Интернет арқылы үзінді көшірме өте ыңғайлы

19.10.2015

Əрбір 10-ыншы БЖЗҚ салымшысы өз зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты веб-хабарлау арқылы алады. 

2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы – 5,36 трлн. теңге. Шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары (бұдан əрі - ЖЗШ) 10 078 606 бірлікке жетті, оның ішінде міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша шарттар – 53,8 млрд. теңге жинақ сомасымен 382 014 бірлік. Жинақтардың орташа жылдық өсімі – шамамен 20%. 

2015 жылдың тоғыз айындағы таза инвестициялық табыс сомасы – 434,97  млрд. теңге, ағымдағы жылдың үш тоқсанындағы табыстылық осы кезең үшін 2,9% құнсыздану деңгейінде 9,08%-ға тең. 

2015 жылдың 9 айындағы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы – 103,32 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 13,27 млрд. теңге. 

2015-2019 жылдарға арналған БЖЗҚ даму стратегиясын іске асыру аясында Қор салымшыларға (алушыларға) дербес қызмет көрсету жүйесін дамыту мен Қордың электрондық қызметтер қатарын кеңейтуді жалғастырып отыр. Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша шамамен 960 мың адам немесе əрбір 10-ыншы салымшы ЖЗШ жағдайы туралы ақпарат алу тəсілі ретінде веб-хабарлауды таңдаған. ЖЗШ-дан ақпаратты шамамен 260 мың адам электрондық мекенжай арқылы жəне 700 мың адам қордың www.enpf.kz веб-сайты немесе телефондағы ұялы қосымша арқылы алады. БЖЗҚ салымшылары Android, iOS (iPhone, iPad) жəне Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасының ыңғайлылығын бағалап та үлгерді. 2015 жылғы 1 қазанда 68 000 жүктеп алу жасалған (қыркүйек айында шамамен 10 000 жүктеп алу). Қосымша БЖЗҚ мамандарының өз күшімен əзірленген.  

Қосымшаны интернет арқылы өзінің ЖЗШ жағдайы туралы ақпарат алу тəсілін таңдаған салымшылар (алушылар) пайдалана алады. Авторлану үшін салымшы «БЖЗҚ» АҚ сайтындағы үзінді көшірмеге кіретін логин мен пароль пайдаланылады. Интернет арқылы хабарлау тəсілін таңдау үшін кез келген қор бөлімшесіне келіп, хабарлау тəсілін өзгерту/анықтау туралы келісім жасау керек. Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат құпиялылығын сақтау қажеттілігіне орай мұны əркімнің өзі келіп жасауы тиіс. 

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қордың www.enpf.kz веб-сайтынан, e-gov электрондық үкімет порталынан немесе ХҚО-ға барып білуге болады. Электрондық үкімет порталы арқылы қызмет іске қосылған сəттен (2015 жылдың ақпан айы) бастап 1 қазанға дейін салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 59 000 үзінді көшірме берілді.  

БЖЗҚ өңірлік желісінде 236 қызмет көрсету кеңсесі бар. Өңірлік құрылымға əр облыс орталығында, республикалық мəні бар қалаларда (Алматы жəне Астана), сондай-ақ облысқа бағынышты ірі қалаларда (Жезқазған жəне Семей) біреуден орналасқан 18 филиал кіреді. БЖЗҚ өңірлерде кеңселердің жеткілікті болуына үнемі мониторинг жүргізіп отырады, қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында жұмыс істеп жатқан қызмет көрсету кеңселерінің жұмысын жəне салымшылар (алушылар) өтініштерінің санын сараптайды.