Зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәсілінің өзгеруі туралы
21.07.2026
Зейнетақы төлемдерін алушылар үшін зейнетақы жинақтарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мөлшерінде, жинақталған инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдіктің жойылуына қатысты келіп түскен сұрақтар бойынша БЖЗҚ төмендегіні хабарлайды.
Мемлекет кепілдік береді және реттейді
Әлеуметтік кодекстің 217-бабында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына олардың нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде кепілдік береді» деп көзделген.
Мемлекеттің зейнетақы активтерінің сақталуына беретін кепілдігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (Ұлттық банк, ҚРҰБ) де, ИПБ-лардың да инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін орналастыру кезінде оларды әртараптандыру және тәуекелдерді төмендету жөніндегі талаптарды сақтау, сондай-ақ басқа да реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етіледі.
Ұлттық Банк зейнетақы активтерін зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді нақты табыстылық алуға бағытталған мақсаттарды басшылыққа ала отырып басқарады.
ИПБ-ға зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару бойынша заңнамада белгіленген жауапкершілік жүктеледі. Яғни, ИПБ алған номиналды табыстылық пен реттеушінің талаптарына сәйкес есептелген табыстылықтың ең төменгі мәні арасында теріс айырма болған жағдайда, ИПБ осы теріс айырманы өзінің меншікті капиталы есебінен өтейді.
Мемлекет көпдеңгейлі бақылауды қамтамасыз етеді
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жүйесі көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда қала береді.
- Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес (ҰҚБК), оған Мемлекет басшысы төрағалық етеді, зейнетақы активтерін басқару бөлігінде – инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды зерделеп, БЖЗҚ қызметі туралы жыл сайынғы есептерді қарайды.
- Үкімет ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекітеді.
- Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді нақты табыстылық алу мақсатында БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясын әзірлеп, бекітеді. Зейнетақы активтерін басқарады.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру саласында мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақтастығы мен ортақ жауапкершілігі қағидаты көзделген. Бұл – халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылатын тәсіл.
Салымшылардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы
Әлеуметтік кодекстің 40-бабына сәйкес, салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарын ИПБ-лардың басқаруына беру және/немесе оларды Ұлттық Банктің басқаруында қалдыру жөнінде шешімді дербес қабылдау құқығы берілген.
2026 жылғы қыркүйекте салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін заңнамалық өзгерістер де күшіне енеді. Қазіргі уақытта салымшылар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін ИПБ-лардың басқаруына бере алса, күзден бастап олар ерікті зейнетақы жинақтарын ғана емес, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарын да ИПБ-лардың басқаруына толық көлемде беру мүмкіндігіне ие болады.
Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ әртүрлі инвестициялық портфельдерді, яғни ИПБ ұсынатын зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегияларды өз бетінше таңдай алады. Бұл портфельдер тәуекел деңгейі, күтілетін табыстылығы және инвестициялау мерзімі бойынша бір-бірінен ерекшеленеді.
ИПБ-лардың инвестициялық басқару тиімділігін бағалау үшін MSCI және Bloomberg сияқты әлемнің жетекші қаржы компаниялары қадағалайтын композиттік индекстер (бенчмарк), сондай-ақ «Қазақстан қор биржасы» АҚ индекстері қолданылады. ИПБ-лар инвестициялық табыстылықтың белгіленген деңгейіне кепілдік береді. Егер табыстылық нарықтық бенчмарктен төмен болып қалса, ИПБ айырманы өзінің меншікті капиталы есебінен өтеуге міндетті.
Осылайша, салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтары бойынша әртүрлі инвестициялық активтерді басқарушыларды және әртүрлі инвестициялық стратегияларды (портфельдерді) өз бетінше таңдау құқығына ие. Зейнетақы активтерін басқарудың нарықтық тәсілдері жағдайында инфляция деңгейіндегі мемлекеттік кепілдіктің бұрынғы құқықтық және экономикалық мәні жойылады.
Зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету
Зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт – БЖЗҚ, оның акцияларының 100%-ы Үкіметке тиесілі. Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ-лардың басқаруына беру құқығын іске асыруына байланысты БЖЗҚ-ның институционалдық міндеті де арта түсті. БЖЗҚ – активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚРҰБ және/немесе ИПБ) барлық салымшылар үшін бірыңғай есептік және ақпараттық орталық, сондай-ақ олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы болып табылады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару бойынша қолжетімді қызметтер мен сервистер ұсына отырып, азаматтардың жинақтары туралы ақпаратты үзінді көшірмелерде тәулік бойы, аптасына 7 күн («24/7») режимінде толық көрсетеді. Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін зейнетақы активтерін басқарудың заманауи цифрлық ресурсы ретінде invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы іске қосылды. Бұл платформа барлық басқарушылардың (Ұлттық Банк пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік береді. Invest.enpf.kz платформасы табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ белгіленген кезең аралығындағы деректерді динамикада қарап, активтерді басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдерінің нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі мемлекеттік реттеу, бақылау мен жауапкершілік аясында қала береді. Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сәйкес зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда басқа да қатысушылардың – қызметкер мен жұмыс берушінің де маңызы арта түседі.
Анықтама. Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 28 жылдық қызметі барысында өзінің тұрақтылығы мен орнықтылығын көрсетті. Қазір зейнетақы активтерінің көлемі – шамамен 28 трлн теңге. БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: егер 2024 жылы оның көлемі 1 трлн теңгеден асса, 2025 жылы 1,5 трлн теңгеге жетті, ал 2026 жылдың 5 айында зейнетақы төлемдері шамамен 917 млрд теңге болды.
Жинақтардың жалпы көлеміндегі инвестициялық кірістің үлесі 40%-дан асады. Ұзақ мерзімді кезеңде инвестициялық табыстылық жинақталған инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша инвестициялық табыстылықтың жиынтық өсімі 1 095,39%-ды, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 986,70%-ды көрсетті.