Сұрақ - жауап
Зейнетақы жүйесі
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда БЖЗҚ оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшері (2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап: 3932*94 = 369 608 теңге) шегінде, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізетіні белгіленген.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді.
Жерлеуге арналған біржолғы төлем құжаттар қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде төленеді;
Жерлеуге арналған біржолғы төлемді алуға қажетті құжаттар тізімімен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/vyplaty/57497/
Отбасы үшін ауыр жағдайда отырғандарға жаңа қызметтің енгізілуіне байланысты жерлеуге қажетті соманы алуға өтінішті енді онлайн форматта рәсімдеуге мүмкіншілік бар.
Ол үшін қайтыс болған адамның жақын туыстары веб-сайттағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшадағы «Қызметтер» бөліміндегі «Алушының қайтыс болуына (жерлеуге) байланысты төлемге өтініш беру» қойындысын таңдауы қажет.
Әрі қарай, ашылған терезеде қайтыс болған адамның ЖСН-ін енгізу қажет, онда мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде (МО АЖ) қайтыс болу туралы мәліметтердің бар-жоқтығына және туыстық байланыстарды растау тәртібіне тексеру жүргізіледі.
Егер МО АЖ-да жеке тұлғаның қайтыс болуы туралы мәліметтер болмаса – тиісті хабарлама шығады. Егер қайтыс болу дерегі расталса, туыстық байланыстардың бар-жоғын тексеру жүзеге асырылады. Расталған жағдайда, келесі кезеңге – алушының банктік деректемелерін енгізуге көшу орын алады. Толтырылғаннан кейін көрсетілген банктік деректемелердің дұрыстығын «тексеру» батырмасын басу арқылы тексеру және электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою қажет.
Ұялы қосымшаны пайдаланған кезде өтінішке «eGOV mobile» қосымшасы арқылы ЭЦҚ-ның көмегімен қол қою қажет.
МО АЖ-да жерлеуге ақы төлеуге өтініш білдірген адамның қайтыс болған адаммен туыстық байланыстары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, өтініш беруші растаушы құжаттарымен БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне жүгінуі тиіс. Жерлеуге арналған төлемді ресімдеуге қажетті құжаттар тізбесі enpf.kz сайтындағы "Қызметтер"/«Зейнетақы төлемдері»/«Мұрагерлерге және жердеуге».
БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Бұл өсиетхат бойынша мұра болуы мүмкін, оған отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар да кіруі мүмкін. Егер өсиетхат жасалмаса, онда зейнетақы жинақтарын мұрагерлікке алу қайтыс болған адамның кез келген басқа мүлкіне қатысты ережелер бойынша отбасы мүшелері арасында жүзеге асырылады. Жақын туыстар (әйелі/күйеуі, балалары, ата-аналары) «заң бойынша бірінші мұрагерлер» деп аталады.
Одан кейінгі кезек бірінші кезектегі мұрагерлер болмаған жағдайда азаматтық заңмен белгіленеді. Мұрагер/мұрагерлер құжаттардың тізбесін толық ұсынса, БЖЗҚ төлемді БЖЗҚ құжаттарды алған немесе құжаттар түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүргізеді. Қаражат тек мұрагердің/мұрагерлердің банктік шотына түседі.
Алушының қайтыс болуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін төлемдерге (жерлеуге және мұрагерлерге) қатысты толық ақпаратпен Сіз https://www.enpf.kz/kz/services/vyplaty/57497/ мекенжайы бойынша БЖЗҚ-ның корпоративтік веб-сайтында таныса аласыз.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес, егер өсиетхат бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаса немесе олардың ешқайсысының мұраға құқығы болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған мүлік деп танылады.
Иесіз қалған мүлік мұраның ашылу орны бойынша коммуналдық меншікке өтеді.
Коммуналдық меншікке өткен иесіз мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган жүзеге асырады.
Зейнетақы жинақтарын иесіз қалған мүлік деп тану туралы, заңды күшіне енген сот актісі болған жағдайда, БЖЗҚ-ға мынадай құжаттар ұсынылады:
- заңды күшіне енген сот актісі;
- банктік шот туралы мәліметтер.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған зейнетақы жинақтарын алу үшін сот актісі бойынша жүгінген адамдарға зейнетақы төлемдері БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде төленеді.
МЗЖ салымшысының, өзіне МКЗЖ, ЕЗЖ аударылған жеке тұлғаның, зейнетақы төлемдерін алушының, нысаналы талаптарға қатысушының немесе нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты төлемдерді алу үшін қажетті құжаттардың ағымдағы тізімімен БЖЗҚ сайтында келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/vyplaty/57497/
Егер БЖЗҚ-ға ұсынылған құжаттарды, оның ішінде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасынан тыс жерде қайтыс болған адамның қайтыс болуы туралы куәлікті, мұрагерлік құқығы туралы куәлікті шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген жағдайда, сондай-ақ құжаттың көшірмесінің дұрыстығын түпнұсқамен куәландыру, алушының өтініштегі қолының түпнұсқалығын, сенімхатты куәландыру бөлігінде нотариаттық іс-әрекеттер шет мемлекетте жүргізілген жағдайда көрсетілген құжаттар, сондай-ақ куәландырушы жазбалар мен олардың мемлекеттік немесе орыс тіліндегі аудармалары «Құжаттарды заңдастыру» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін реттейтін құжаттарды заңдастыру қағидаларына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған өзге де халықаралық шарттарға сәйкес заңдастырылуға жатады.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнің мұрагері немесе қайтыс болған адамның мұрагері шетелдік, оның ішінде сенім білдірілген тұлға, мұрагердің заңды өкілі болып табылған жағдайда, мұрагердің/сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжат ретінде БЖЗҚ-ға мемлекеттік не орыс тіліне аударылған және қажет болған жағдайда нотариат куәландырған және заңдастырылған шетелдік паспорт ұсынылады, бұған Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайлар қосылмайды.
ЖМЗЖ – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен агенттердің шартты зейнетақы шотына өз қаражаты есебінен аударған ақшасы.
ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері агенттің және (немесе) өзі үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаның меншігі болып табылмайды, мұраға қалмайды, БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде алынбайды, ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударылмайды, мемлекеттік кепілдік берілмейді.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы жиынтығында кемінде күнтізбелік алпыс ай өзі үшін ЖМЗЖ аударылған жеке тұлғаларға:
1) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнет жасына толған адамдар үшін;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін беріледі.
Қазақстан Республикасында 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономиялық одаққа мүше мемлекеттердің енбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім) іске асыру бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылы туралы ережеге сәйкес, құзыретті органдар болып:
-1998 жылғы 1 қаңтардан бастап «БЖЗҚ» АҚ және оның аумақтық бөлімшелері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін (отбасы мүшелерін), мұрагерлерін немесе олардың өкілдерін және олардың құжаттарын қабылдау, мәліметтер мен құжаттарды дайындау, өңдеу, зейнетақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімдер қабылдау, ЕАЭО мүше мемлекеттердің еңбек өтілін төлеуді (жеткізуді) ұйымдастыру;
- 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердiң жұмыс iстейтiн азаматтарының жұмыс өтiлiн растау үшiн Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетi және оның аумақтық бөлiмшелерi табылады.
Естеріңізге сала кетейік, Келісім 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген және еңбекшілер мен оның отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
Келісім ережелеріне сәйкес:
- еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының зейнетақы құқықтарын қалыптастыру шарттары мен тәртібі сияқты жағдайда зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады (3-бап);
- Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналарына БЖЗҚ-ға аударылған зейнетақы жарналары жатады (1-бап);
- еңбекшілерге (отбасы мүшелеріне) зейнетақы тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтары үшін қолданылатын шарттарда жүзеге асырылады (3-бап);
- Келісім шеңберінде тағайындалатын зейнетақы түрлері Келісімнің 2-бабында айқындалған.
Толық ақпаратпен мына сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/eaeu/57503/
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісім 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, сондықтан еңбек шарты не азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде ЕАЭО елдерінен (атап айтқанда Армения Республикасынан, Беларусь Республикасынан, Ресей Федерациясынан және Қырғыз Республикасынан) еңбекшіні тартқан жұмыс беруші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-ға еңбекшінің ай сайынғы табысының 10%-ы мөлшерінде (ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспайтын) міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударады.
Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында уақытша жүрген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары ҚР азаматтары сияқты міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасында белгіленген мөлшерлемелер бойынша және тәртіппен аудару арқылы өз зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға міндетті.
Бұл ретте қызметкерге (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматына, соның ішінде РФ азаматына) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ төлеу үшін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаудың қажеті жоқ, өйткені жеке тұлғаның БЖЗҚ-да МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есепке алу үшін жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) болмаған жағдайда, ЖЗШ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан келіп түскен, пайдасына МЗЖ және (немесе) МКЗЖ аударылатын жеке тұлғалардың тізімі негізінде автоматты түрде ашылады.
Еңбекшілер өздерінің тұрғылықты мемлекетінің аумағында тұрып, бірақ ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында тіркелген жұмыс берушімен еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық келісім бойынша қашықтан жұмыс істейтін жағдайларды қоспағанда.
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматы, еңбекшісі қайтыс болған жағдайда, оларды біржолғы алу құқығы БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған құқық белгілейтін құжаттар ұсынылған кезде, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арқылы мұрагерлеріне ауысады.
Қызметкердің табысынан зейнетақы жарналарын ұстап қалу және аудару үшін жұмыс беруші қызметкерден қосымша құжаттарды сұрамайды, өйткені қажетті деректер (ТАӘ/ТК) жұмыс берушіде бұрын ұсынылған (қызметкер жұмысқа тұрған кезде) жеке басты куәландыратын құжаттың (шетелдіктің, ЕАЭО елі азаматының шетелдік паспортының), сондай-ақ бейрезиденттің ЖСН негізінде бар болуы тиіс.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісімнің 2-бабында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары, еңбекшілері алуына болатын зейнетақы түрлері анықталған.
Қазақстан Республикасында бұл - зейнеткерлік жасқа толған кезде, егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, 1 және 2 топтардағы мүгедектік белгіленген кезде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері.
Келісімнің 3-бабына сәйкес еңбекшілерге зейнетақыны тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарына арналған дәл сондай шарттарда жүзеге асырылады.
Зейнетақыны ресімдеу ЕАЭО елдерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырылатын болады.
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары есебінен республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 94 еселенген мөлшері шегінде, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан артық емес көлемдегі жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі. Бұл біржолғы төлемге жеке табыс салығы салынбайды.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлеммен бірге қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді
Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) салықтық артықшылықтарға ие, атап айтқанда, жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды (ҚР Салық кодексінің 319-бабы, 2-тармағы, 23-1 тармақшасы).
Мысалы, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатады. Бұл ретте жұмыс беруші салық салу кезінде жеңілдіктер алады (ҚР Салық кодексінің 257-бабы, 4-тармағы).
Ерікті зейнетақы жарналары да міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрлері сияқты инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Алайда, салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аударуға құқылы, олар кірістілік пен тәуекелдің әртүрлі деңгейлері бар түрлі инвестициялық стратегияларды ұсынады. Егер міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға 50% дейін аударуға болатын болса, онда ерікті зейнетақы жинақтарын басқаруға толық көлемде беруге болады. Жинақтарды ИПБ-ға аудару салымшының өтініші бойынша жүргізіледі, оны Қор сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ның кез келген филиалында электрондық форматта беруге болады. Инвестициялау нәтижелері бойынша басқарушы компанияны да өзгертуге болады. Бірақ оны жылына көп дегенде бір-ақ рет ауыстыруға болады. Осылайша, зейнетақы активтерін басқаруға қатысу ЕЗЖ-ның тағы бір артықшылығы болып табылады.
БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын кірістің мөлшеріне «Салық және бюджетке төленетін төлемдер туралы» Қазақтан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 346-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетілген тәртіппен және мөлшерде стандартты шегерім қолданылады.
Салық кодексінің 346-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:
1) Ұлы Отан соғысына қатысушы, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адам және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері;
2) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адам;
3) 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адам;
4) бірінші, екінші немесе үшінші топтардағы мүгедектігі бар адам;
5) мүгедектігі бар бала болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшері стандартты шегерім болып табылады.
Жеке тұлғаның осы тармақшаны қолдануға бірнеше негіздері болған жағдайда, кірістерді алып тастау осы тармақшада белгіленген кіріс шегінен аспауға тиіс.
«Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдардың ардагерлері болып төмендегілер танылатыны белгіленген:
1) бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);
2) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде жіберілген әскери міндеттілер;
3) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткізу үшін жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілері;
4) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілері;
5) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілер;
6) 1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
7) 2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
8) 1986–1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары.
«Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер болып төмендегілер танылады:
1) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:
майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдары;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк балалары (тәрбиеленушілері) және юнгалар ретінде болған адамдар;
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілер жағдайына көшірілген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегінде майдандағы армия мен флот мүдделері үшін міндеттер атқарған қызметкерлері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында еріксіз ұсталған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелері;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтар;
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдар;
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілер;
1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары.
Салық кодексінің 346 - бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:
он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай мүгедектігі бар бала үшін - мүгедектігі бар баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
өмір бойына әрбір осындай адам үшін - «бала кезінен мүгедектігі бар адам» деген себеппен мүгедектігі бар адам деп танылған адамның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
асырап алынған бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай адам үшін - бала асырап алушылардың бірі;
жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде әрбір осындай адам үшін - жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына қабылдап алған ата-аналардың бірі болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшері стандартты шегерім болып табылады.
Осы тармақшаның ережелері:
қорғаншылыққа және қамқоршылыққа мұқтаж адамдардың қорғаншылары және қамқоршылары болып табылатын тиісті білім беру ұйымдары, медициналық ұйымдар, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары әкімшіліктерінің жұмыскерлеріне қатысты олардың осындай ұйымдарымен еңбек қатынастарында болуына байланысты;
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеге тұратын (ерлі-зайыптылықта болатын) адамдарға қатысты қолданылмайды.
Осылайша, Салық кодексінің 346-бабы 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларында көрсетілген адамдарға қатысты БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының табысына 882 еселенген АЕК мөлшерінде стандартты шегерім қолданылады.
Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің қызметкерлері болып табылатын БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының табысына стандартты шегерімдерді қолдану Салық кодексінде көзделмеген.
Салық кодексінің 353-1- бабында үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері көзделген. Сонымен, Салық кодексінің 353-1-бабының 6-тармағына сай жеке тұлғаның жасалған жинақтаушы сақтандыру (зейнетақы аннуитеті) шарты бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеу үшін өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдарына зейнетақы жинақтарының сомаларын аудару кезінде салық агенті біржолғы зейнетақы төлемінен ұстап қалмаған және аудармаған жеке табыс салығының сомасы Салық кодексінің 353-бабында көзделген тәртіппен зейнетақы жинақтары сомасынан бір рет ұстап қалуға және аударуға жатады.
Осылайша, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударған кезде, бұрынғы кейінге қалдырылған жеке табыс салығы ұсталынып қалады.
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының есебін аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша зейнетақы активтері құнының үлес шамасы ретінде айқындалатын зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын апта сайын қайта бағалау жолымен жүзеге асырады.
БЖЗҚ шартты бірліктің құнын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері және әрбір ИПБ тұрғысынан сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері бойынша жеке есептейді.
ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарын қайта бағалау нәтижесінде инвестициялық кіріс оң да, теріс те болуы мүмкін. Инвестициялау нәтижесінде туындайтын инвестициялық кіріс тұрақты емес шама болып табылады, яғни белгілі бір кезеңге сыйақы мөлшері нақты айқындалған банктердің депозиттік шарттарында көзделгендей, қатаң белгіленген шама болып табылмайды және көптеген факторларға, оның ішінде бағалы қағаздардың нарықтық құнына және валюта бағамының өзгеруіне байланысты болады.
Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде 1 (бір) жылдағы кезең үшін талдау орынды болмақ. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т. б.) – көрсеткіш болып табылмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты болады.
Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының өз инвестициялық кірісін enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан көруге мүмкіндігі бар, сонымен қатар БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша және БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпаратты алуына болады, ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында (www.enpf.kz) «Статистика және аналитика/ Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланып отырады.
Салымшының ЖМЗЖ/ЖЗШ-на сома түскен кезде, түскен сома сомалар түскен күннің басындағы ағымдағы құн бойынша айқындалатын шартты бірліктердің баламалы санына қайта есептеледі.
ШБ - бағамы есептелген инвестициялық кіріске (залалға) байланысты болатын, активтерді инвестициялау нәтижесінде олардың өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтері құнының үлестік шамасы.
Инвестициялық кіріс апта сайын салымшының нақты түскен: жарналарына, аударымдарына, жарналар бойынша өсімпұл сомаларына ғана есептеледі. Зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің ағымдағы құны бойынша төлемдер, аударымдар кезінде есептелген инвестициялық кірісті қамтитын зейнетақы жинақтарының сомасы анықталады, содан кейін ол салымшыға (зейнетақы төлемдерін алушыға) төленеді.
Қорға түскен зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарында сақталып қана қоймай, сонымен қатар инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы жинақтарын экономиканың түрлі салаларындағы, әртүрлі валюталардағы сан-алуан қаржы құралдарына инвестициялауды Ұлттық Банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады.
Алайда, қаржы нарықтарындағы жағдай экономикалық, саяси және басқа факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін. Олар бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер түріндегі кірістерге және т. б. әсер етеді.
Сондықтан жекелеген кезеңдерде инвестициялық кіріс оң да, теріс те болуы әбден мүмкін, ал бұл зейнетақы жинақтарының жалпы сомасына әсер етеді.
Бұл ретте, кейбір құралдар бойынша кіріс басқа құралдар бойынша уақытша шығындарды жабатын инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді келешекте сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдау қажет.
Бірақ қаржы нарықтарының тұрақсыздығы ұзақ мерзімді болып, төлем құқығын алған кезде нақты кірістілік инфляциядан төмен болса да, мемлекет алушыларға инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген қаражат мөлшерінде ҚР Ұлттық Банкінің басқаруымен міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сақталуына кепілдік береді.
Басқарушы компаниялар жарналардың сақталуына меншікті капиталы есебінен жауап береді және нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігі негізінде есептелетін табыстылықтың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары жұмыс істеп, табыс әкелуі тиіс. Сондықтан зейнетақы жинақтары елімізде де, шетелде де нарықтық жағдайларда әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Нәтижесінде инвестициялық кіріс әртүрлі көздерден құралады: бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер; қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер; сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б.
Бұл кең таралған әлемдік тәжірибе. Әлемдегі зейнетақы қорлары салымшылардың зейнетақы капиталын инвестициялау және көбейту үшін тартымды және тиімді мүмкіндіктерді үнемі іздестіріп отырады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты қағидаты - оларды әртараптандыру. Мұндай тәсіл олардың ұзақ мерзімді сақталуын және инвестициялаудан тұрақты түрде кіріс алуды қамтамасыз етеді. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетақы жинақтарындағы негізгі үлес, әдетте, көптеген жылдар бойы жинақталған инвестициялық кіріске тиесілі болады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), ал 2021 жылдан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады.
Ұлттық банк үшін зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, ал инвестициялық портфельді басқарушылар үшін – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен бекітіледі.
Зейнетақы активтерін басқарушылар - ҚР ҰБ және ИПБ-да зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиялары бар. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Инвестиция жасау үшін нақты құралдарды таңдау сенімгерлік басқарушының стратегиясына және оның инвестициялардың сенімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне сүйене отырып, жүзеге асырылады. Барлық кажетті ақпарат «Статистика және аналитика/ Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.