереміз бар.  

Ия, елімізде 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген алғашқы жылдардан бастап-ақ бұл жүйенің халыққа пайдалы екенін ұжымдағы қызметкерлерге түсіндіре бастадық. Мемлекетіміз еңбек еткен әр адамға шот ашып, қаражатын жинақтап, оған инвестициялық кіріс қосып отыр. Қарамағымдағы мекеме есепшілерінің қызметкерлердің ай сайынғы жарнасын уақытылы аударып отыруын мұқият қадағаладым. Өзім де жеке шотымдағы жарналарды және инвестициялық түсімді назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауда ұстадым. Айта кететін жайт, біздің Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Зейнетақы қорының бөлімшесі бар, ол жердегі қызметкерлер халықтың осы салаға қатысты сауалдарына әрдайым жоғары кәсіби деңгейде, өте сауатты жауап беріп, ілтипатпен қызмет көрсетіп келеді.  

2021 жылы зейнеткерлікке шықтым. БЖЗҚ қызметкерлерінің кәсіби кеңесі мен сапалы қызметінің арқасында өз жинағымды тиімді пайдаланып, зейнеткерлердің орташа кірісті алмастыру коэффициентіне сәйкес жинақтардың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі туып, немереме тұрғын үй сатып алып қуанып қалдық. Бұл да болса үлкен көмек болды. Бүгінде лайықты зейнетақы аламын, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Қаржылық тұрғыдан сауатты болу, зейнетақы жарнасының тұрақты әрі уақытылы түсуі - халықтың зейнетақысының лайықты болуы. Жастарға айтарым: жас кезде еңбек етіп, қарттық шақта зейнетін көріңдер!


Арупов Акимжан Арупович, 1962 жылы туған, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақстан экономика ғылымдары академиясының академигі, әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры (2014 жылғы маусымда ғалымдар ұжымы және "Тұран" университеті құрған).

М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдаған. 

Ғылыми, оқу-әдістемелік сипаттағы 200-ден астам жарияланымдары бар. Ол 8 монография мен оқулықтың авторы:" Қазақстан халықаралық экономикалық қатынастар жүйесінде", "Мемлекеттік меншікті жекешелендірудің әлемдік тәжірибесі", "Қазақстан Республикасы тауар нарықтары жүйесінде", " Экономикалық теория".

2007 жылы Арупов Акимжан Аруповичке "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" атағы берілді. 2006 және 2014 жылдары Қазақстан Республикасының "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" гранты мен атағының иегері атанды.

2022 жылдан бастап республикалық ұйғырлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

1. Бүкіл ересек өміріңіз экономикамен байланысты. Бұл сіздің саналы таңдауыңыз ба, әлде кездейсоқ шешім ме?

Менің ғана емес, кез-келген адамның саналы ғұмыры – экономика. Ауылдық жерде тұрдым, 8-9 жасымыздан бастап ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартты. Сол кездің өзінде экономиканың маңыздылығын түсіне бастадық. Сонымен қатар ерте кезден отбасына көмектесуге үйрендік. Мен отбасындағы 10-шы баламын және бала кезімізден ата-анамыз жұмысқа үйретті: таңғы 6:00-де сүтке, ал кешке жаңа піскен нанға баратынмын. Әрине мамандықты саналы түрде таңдау керек. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің "Саяси экономика" бөліміне түскеніме өте қуаныштымын. Бүкіл саналы өмірімді экономиканы, саяси экономиканы және халықаралық экономиканы зерттеуге арнадым.

2. Таңдаған жолыңызға күмәнданған кезіңіз болды ма?

Өзімді барлық жағынан бақытты адаммын деп санаймын, әсіресе мамандық таңдау жағынан қарағанда. Ғылым мен қызметімнің арасындағы байланыстың жөні бөлек, махаббат деуге де болады, әрі бұл сезім бір-біріне толықтай сай келеді.

3. Қазақстанның зейнетақы жүйесін қалай бағалайсыз?

Ең алдымен, зейнетақы жүйесін құрастырушыларға рақмет айтқым келеді. Қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізі ретінде Чили моделі алынды және бүгінде біз белгілі бір нәтижелерді көріп отырмыз. Оның осыл тұстарын ескергеннің өзінде бұл өтпелі экономика жағдайында қоғамның, мемлекеттің және әрбір жеке тұлғаның мүдделеріне жауап беретін зейнетақы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оңтайлы және жалғыз нұсқа болды. Жүйенің жемістерін толығымен пайдаландым. Бір жыл бұрын жасыма байланысты зейнеткерлікке шықтым, қазір зейнетақы жинақтарын екі көзден алып отырмын: 55 жасымнан бастап аннуитеттік шарт бойынша ай сайынғы төлемдерді, ал өткен жылдан бастап БЖЗҚ-дан да. Ынтымақты, базалық зейнетақыны және екі көзден алатын жинақтарымды қосқанда, зейнетақым отбасылық бюджетке жақсы көмек болғаны жасырын емес.

4. Сіздің ойыңызша, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің (ЖЗЖ) ұтымды тұстары қандай, нені түзету керек?

28 жыл ішінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ұтымды тұстары: жинақтау принципі – әр қызметкер өзінің жинақтарын қалыптастырады, қаражат өзінің меншігі. Осылайша жеке жауапкершілік артады. Екінші тұсы – БЖЗҚ барлық есепті бір орталықтан жүргізеді: бір оператор алаяқтық тәуекелдерін азайтады, мемлекет тарапынан бақылауда болады, ыңғайлы цифрлық сервистерді (мобильді қосымша, жеке кабинет) жүзеге асыру оңай. Сондай-ақ, жүйенің артықшылығы – міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары. Оларды аударудың міндеттілігі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емдеу үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін де жүйенің артықшылығына жатқызар едім. Бұл жүйеге деген сенімділікті арттырды.

Енді түзетуді талап ететін тұстары: кейде БЖЗҚ кірістілігі инфляциядан сәл ғана асады немесе одан төмен болады. Бұл негізгі жүйелік осал тұсы. Жалпы алғанда, инвестициялық кіріс келетіні түсінікті, бірақ оның әрқашан инфляциядан жоғары болғанын көргім келеді. Екіншіден, халықтың бір бөлігінде шағын және тұрақты емес аударымдарға байланысты болашақ зейнетақының төмен болу қаупі бар. Үшіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды зейнетақы жүйесіне тарту. Қазір мемлекет бұл бағытта көп жұмыс атқарып жатыр, бірақ адамдардың қызығушылығынсыз, қатысуынсыз, зейнетақының жеткіліксіздігі қаупі қалып отыр. Сондықтан "кірістілік+зейнетақының болашақ мөлшері+қамту" мәселесін шешуді басты назарда ұстау қажет.

5. Сіз үшін табыс деген не? Өзіңізді табыстымын деп санайсыз ба?

Табыс – ең алдымен берекелі отбасы. Бұл балалар мен немерелердің жетістігі мен табысы. Сонымен қатар, егер сіз кәсіби маман ретінде қалыптаспасаңыз, жетістікке жету мүмкін емес. Сондықтан өзімді бақыттымын деп айта аламын – балаларымды мақтан тұтамын, тек сүйікті ісіммен ғана айналысып қоймаймын, қоғамдық өмірге де белсене араласамын, айналамдағы адамдар да мені құрметтейді.

6. Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Адалдық, адалдық, тағы да адалдық. Барлық салада. Бұл менің өмірлік ұстанымым. 

7. Оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

Мүмкін ең маңызды кеңес – болашаққа қамқорлықты бүгіннен бастау керек. Көбіне болашақ әлі алыс, әлі де уақыт бар деп ойлаймыз. Бірақ ертеңгі әл-ауқатқа бүгінгі шешімдер тікелей әсер етеді. Зейнетақы жинақтарына алыстағы шартты дүние деп қарамай, бүгінгі өміріңнің бір бөлшегі деп қабылдау өте маңызды. Бұған өзіңнің алдыңдағы жауапкершілігің, өз еңбегіңе құрмет және сапалы, қазыналы қарттығыңды сақтау деп қараған жөн. Кез-келген мәселені түсінуге тырысыңыз, нақтылаңыз, кеңес алыңыз. Өйткені бұл сіздің ақшаңыз, сіздің еңбегіңіз және сіздің болашағыңыз. Зейнетақы жинақтары – бұл қарттық емес, өмірге деген саналы көзқарас.