2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарын басқарудың кеңейтілген мүмкіндіктеріне ие болды

07.09.2026

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер[1] күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Бұл ретте МЗЖ және ЕЗЖ есебінен жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ олар үшін МКЗЖ және ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар өздерінің сенімгерлік басқаруға берілетін жинақтарының көлемін дербес айқындауға, сондай-ақ қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше ИПБ-ны және бір немесе бірнеше инвестициял         ық портфельді таңдауға құқылы.

Заңнамаға сәйкес, ИПБ үш инвестициялық портфельге дейін қалыптастыра алады: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімдері бойынша ерекшеленеді. Әртүрлі инвестициялық портфельдерді таңдау мүмкіндігі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 37-1-бабында бекітілген. Оларды қалыптастыруға қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына беру тәртібі және инвестициялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтында және invest.enpf.kz платформасында қолжетімді.

Осылайша, зейнетақы жүйесі салымшы пассивті рөл атқаратын модельден адамның өзінің ұзақмерзімді зейнетақы жинақтарын басқаруға саналы түрде қатысуын көздейтін жүйеге біртіндеп ауысуда. Инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен кеңеюі және зейнетақы активтерін басқару туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру салымшылардың болашақ зейнетақы табысын қалыптастыруға қатысты шешімдер қабылдауға белсендірек қатысуына жағдай жасайды.


[1] "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 шілдедегі № 334-VIII Заңы