БЖЗҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында композиттік бенчмарк пен демографиялық трендтерге актуарлық талдау енгізу жобасы талқыланды
25.06.2025
"БЖЗҚ" АҚ Қоғамдық кеңесінің (ҚК) 30 отырысы өтті. Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес, зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін бағалау кезінде композиттік бенчмарк енгізу шеңберіндегі алдағы жаңашылдықтар туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Алмабек Жанбеков баяндады. Баяндамашы Қоғамдық кеңес мүшелерін инвестициялық портфельді басқарушылардың қазіргі жұмысының жай-күйі, олардың қызметінің тиімділігін бағалау, сондай-ақ инвестициялық портфельдерінің құрылымымен таныстырды. ҚНРДА өкілінің айтуынша, инвестициялаудың қазіргі тәсілінің бірнеше кемшіліктері бар. Атап айтқанда:
- ИПБ-да зейнетақы жинақтарын инвестициялау үшін тек бір ғана қордың болуы, бұл салымшылардың таңдау жасауына мүмкіндік бермейді;
- қысқа мерзімде кірістіліктің теріс айырмашылығын өтеу, бұл басқарушылардың инвестициялық мүмкіндіктерін шектейді, портфельді өте консервативті басқаруға мәжбүрлейді;
- өз басқаруында зейнетақы активтерінің ең көп мөлшері бар басқарушылар орташа кірісті қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді.
Осы және басқа да факторларды, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, бенчмаркты құру үшін әр түрлі инвестициялық стратегияларды қамтитын 3 модельдік портфель ұсынылады: консервативті, орташа, тәуекелі жоғары.
ИПБ композиттік индекстер негізінде инвестициялық стратегиялар үшін эталондық портфельді дербес әзірлейтіні және бекітетіні айтылды. Инвестициялық портфельдің тәуекел-көрсеткіші соңғы 12 айдағы композитті индекстің тәуекел-көрсеткішінен 1,2 еседен аспауы тиіс. Инвестициялық портфельдің кірістілігі таңдалған стратегияға және инвестициялық кезеңге сәйкес есептеледі. Осыған қатысты өзгерістер тиісті нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданғаннан кейін енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Бұдан әрі "актуарлық талдау: демографиялық трендтер және зейнетақы жинақтарының ағындары" тақырыбында "БЖЗҚ" АҚ Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Абылай Жексембай баяндама жасады. Ол ҚК мүшелерін биылғы 1 қаңтардағы елдегі демографиялық жағдаймен таныстырды. Қазақстан халқының саны 20 283 399 адам. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,23% - ға жоғары. 25 жасқа дейінгі азаматтардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 0,2% - ға өсіп, 42,8% құрады. Сондай-ақ қарт адамдар (65+) үлесі 0,3% - ға көбейіп, халықтың жалпы санының 9,2% құрады. А.Жексембайдың айтуынша, халық санының көбеюімен қатар қарт адамдардың үлесі тұрақты түрде өседі. 2050 жылға қарай отандастарымыздың саны 26,5 млн болады деп күтілуде және осы кезеңде еңбекке қабілетті жастағы (25-64) азаматтар қатары зейнеткерлерге (65+) қарағанда бір жарым есеге азаяды. Бұл мәселе тек Қазақстанға қатысты емес. БҰҰ болжамы бойынша, әлемнің көптеген елдері әлеуетті қолдау коэффициентінің төмендеу процесіне тап болады. Осыған байланысты баяндамашы халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне қатысты халықаралық тәжірибедегі мысалдармен бөлісті. Сондай-ақ болашақта туындауы ықтимал мәселерді шешудің бір жолы – тұрақты зейнетақы жүйелеріне көшу. Бұл көп деңгейлі зейнетақы жүйелерін құру, мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін өзара бөлісу. Дәл осындай жүйе қазір Қазақстанда іске асырылуда. БЖЗҚ өкілі атап өткендей, Mercer CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) халықаралық рейтингіне сәйкес, Қазақстанның зейнетақы жүйесі 2024 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы және басқа елдерден озып, 24-ші орынға ие болды. Зейнетақы жүйелерін кешенді зерттеуді ұсынатын 2024 жылғы халықаралық рейтингке әлемнің 48 елі кірді. Бұдан әрі отырысқа қатысушыларға зейнетақы жүйесінің жеткіліктілік деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – табысты алмастыру коэффициенті (КЗД) бойынша деректер ұсынылды. Ол зейнеткердің бұрынғы жалақысының қанша бөлігін зейнетақы түрінде алатынын көрсетеді. 2024 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) енгізу дұрыс шешім болғандығы және оларды зейнетақы жүйесінде сақтау қажет екендігі атап өтілді.
Отырыс соңында БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Евгений Сейпульник ұйым мүшелерін 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеппен таныстырды.
"БЖЗҚ" АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында ұсынылған материалдармен толығырақ enpf.kz сайтынан «Қоғамдық кеңес» - отырыстар хаттамалары мен презентациялар» бөлімінде танысуға болады».