Ұлттық банк пен зейнетақы портфелін басқарушылар БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

26.03.2025

"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) жанындағы Қоғамдық кеңестің (ҚК) 29 отырысы өтті. Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес, ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы есеп берді.

Ұсынылған деректер бойынша 2025 жылғы 1 қаңтарға Ұлттық Банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22,4 трлн теңгеге жеткен. 2024 жылы 4,6 трлн теңгеге немесе 25,9% ұлғайды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі бір жыл ішінде 31,7%-дан 40,2%-ға дейін артты. Зейнетақы активтерінің 2024 жылғы кірістілігі 17,8% көрсетті, есептелген инвестициялық кіріс мөлшері - 3,4 трлн теңге. Ал 2014 жылғы сәуірден 2024 жылға дейінгі кезеңдегі жинақталған кірістілігі 180,2%, осы кездегі жинақталған инфляция мөлшері - 156,0%. 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы инвестициялық кірістің төмендеуі уақытша сипатқа ие, ол зейнетақы активтерінің нарықтық және валюталық құнының өзгеруімен байланысты екені атап өтілді. Н. Нұрғазин кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуларына қарамастан, 2024 жылғы наурыздан бастап 2025 жылғы ақпанға дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 2,7 трлн теңге болғанын, бұл кезең ішіндегі инфляция мөлшері 9,4% болса, кірістілік 13,74% жеткенін атап өтті. Н. Нұрғазин өз сөзінде валюталық активтерді инвестициялау активтерді сыныптар бойынша нысаналы стратегиялық бөлуге сәйкес жүзеге асырылатынын және шетелдік басқарушы компанияларды тартуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ, БЖЗҚ зейнетақы активтерін 2025 жылы да Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған негізгі бағыттар шеңберінде нарықтық шарттарда инвестициялау жалғастырылатыны атап өтілді. Бұған қоса, валюта портфелінің қолданыстағы стратегиялық аллокациясын акциялар мен баламалы құралдар сияқты активтердің неғұрлым кірісті сыныптарын 40% - ға дейін ұлғайту жолымен қайта қарау жоспарлануда. Әлемде зейнетақы және егеменді қорлар кеңінен қолданатын үлесі 10%-ға дейінгі баламалы құралдарға (хедж-қорлар, жеке капитал қорлары, жылжымайтын мүлік қорлары және басқалар) инвестициялауды қосу мәселесі қаралатын болады.

Бұдан әрі Қоғамдық кеңес алдында инвестициялық портфельді басқарушылар - "БСС Invest" АҚ, "Halyk Finance" АҚ, "Jusan Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз"АҚ өкілдері сөз сөйледі. Олар қатысушыларды өз компанияларының инвестициялық стратегиясымен, оның нәтижелерімен таныстырып, туындаған сұрақтарға жауап берді.

Барлық басқарушылар инвестициялық қызметтің нәтижелері нарық конъюнктурасына: қаржы құралдарының құны мен валюталық қайта бағалануына байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, олар инфляциядан жоғары кірістілікті ұзақмерзімді келешекте қамтамасыз етуді көздейтіндеріне сендірді.

Отырысқа қатысушыларға басқарушы компаниялардың таныстырылымдары көрсетілгеннен кейін Қоғамдық кеңестің қарауына ұйымның жаңа мүшелері Арман Жақұб пен Дана Жарлығапованың кандидатурасы ұсынылды. Жиналғандардың көпшілік дауысымен екі кандидатура да келісілді.

Отырыс күн тәртібінің келесі тармағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің ҚК туралы ереженің жаңа редакциясын бекітуі болды. Ол жеке мүшелердің ескертулерімен көпшілік дауыспен қабылданды.

"БЖЗҚ" АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында ұсынылған материалдармен enpf.kz сайтындағы "Қоғамдық кеңес" - "Отырыстардың хаттамалары мен таныстырылымдар" бөлімінде толығырақ танысуға болады.