БЖЗҚ жыл басынан бері 21,5 миллионнан астам қызмет көрсетті

26.05.2026

БЖЗҚ-ның негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жарналарын жинақтау және болашақта олардың төлемдерін қамтамасыз ету. Қор ұсынатын қызметтер азаматтарға лайықты зейнетақы үшін қажетті соманы жинақтап қана қоймай, олардың болашағын қаржылық жоспарлауға белсенді қатысуға көмектеседі. БЖЗҚ өз қызметінде отандастарымызға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделе отырып дамытуды жалғастыруда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі салымшылардың қызығушылығын арттырудың маңызды шарты болып табылады.

01.01.2026ж. мен 30.04.2026ж. аралығында Қор салымшыларға 21,5 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 11,7 млн-ы электрондық форматта, 9,4 млн-ы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электронды және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,8%-ын құрады. Салымшыларға 267,4 мың қызмет жүзбе-жүз көрсетілді, оның ішінде 260,3 мың қызмет тікелей Қор кеңселерінде жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды есептеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары ашылады.

Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 790,0 мыңға жетті.

Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан 12,3 млн-нан аса үзінді көшірме берілді. Оның 10,8 млн-ы – электрондық, ал 1,3 млн үзінді көшірме автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарын қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап жыл сайынғы үзінді көшірмелерді пошта арқылы автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын ескертеді. Бірақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты "БЖЗҚ" АҚ атына тиісті сұранысты жіберген пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Жыл басынан бері салымшылардан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруға аударуға 32,2 мың өтініші қабылданды, оның басым бөлігі – электрондық форматта.

Есепті кезеңде деректемелерді өзгертуге 38,4 мың өтініш қабылданды. Оның 36,2 мыңы Қордың кеңселерінде орындалды.

БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 20,5 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған 413,0 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 13,4 мың материал жарияланды.

Салымшылар мен алушылардан кері байланыс (байланыс орталығы, веб-сайт арқылы кеңес, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және басқа байланыс түрлері) арналары бойынша 159,0 мың өтініш түсті.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.

БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.