БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің 34-отырысында зейнетақы активтерін басқарудың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды
29.09.2026
2021 жылдан бастап салымшыларға зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына аудару құқығы берілді. 2023 жылғы шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтардың 50%-на дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін басқаруға беру мүмкіндігін кеңейтті. Ал 2026 жылғы қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістер салымшыларға өз таңдауы бойынша ерікті зейнетақы жинақтарын, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын толық көлемде жеке басқаруға беру құқығын ұсынды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021–2026 жылдар аралығында (2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша) салымшылар жалпы сомасы шамамен 179 млрд теңге зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына 180,5 мың рет аударды. Бұл ретте жинақтарын аудару құқығын пайдаланған салымшылардың саны 18 есеге жуық өсіп, 2021 жылғы 2,4 мың адамнан 2026 жылы 42,6 мың адамға дейін артты.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда 6 ИПБ-ның инвестициялық портфельді басқару лицензиясы бар және зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келеді, сондай-ақ БЖЗҚ-мен тиісті шарт жасасқан. Олар: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ БЖЗҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзатыны туралы хабарлады. Осыған байланысты 01.01.2026 жылдан бастап Қор бұл компанияға зейнетақы жинақтарын аудару туралы өтініштерді қабылдамайды.)
2026 жылғы 25 қыркүйекте өткен «БЖЗҚ» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің (ҚК) 34-отырысы зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы қазіргі жағдайы мен оны дамытудың перспективаларын талқылауға арналды.
Күн тәртібіне сәйкес, осы бағыттағы ҚР Ұлттық Банкінің қызметі туралы Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин баяндама жасады. Атап айтқанда, баяндамашы зейнетақы активтері портфелінің құрылымына, осы кезеңдегі инвестициялық кіріске және зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға беру мәселелеріне назар аударды.
Іс-шараға ИПБ өкілдері де қатысты. Өз компанияларының инвестициялық стратегиялары мен салымшыларға ұсынылатын портфельдері туралы «Alatau City Invest» АҚ Активтерді басқару департаментінің басқарушы директоры Әділ Табылдиев, «BCC Invest» АҚ басқарушы директоры Руслан Зерилов, «Halyk Finance» АҚ Активтерді басқару департаменті директорының орынбасары Қуаныш Туяков, «Сентрас Секьюритиз» АҚ Активтерді басқару басқармасының директоры Қуаныш Қыстаубаев және «Tansar Capital» АҚ портфельдік басқарушысы Нұрлан Мұстафин таныстырылым жасады. Өз сөздерінде спикерлер Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына да жауап берді.
«БЖЗҚ» АҚ Қоғамдық кеңесі отырысының материалдарымен enpf.kz сайтындағы «Қоғамдық кеңес» – «Отырыстар хаттамалары және таныстырылымдар» бөлімінен толығырақ танысуға болады.