"БЖЗҚ" АҚ-дағы барып қызмет көрсету

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес "БЖЗҚ" АҚ міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары (зейнетақы төлемдерін алушыларға) аударылған жеке тұлғаларға зейнетақы жүйесі туралы және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетеді.

Халықтың зейнетақы жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету қажеттілігі зейнеткерлік жастағы азаматтарды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызды әлеуметтік құралдарының бірі ретінде халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауатын арттыруды талап етеді.

Сапалы қызмет көрсету үшін "БЖЗҚ" АҚ-да филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының кең желісі бар. Бұдан басқа, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салымшыларға (алушыларға) тиімді сервистік қызмет көрсету мақсатында "БЖЗҚ" АҚ-да барып қызмет көрсету, оның ішінде "Мобильді офис" жобасы жұмыс істейді. Бұл заманауи микроавтобус, ол барлық қажетті құрылғылармен, соның ішінде спутниктік байланыс құралдарымен жабдықталған.

"БЖЗҚ" АҚ барып қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері зейнетақымен қамсыздандыру саласында туындайтын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әрбір тұрғынға дербес кеңес беру мақсатында кәсіпорындарға, қалалар мен аудандардағы ұйымдарға, шалғайдағы елді мекендерге барады. Сондай-ақ, барып қызмет көрсету бөлімінің негізгі бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету кеңселерінде көзделген барлық зейнетақы қызметтерін көрсету.

Жыл сайын "БЖЗҚ" АҚ қызметкерлері республиканың 50 мыңға жуық ұйымына барады, бұл іс-шаралар аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 1 млн. астам адамды қамтиды. Мұнда салымшылар (алушылар) зейнетақы жүйесіне қатысты барлық сұрақтарына толық жауап алады, мобильді қосымшаны, зейнетақы калькуляторын пайдалануды және дербес зейнетақы жоспарын құруды үйренеді.

Барып қызмет көрсету бөлімі мамандарының қызметтерін алу үшін мүмкіндігі шектеулі тұлғалар enpf.kz сайты арқылы өтініш бере алады, ұйымдар мен кәсіпорындар "БЖЗҚ" АҚ-ның жақын жердегі кеңсесіне немесе 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, барып қызмет көрсету сервисін пайдалана алады.

Барлық сұрақтар бойынша қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады:

  • 1418 (Қазақстан бойынша қоңырау тегін),
  • +7 (727) 356-10-60 (қалааралық және халықаралық қоңыраулар үшін).