БЖЗҚ-ның Әзірбайжан Халықаралық Банкі облигацияларына жасаған инвестициясы бойынша мәміле оң нәтижемен аяқталды

30.10.2019

Əзірбайжан Халықаралық Банкінің облигацияларын қайта құрылымдау 2017 жылы аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) талай рет хабарлаған. Соған қарамастан бұқаралық ақпарат құралдары мен əлеуметтік желілердің пайдаланушыларынан сауалдар түсіп жатыр. Осыған байланысты аталмыш инвестицияға қатысты толыққанды ақпаратты ұсынамыз.    

  2014 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерін 250 млн АҚШ доллары көлемінде Əзірбайжан Халықаралық Банкінің (ƏХБ) облигацияларына инвестициялады.     

2016 жылдан бастап Ұлттық Банк ƏХБ облигацияларын мерзімінен бұрын (жартылай немесе толығымен) өтеу мүмкіндігіне қатысты белсенді жұмыстар жүргізіп келді. Алайда қаржылық мүмкіндігі жоқ болғандықтан ƏХБ тарапынан облигацияларды мерзімінен бұрын өтеу немесе өтеуін төлеп алу шарасы жүргізілмеді. Оның үстіне Ұлттық Банкте облигацияларды мерзімінен бұрын өтеуді талап ету бойынша заңдық негіздеме болған жоқ.  

Кейін ƏХБ-ның өз міндеттемелерін ерікті түрде қайта құрылымдауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы 2017 жылдың 11 мамырында жария етілді.  

Көп ұзамай ƏХБ 2017 жылдың 23 мамырында Лондон қаласында шетелдік кредиторлармен кездесу өткізді. Мұнда Əзірбайжан Халықаралық Банкі аға борыш (басым құқықты борыш), реттелген борыш жəне сауданы қаржыландыру түріндегі борыштар бойынша қайта құрылымдаудың бірқатар нұсқаларын ұсынды.      

Басым құқыққа ие аға борышты қайта құрылымдау бойынша 3 опция ұсынылды. Айта кетелік, БЖЗҚ инвестициясы осы борышқа жатады.  

Бірінші опция. Əзірбайжан Халықаралық Банкінің БЖЗҚ алдындағы 250 млн АҚШ доллары болатын ағымдағы міндеттемесін Əзірбайжан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі 200 млн АҚШ доллары болатын борышқа алмастыру. Өтеу мерзімі 12 жыл (2029 жылға дейін) жəне купондық сыйақы мөлшерлемесі жылына – 5,125 пайыз. 

 Екінші опция. Əзірбайжан Халықаралық Банкінің БЖЗҚ алдындағы 250 млн АҚШ доллары болатын ағымдағы міндеттемесін Əзірбайжан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі 250 млн АҚШ доллары болатын борышқа алмастыру. Өтеу мерзімі 15 жыл (2032 жылға дейін) жəне купондық сыйақы мөлшерлемесі жылына – 3,5 пайыз. 

Үшінші опция. Əзірбайжан Халықаралық Банкінің БЖЗҚ алдындағы 250 млн АҚШ доллары болатын ағымдағы міндеттемелерін осы банктің 250 млн АҚШ доллары болатын жаңа шығарылымдағы облигацияларына алмастыру. Өтеу мерзімі 7 жыл (2024 жылға дейін) жəне купондық сыйақы мөлшерлемесі жылына – 3,5 пайыз. 

Кредиторлардың 2017 жылы 18 шілдеде өткізген жалпы отырысында ƏХБ сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау жоспары мақұлданды. Оған кредиторлардың 93,9 пайызы дауыс берді. Осы дауыс беру нəтижесіне сəйкес аға борыштың міндеттемелері бойынша кредиторлардың 1,7 пайызы – бірінші опцияны, 50,2 пайызы – екінші опцияны жəне 48,1 пайызы – үшінші опцияны таңдады. 

Ұсынылған қайта құрылымдау нұсқалары ішінен опцияны таңдау шарасын ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банк бірлесе отырып жүзеге асырды. Таңдап алынған опция тəуекел тұрғысынан алып қарағанда ең оңтайлы нұсқа болды. Өйткені ол бойынша ƏХБ міндеттемелерін атаулы құнын жоғалтпастан, Əзірбайжан Республикасы Үкіметінің тəуелсіз борышына алмастыру мүмкіндігі туындады. Оның үстіне үкіметтің тəуелсіз борышының ƏХБ-ға қатысты кредиттік мəртебесі едəуір жоғары болды.  

Шетелдік кредиторлардың көпшілігі осы қайта құрылымдау опциясын таңдады. Бұл кредиторлардың міндеттемелері аға борышқа жататындығын айта кеткен жөн.     

Əзірбайжан Халықаралық Банкінің сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау үдерісі 2017 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталды.  

Қайта құрылымдау қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің портфеліне Əзірбайжан Республикасының атаулы құны 258,3 млн АҚШ доллары болатын мемлекеттік бағалы қағаздары алынды. Бұл сомаға 09.04.2017 жылдан 31.08.2017 жылға дейінгі кезеңде төленбеген купондық сыйақы үшін есептелген өтемақы ретінде 8,3 млн АҚШ доллары қосылды.  

Ұлттық Банк қолайлы нарық жағдаятын ескере отырып, 2019 жылдың ақпан-сəуір айлары аралығында Əзірбайжан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік бағалы қағаздарының бүкіл көлемін сатуды жүзеге асырды.  

  Қорыта келгенде инвестициялау нəтижесі былай болды: ƏХБ облигацияларын сатып алу сомасы 249,95 млн АҚШ долларын (немесе 45,4 млрд теңгені) құрады. Ал Əзірбайжан Үкіметінің облигацияларын сатудан жəне купондық сыйақыдан түскен қорытынды сома – 292,38 млн АҚШ долларына (немесе 105,77 млрд теңгеге) тең болды.  

Əзірбайжан Халықаралық Банкінің облигацияларын сатып алған сəттен бастап, Əзірбайжан Мемлекеттік бағалы қағаздарын сатқан күнге дейінгі инвестициялау табыстылығы (IRR) барлық алынған сыйақыларды ескере отырып, АҚШ долларында жылына – 4,1 пайызды, теңгеде – 24,2 пайызды көрсетті.         

БЖЗҚ-ның осы инвестиция бойынша алған инвестициялық табысы – 42,43 млн АҚШ долларын, ал теңгеде – 60,37 млрд теңгені құрады.