
Халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру – «БЖЗҚ» АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қор журналистика мектебін ұйымдастыруды, телерадио жобаларды, көшпелі таныстырылымдарды, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша тұрақты түрде Ашық есік күндерін өткізуді қамтитын кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
БЖЗҚ-ның Ашық есік күндері Қор мамандарының халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатуына арналған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар азаматтарға жинақтаушы зейнетақы жүйесі, заңнамадағы өзгерістер, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару, электрондық қызметтер және басқа да мәселелер бойынша өзекті ақпараттардан құлағдар болып, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты барлық сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ-ның Ашық есік күндері «БЖЗҚ» АҚ-ның 2022–2026 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясын ескере отырып әзірленген коммуникациялық саясаттың негізгі мақсаттары, міндеттері, басымдықтары мен іске асыру тетіктерін айқындайтын Сыртқы коммуникациялар бағдарламасы аясында тоқсан сайын өткізіледі. Ашық есік күндерін өткізу азаматтардың зейнетақыны жоспарлау мен жеке жинақтарына деген саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Аудиторияға ыңғайлы әрі түсінікті форматтағы ашық диалогтың арқасында салымшылар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс қағидаттарын жақсырақ түсініп, өздерін қызықтырған сұрақтарға дер кезінде жауап тауып, қаржылық тұрғыдан неғұрлым тиімді шешімдер қабылдай алады.
Кезекті Ашық есік күні дәстүрлі түрде онлайн форматта өткізіліп, invest.enpf.kz жаңа инвестициялық порталының таныстырылымына арналды. Іс-шара еліміздің әр өңірінен 5 мыңнан астам қатысушыны біріктіріп, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару саласындағы халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттырудағы маңызды қадам болды.
Кездесу барысында Қор мамандары азаматтарға зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқарушылар – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқару процесін барынша түсінікті ету үшін әзірленген жаңа цифрлық платформаның мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтып берді. Қатысушыларға зейнетақы жинақтары – бұл тек болашаққа арналған қаражат емес, сонымен қатар тиімді басқаруға болатын қаржылық ресурс екені қарапайым тілде түсіндірілді. БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының табыстылығына дербес ықпал ете алады: міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақтардың 50%-на дейінгі бөлігін, ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен 100%-ға дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына бере алады. ИПБ инвестициялық декларацияда көзделген акциялар, облигациялар, валюталар және басқа да қаржы құралдарына инвестициялап, табыс табуға ұмтылады.
Онлайн кездесу барысында қатысушылар зейнетақы активтерін инвестициялау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, инвестициялық көрсеткіштерді қалай талдауға болатынын, басқару стратегияларын салыстыру жолдарын және басқарушыны таңдау кезінде қандай жайттарға назар аудару қажеттігін білді. БЖЗҚ мамандарының айтуынша, мұндай құрал әсіресе өз жинақтарын басқарудың анағұрлым табысты стратегияларын таңдауға мүмкіндігі бар жас салымшылар үшін аса пайдалы болуы мүмкін. Іс-шара интерактивті форматта өтті: қатысушылар сұрақтарын қойып, сарапшылардан түсіндірмелер мен жеке консультациялар алды.
Кездесу барысында салымшылардың зейнетақы жинақтарын басқаруға деген қызығушылығы артып келе жатқаны атап өтілді. invest.enpf.kz жаңа ыңғайлы порталы ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқаруға белсендірек қатысуына ықпал етеді. Қазіргі уақытта нарықта инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар және зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын талаптарға сәйкес келетін бес ИПБ жұмыс істейді. Олар: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап осы ИПБ бастамасымен шарт бұзылады), «Halyk Finance» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ ИПБ басқаруына жинақтарды аудару туралы жалпы сомасы шамамен 134,7 млрд теңгені құрайтын 134,2 мыңға жуық өтінішті орындады.
БЖЗҚ халықты ақпараттандыру және зейнетақы сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде 1,05 млн адамның қатысуымен 51,3 мың көшпелі және онлайн таныстырылым өткізілді, сондай-ақ шамамен 400 мың азаматтардан түскен өтініш қаралды. Ашық есік күндерін өткізу азаматтарға жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге жағдай жасайтын маңызды коммуникациялық құрал болып қала береді.