БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару тақырыбы бойынша Қаржы журналистикасы мектебін өткізді

16.03.2026

Наурыздың 13-нде Алматыда "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелеріне арналған қаржы журналистикасы мектебін өткізді. Биылғы іс-шара зейнетақы активтерін басқару тақырыбына арналды. Мектеп жұмысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері офлайн және онлайн форматта қатысты.

Курсқа спикер ретінде БЖЗҚ сарапшылары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) өкілдері, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара барысында сенімгерлік басқарушы ҚРҰБ мен жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқару мәселелері, инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидаттары, қаржы нарығындағы ағымдағы үрдістер, сондай-ақ инвестициялық қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралары қаралды.

Инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялық стратегияларды қалыптастыру критерийлері мен қолданылатын қаржы құралдары туралы егжей-тегжейлі баяндап, активтердің құрылымы және кірістілікке әсер ететін факторлар туралы ақпарат берді.

Инвестициялық портфель басқарушыларын таңдауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық порталға ерекше назар аударылды. Платформа ИПБ туралы негізгі ақпаратты бірыңғай цифрлық кеңістікте біріктіреді және инвестициялық қызмет туралы деректерді жүйелі түрде ашуды қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру салымшылар үшін ашықтық пен хабардарлығын арттыруға бағытталған.

БЖЗҚ қаржы журналистикасы мектебін дәстүрлі түрде жинақтаушы зейнетақы жүйесі тақырыбын жариялау сапасын арттыру және медиа-қоғамдастық өкілдерінің кәсіби құзыреттерін дамыту мақсатында өткізеді.