Түйткілді тақырыптағы сұхбат!

08.10.2026

Зейнетақы жүйесі – жасқа да, мамандыққа да қарамайтын, барлық адамның басына түсетін маңызды мәселе. Зейнетақы жинақтарының қалай қалыптасатынын түсіну, олардың көлемін бақылау және болашаққа қаржылық жоспар құру – адамның қаржылық тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімін арттырады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының «Зейнетақы жүйесі туралы сұхбат» жобасы аясында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова берген сұхбатында зейнетақы жүйесінде жүзеге асқан және алдағы уақытта күтілетін негізгі өзгерістер, жеке жинақтардың рөлі, ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлаудың маңызы және басқа да өзекті мәселелер туралы айтып берді. 

Реформалар туралы

Елена Бахмутова: 

«Мемлекет басшысының биыл жыл басында берген тапсырмасына сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған капитал нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге кірісті.

Бағдарлама таныстырылып, онда зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға тікелей қатысты көптеген жаңа ұсыныстар айтылды. Бұл – жалғасып келе жатқан реформа. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру тәсілдерін әзірлеуге қатысты бағытын да, оның жекелеген бөлігі – зейнетақы жинақтарын басқару мәселесін де қамтиды.

Бұл бағдарламада қандай жаңалықтар бар?

Ең алдымен, оның аяқ астынан пайда болмағанын айту керек. Бағдарлама жыл басынан бері әзірленіп, осы уақыт ішінде нарыққа қатысушылармен көптеген талқылаулар жүргізілді. Мұнда мен айтып отырған нарық қатысушыларының қатарында, ең алдымен, инвестициялық портфельді басқарушылар бар. Өздеріңіз білетіндей, қазірдің өзінде қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қалауы бойынша жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігіне ие. Енді реттеуші ұйымның ұсынысы бойынша басқарушы компаниялар бірнеше инвестициялық стратегия ұсынуа алады. Яғни бұл стратегиялар әртүрлі жастағы адамдардың қажеттіліктеріне қарай әзірленеді. Қазіргі таңда жеке басқарушы компаниялар бірден үш түрлі – тәуекелді, қалыпты және консервативті портфель ұсына алады. Ал салымшы солардың бірін өзі таңдайды. Әрине, салымшы бұл активтерді өзі басқармайды. Ол өз жинақтарын кәсіби түрде басқаратын компанияны таңдайды. Бұл ретте барлық реттеушілік талаптар, активтердің сақталуы, өз активтерін зейнетақы активтерінен кастодиандық бөлу сияқты тетіктер толықтай сақталады. Есеп жүргізу де бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жүзеге асырылады.

Бірақ тағы бір мүмкіндік пайда болады. Болашақта Ұлттық банктің де салымшыларға портфель құрылымын барынша әртараптандыруға мүмкіндік беретін ұсыныстар жасау мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Бұл қалай жүзеге асуы мүмкін?

Былайша айтқанда, «әдепкі» портфель бойынша салымшыларды да біртіндеп жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп орналастыру көзделеді». 

Инфляция, инвестиция және тиімділік туралы 

Елена Бахмутова: 

«Бүгінде тек соңғы айда ғана бірлескен антиинфляциялық шаралардың нәтижесінде инфляцияның 10%, 9,8% дейін түсуіне қол жеткіздік.

Жалпы, әр жылдары инфляцияның күрт өсу кезеңдері болды, жағдай тұрақсыз болған кездер де, дағдарысты жылдар да кездесті. Сондықтан инвестиция тиімділігін бағалағанда, әрине, бірнеше жылдық кезеңді негізге алған дұрыс. Портфельдерге қайта оралсақ, егер тәуекелді портфель туралы айтатын болсақ, оның тиімділігін шамамен бес жылдық кезең бойынша бағалаған дұрыс. Қалыпты портфельдің тиімділігін үш жыл көлемінде қарастыруға болады. Ал консервативті портфельдің нәтижесін негізінен жыл сайын бағалауға болады. Барлығы осыған байланысты.

Ал енді тиімділік пен тиімсіздік мәселесіне келсек, жеке басқарушы компаниялар бенчмарк бойынша жұмыс істейді. Бұл норма қазірдің өзінде қолданыста. Егер басқарушы компания белгіленген бенчмарк деңгейіндегі кірістілікті көрсетсе, бұл оның тиімді жұмыс істеп отырғанын білдіреді. Ал көрсеткіш одан төмен болса, басқарушының жұмысы тиімсіз деп бағаланады. Мұнда бәрін бақылау өте оңай. Ал Ұлттық банкте бұған дейін бенчмарк болған жоқ. Бірақ қазір ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, олар да мандаттық басқаруды беретін болады. Егер мандаттық басқару шетелдік басқарушыларға берілсе, олар да өздері жұмыс істейтін нарықтағы халықаралық бенчмарктерге сүйене отырып жұмыс істейді. Ал ішкі басқарушылар тартылған жағдайда, олар үшін де берілетін мандаттың құрылымына қарай тиісті бенчмарктер қалыптастырылады. Осылайша, Ұлттық банк те іс жүзінде бенчмаркке негізделген жүйеге көшеді». 

Жеке жауапкершілік және зейнетақы жинақтарын бақылаудың маңызы 

Қазіргі зейнетақы жүйесі – мемлекет, жұмыс беруші және салымшының ортақ жауапкершілігіне негізделген үштаған.

Тұрақты түрде аударылатын зейнетақы жарналары мен сол жинақтарға есептелетін инвестициялық табыс адамның еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі қаржылық қамтамасыз етілуінде барған сайын маңызды рөл атқарып келеді.

Бүгінде салымшылар БЖЗҚ-ның цифрлық сервистері арқылы жарналарының түсуін, жинақтарының көлемін және есептелген инвестициялық табысын бақылай алады. Мұндай бақылау ықтимал қателерді дер кезінде анықтауға, жинақтардың қалай өзгеріп жатқанын түсінуге және зейнетке шығуға қаржылық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік береді.

Елена Бахмутованың айтуынша, адам зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін «кейінге» қалдырмауы керек. Азамат өзінің зейнетақы шотының жай-күйіне неғұрлым ерте көңіл бөлсе, болашақта лайықты табыс қалыптастыруға мүмкіндігі соғұрлым көп болады. 

Елена Бахмутова: 

«Әрбір салымшы өзінің зейнетақы жинақтары қандай кіріс әкеліп отырғанын және зейнетке шығатын сәтіне қарай қанша зейнетақы жинағы болуы керектігін білуге тиіс.

Яғни ол не болып жатқанын үнемі бақылап, қадағалап, қарап отыруы керек. Қазір БЖЗҚ қосымшасына күн сайын кіріп, қанша инвестициялық табыс алғанын қарап отыратын салымшыларды білемін. Мұндай бақылау күнделікті өмірдің қалыпты бір бөлігіне айналуы керек». 

Зейнетақы жүйесі қоғаммен бірге өзгереді 

Зейнетақы жүйесі – елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайдың көрінісі. Заңнамадағы өзгерістер, халықтың жүйеге қатысуы, цифрлық сервистердің дамуы және қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығының артуы оның одан әрі дамуына ықпал ететін маңызды факторларға айналып отыр.

Елена Бахмутова атап өткендей, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, азаматтардың өздерінің белсенділігіне де байланысты. Зейнетақы жарналарына жауапкершілікпен қарау, қажетті ақпаратты уақытылы алу және жеке қаржыны алдын ала жоспарлау болашақ төлемдерді барынша болжамды етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің төрайымы Елена Бахмутовамен болған сұхбат тағы бір маңызды жайтты көрсетті: зейнетақы тақырыбы тек формулалардан, нормативтерден немесе ресми құжаттардан тұрмайды. Бұл – әр адамның жеке таңдауы мен жауапкершілігіне қатысты мәселе.

Адам болашағы туралы неғұрлым ерте ойлана бастаса, қаржылық тұрғыдан тұрақты өмір қалыптастыруға мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.

Сондықтан зейнетақы жүйесі туралы ашық диалогтың маңызы зор. Мұндай әңгіме қолданыстағы тетіктерді түсінуге ғана емес, еңбек жолы аяқталғаннан кейінгі сенімді өмірге бастайтын алғашқы қадамды жасауға да көмектеседі.

 Сұхбаттың толық нұсқасын БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube арнасынан көре аласыз.