Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №40 (2026)

ТЖШ-ның жаңа әдістемесі болашақ жинақтаушы зейнетақының лайықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған

Озық елдердің зейнетақы жүйелері негізгі әлеуметтік міндеттердің бірін - азаматтар еңбек қызметін аяқтағаннан кейін оларды лайықты зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Өмір сүру ұзақтығының артуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және жеке зейнетақы жинақтары рөлінің күшеюі жағдайында зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі ерекше маңызға ие болуда.

Осыған байланысты Қазақстанда ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу тәсілі жаңартылды. Жаңа әдістеме азаматтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын арттыруға және отандық зейнетақы жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған.

ТЖШ дегеніміз не және ол не үшін қажет?

ТЖШ - бұл қаражаттың бір бөлігін баламалы мақсаттарға пайдаланғанда жеке зейнетақы шотында қалуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасы.

Негізінде, ТЖШ азаматтардың зейнетақы капиталын айтарлықтай азайтуына жол бермейтін тосқауыл рөлін атқарады. Бұл әсіресе зейнетақы жинақтарының көптеген жылдар бойы есептелетін инвестициялық кіріс есебінен өсу әлеуеті ең жоғары болатын жас және орта жастағы кезеңде өте маңызды. Жинақтаушы жүйе халықтың басым бөлігі үшін зейнетақы кірісінің негізгі көзіне біртіндеп айналып жатқан жағдайда бұл өте өзекті мәселе.

Әдістемені қайта қарау қажеттілігі неден туындады?

Ескі Әдістемеге сәйкес, ТЖШ мөлшері жыл сайын бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне, инвестициялық кірістілікке және бірқатар басқа да параметрлерге байланысты болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеулерін ескере отырып белгіленіп келді. Мұндай тәсіл азамат жинақтарының бір бөлігін пайдаланғанның өзінде зейнеткерлікке шыққанға дейін міндетті зейнетақы жарналарын жүйелі түрде аударып тұрады деген болжамға негізделген еді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, еңбек қызметі әрдайым үздіксіз бола бермейді. Жұмыссыздық кезеңдері, бейресми жұмыс, мамандықты ауыстыру немесе өзге де өмірлік жағдайлар зейнетақы жарналарының жүйелілігіне кері әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде, зейнеткерлік жасқа жеткендегі нақты жинақ көлемі болжамды деңгейден айтарлықтай төмен болып шығуы ықтимал.

Бұған қоса бұрынғы Әдістеме ұзақмерзімді макроэкономикалық болжамдарға жоғары тәуелділікті көрсетіп отыр, бұл ТЖШ мөлшерінің жыл сайынғы құбылмалылығына әкеп соғады.

Тағы бір маңызды тұсы болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне байланысты. ТЖШ-ны анықтаудың бұрынғы Әдістемесіне сәйкес, жарналар тұрақты аударылып, жинақ көлемі ТЖШ деңгейінде қамтамасыз етілген күннің өзінде, салымшы ең төменгі зейнетақы (50 мың теңге) медиандық(1)  жалақының 15%-ынан аз болады.


(1) медиандық жалақы - бұл барлық жалақыларды екі тең бөлікке бөлетін көрсеткіш: қызметкерлердің 50%-ы осы сомадан аз, қалған 50%-ы көп алады

Жаңа тәсіл: жинақтардан болашақ лайықты зейнетақыға дейін

Жаңа әдістеменің басты айырмашылығы - ТЖШ есептеу логикасының өзгеруінде. Енді ол салымшының қазіргі табысынан емес, оның болашақта алуға тиіс мақсатты зейнетақысынан бастап есептеледі. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақ жарналарсыз-ақ қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті мөлшерін қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі. Іс жүзінде жаңа әдістеме келесі сұраққа жауап береді: болашақта адам лайықты зейнетақы алуы үшін бүгін оның зейнетақы шотында қанша жинақ қалуы керек?

Жаңа Әдістемеге сәйкес, ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтары пайдаланылғаннан кейін жинақтаушы жүйеден төленетін болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері медиандық жалақының кемінде 40% деңгейіне бағытталатын болады (ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2026 жылдың І тоқсанында оның мөлшері 331 527 теңгені құрады).

Бұл ретте жаңа Әдістемеде шекті мәндердің мөлшері бұдан былай болашақ жарналарға және көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне тәуелді болмайды. ТЖШ шамалары ұзақмерзімді факторлар негізінде, соның ішінде ұлттық статистиканы ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) тұрақты түрде жаңартылатын Қазақстан халқының демографиялық кестелеріне сүйене отырып анықталады. Сәйкесінше болашақ зейнетақы мөлшері азаматтар үшін болжауға қолайлы болады және ЭЫДҰ елдерінің мақсатты көрсеткіштеріне кезең-кезеңімен жақындай түседі.

ТЖШ мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: адам зейнетақы жасына неғұрлым жақын болған сайын, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі де соғұрлым жоғары болуы тиіс.

Осылайша ТЖШ-ны анықтаудың жаңа Әдістемесі зейнетақы төлемдері есебінен салымшының еңбек табысын алмастыру коэффициентінің лайықтылығы мақсатында болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз етуге қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттырады. Сонымен қатар мұндай Әдістеме ТЖШ-ны анықтау жүйесін зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына жақындатуға және зейнеткерлікке шыққан кезде зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Халықаралық стандарттар және әлемдік тәжірибе

Әлемде зейнетақы жүйесінің лайықтылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі кірісті алмастыру коэффициенті (КАК). Бұл көрсеткіш зейнетақының зейнеткерлікке шығар алдындағы еңбек табысына қатынасын көрсетеді. ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) ұсынымдарына сәйкес, КАК кемінде 40% болған жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру лайықты деп есептеледі. ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде КАК шамасы орташа есеппен 60%-ға жуық. 

Қазақстанда орташа жиынтық зейнетақының республика бойынша орташа жалақыға қатынасы ретінде есептелген КАК-тың ағымдағы мәні (базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы есебінен) шамамен 44%-ды құрайды, бұл ХЕҰ-ның ең төменгі ұсынымына сәйкес келгенімен, ЭЫДҰ елдеріне қарағанда төмен.

ЕО (Еуропалық одақ) елдерінде лайықты табыстың бағдарларының бірі ретінде ең төменгі жалақының (ЕТЖ) еңбекақы төлеудің жалпы деңгейіне қатынасы қарастырылады: ЕТЖ медиандық жалақының кемінде 60%-ын немесе орташа жалақының 50%-ын құрауы тиіс. Бұл көрсеткіштер азаматтардың ең төменгі табыстарының жеткіліктілігін бағалау үшін де, соның ішінде зейнеткерлік жастағы КАК-ты есептеу кезінде бағдар ретінде пайдаланылады.

Тағы бір маңызды әлемдік үрдіс - зейнетақы жинақтары рөлінің күшеюі. Бұл дәстүрлі бөліністі (ынтымақты, сақтандыру) зейнетақы жүйелерінің қаржылық тұрақсыздығына алып келетін демография мен еңбек нарығының өзгеруіне байланысты. Халықаралық зерттеулердің мәліметтері бойынша, азаматтардың міндетті зейнетақы жинақтарын енгізген елдердің саны 1999 жылы 17 болса, қазір 50-ден асты. Қазақстан үшін бұл зейнетақының лайықтылығын арттыру зейнетақы жинақтарын одан әрі арттыруды, оларды шамадан тыс мерзімінен бұрын алуды шектеуді және азаматтардың қаржылық сауаттылығын өсіруді талап ететінін растайды.

Әлемдегі қаражатты мерзімінен бұрын алу тәжірибесіне келетін болсақ, бірқатар елдерде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану экономикалық қиындықтарға және халықты қолдау қажеттілігіне, соның ішінде COVID-19 пандемиясы кезеңіне байланысты ерекше жағдайларда уақытша дағдарысқа қарсы шара ретінде қолданылды.

Мысалы, Чилиде пандемия кезінде қаражатты алудың үш толқыны мақұлданды. Нәтижесінде зейнетақы жүйесінен шамамен 50 миллиард АҚШ доллары шығарылды, бұл ел экономикасы үшін қомақты сома болып, инфляциялық процестерді күшейтті және сарапшылардың бағалауы бойынша, болашақ зейнетақының шамамен 30%-ға төмендеуіне әкеп соқты.

Қазақстанда жинақтарды алу мүмкіндігі 2021 жылы пандемиядан кейінгі кезеңде халықты қолдау шарасы ретінде енгізілді. Бұл жеткілікті жинақ қалыптастырған көптеген азаматтарға табысы төмендеген немесе уақытша жұмыссыз қалған жағдайда маңызды тұрғын үй мәселелерін шешуге және медициналық қызметтер алуға мүмкіндік берді. 

Бүгінгі таңда шұғыл қолдау шараларына деген қажеттілік өз өзектілігін жоғалтты. Азаматтардың еңбек қызметі аяқталғаннан кейін оларды лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтарын сақтау ерекше маңызға ие болуда. Мемлекет үшін бүгінде жинақтардың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі мен болашақта лайықты зейнетақыны қамтамасыз ету қажеттілігі арасындағы теңгерімді сақтай отырып, зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына кезең-кезеңімен жақындау маңызды.