ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім қалай жүзеге асырылады?
31.03.2025
Тарих
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енді, Келісімге сай ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтардың ұқсас шарттарда өз азаматтарына берілетін құқықтар көлеміне тең көлемде кепілдік береді.
Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО елдерінің аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары өздері жұмысқа орналасқан елдің азаматтарымен бірдей өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастырады, сақтайды және іске асырады. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет енді өз заңнамасы бойынша оның аумағында жұмыс істеген адамның 01.01.2021 ж. кейін жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейді. Егер еңбекшінің бір мүше мемлекеттің аумағында жинақталған жұмыс өтілі зейнетақы алу құқығының (жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда) пайда болуы үшін жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай жұмыс өтілі уақыт бойынша сәйкес келетін жағдайларды қоспағанда, ЕАЭО-ның басқа елдерінде жинақталған, соның ішінде Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған жұмыс өтілі ескеріледі. Атап өту керек, ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмысқа орналастырушы мемлекеттерде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеуі тиіс, яғни міндетті түрде еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды уақтылы жасауы тиіс.
Қазақстанда Келісімді жүзеге асыру
Қазақстанда Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі құқықтық қатынастарына және зейнет жасына жеткенде немесе 1, 2 топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне қолданылады.
Мысалы, егер Беларусь азаматы Келісім күшіне енгеннен кейін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын қалыптастыратын болса, онда Қазақстанның зейнетақы заңнамасының шарттары (зейнет жасына жетуі: 2025 ж. ерлер - 63 жас, әйелдер - 61 жас) бойынша зейнетақы алу құқығы туындаған кезде БЖЗҚ ҚР азаматтарына белгіленетін мөлшерде белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы тағайындайды.
Өз кезегінде, егер Қазақстан азаматының ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағында Келісім күшіне енгеннен кейін жинақталған жұмыс өтілі (мысалы, 3-5 жыл) болса, онда жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы заңнамасының шарттары (зейнет жасына толу, белгілі бір еңбек өтілінің болуы) бойынша зейнетақы алу құқығы пайда болған кезде, Қазақстан азаматы еңбек еткен мемлекет осы елде жұмыс істеген еңбек өтілі үшін зейнетақы тағайындайды.
Екі жағдайда Беларусь азаматы да, Қазақстан азаматы да Келісімді іске асыру бойынша Қазақстан Республикасындағы құзыретті органға, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің басқа құзыретті органына БЖЗҚ-ға зейнетақы тағайындауға және төлеуге арналған құжаттармен өтініш беруге құқылы.
Еңбекшіге зейнетақы тағайындау және төлеу үшін құжаттар тізбесі ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.
Құзыретті органдар
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерінің еңбек өтілін растау бойынша Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар – «БЖЗҚ» АҚ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және олардың аумақтық бөлімшелері.
БЖЗҚ ақпараттық жүйеде бар, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы деректер негізінде 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған жұмыс өтілі туралы мәліметтерді береді.
Сондай-ақ БЖЗҚ-ға келесі мәселелер бойынша жүгінуге болады:
- мәліметтер мен құжаттарды қабылдау және өңдеу,
- зейнетақы тағайындау/тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау,
- зейнетақы төлеуді/жеткізуді ұйымдастыру.
Толық ақпарат enpf.kz сайтында «Қызметтер» бөлімінде беріледі
1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне жүгіну қажет.
Келісім цифрларда
Қазақстан Республикасында Келісімді іске асыру шеңберінде 01.01.2021 ж. бастап 01.03.2025 ж. дейінгі кезеңде:
-
Қазақстан аумағында жұмыс берушілермен жасалған еңбек, азаматтық-құқықтық шарттар негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 97 378 еңбекші-азаматы үшін БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары аударылып, өтінішсіз тәртіппен жеке зейнетақы шоттары ашылды;
-
БЖЗҚ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 202 азаматынан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш қабылдады және орындады, оның ішінде:
- 22 мұрагерге еңбекшілердің қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды;
-
Еңбек шартының негізінде Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағында еңбек қызметін жүзеге асырған және олардың зейнетақы жүйелеріне сақтандыру жарналарын аударған Қазақстанның 11 азаматына аталған елдердің құзыретті органдары жасына байланысты өмір бойғы зейнетақы тағайындады;
Ресей Федерациясында Қазақстанның қайтыс болған еңбекші азаматының 1 отбасы мүшесіне Ресей Федерациясының аумағында еңбек қызметін жүзеге асырған Қазақстан азаматының қайтыс болуына байланысты асыраушысынан айырылу бойынша зейнетақы тағайындалды.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, X(Twitter), Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.