Жыл басынан бері БЖЗҚ көрсеткен қызметтер саны 40 миллионнан асты
23.10.2026
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ, Қор) – Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы, ол зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Оның негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жинақтарын жинақтау және болашақта төлемдер қамтамасыз ету. Қор ұсынатын қызметтер азаматтарға лайықты зейнетақы үшін қажетті соманы жинап қана қоймай, сонымен қатар өз болашағын қаржылық жоспарлауға белсенді қатысуға көмектеседі. БЖЗҚ қазақстандықтарға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды салымшылардың қажеттіліктеріне бейімдей отырып дамытуда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі – салымшылардың өз жинақтарына деген қызығушылығын арттырудың маңызды шарты.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында (2026 жылғы 1 қаңтардан 30 қыркүйекке дейін) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға 40,3 млн қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш Қормен өзара іс-қимыл жасаудың цифрлық және тікелей қызмет көрсету арналарына сұраныстың қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетеді.
Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 27,7 миллионы электрондық форматта, 11,8 миллионы автоматты режимде жүзеге асырылды. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы көлемнің 98,6%-ын құрады. Тікелей қызмет көрсету форматында 576,0 мың қызмет көрсетілді, оның ішінде 562,2 мыңы Қор кеңселерінде жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды төлеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары (НЖШ) ашылады.
Есепті кезеңде зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ), жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен аударған міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) есепке алуға арналған шартты зейнетақы шоттарының (ШЗШ), сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында нысаналы жинақтарды алушыларға тиесілі қаражатты есепке алу және төлеу үшін ашылатын нысаналы жинақтау шоттарының (НЖШ) жалпы саны 1,3 млн бірліктен асты.
Бұрынғыдай ең сұранысқа ие қызмет – ЖЗШ, ШЗШ және НЖШ-дан үзінді көшірме алу. Жыл басынан бері шоттардың барлық түрлері бойынша 28,7 млн үзінді көшірме берілді. Оның 25,8 миллионы электрондық форматта, ал 2,5 миллионы автоматты режимде ұсынылды. БЖЗҚ шоттардың жай-күйі туралы ақпаратты жеке кабинет арқылы алу зейнетақы жинақтарын бақылаудың ең ыңғайлы, сенімді әрі жедел тәсілі екенін еске салады. Сервис тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді. Бұл әлемнің кез келген нүктесінен, кез келген уақытта өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Шоттардың жай-күйі туралы мәліметтер БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасы мен ресми сайтындағы жеке кабинетте ғана емес, egov.kz порталы немесе электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді. Бұл мемлекеттік сервистерді бірыңғай платформалар арқылы пайдалануды қалайтын азаматтарға қосымша қолайлылық туғызады. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап үзінді көшірмелерді пошта арқылы жыл сайын автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын атап өтеді. Дегенмен, тиісті сұранысты БЖЗҚ мекенжайына жолдау арқылы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталған.
Салымшылар (алушылар) Қордың сайты мен мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы үзінді көшірме алудан бөлек, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шоттарының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2-топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуіне байланысты немесе елу жасқа толуына орай ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлем алуға берілген өтініштің мәртебесін қадағалау, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақы мөлшерін болжамды түрде есептеу және басқа да қызметтерді пайдалана алады. Өткен кезеңде салымшылардан зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аудару туралы 142,3 мың өтініш қабылданды. Олардың басым бөлігі электрондық форматта берілді.
БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасы инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) туралы барлық негізгі ақпаратты бір цифрлық кеңістікте біріктіріп, инвестициялық қызмет туралы мәліметтерді жүйелі түрде ұсынуды қамтамасыз ететінін еске салады. invest.enpf.kz порталында пайдаланушыларға қазақ және орыс тілдерінде зейнетақы жинақтары жүйесі, бағалы қағаздар, инвестициялау стратегиялары (өлшемшарттары), негізгі ұғымдар, зейнетақы активтерін орналастыру құрылымы туралы мәліметтер, сондай-ақ әрбір ИПБ-ның қаржылық көрсеткіштері, олардың реттеушілік талаптарды сақтауы жөніндегі деректер және салымшыларға ИПБ мен оның инвестициялық қызметі туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат қолжетімді.
Есепті кезеңде деректемелерді өзгертуге қатысты 87,1 мың өтініш қабылданды. Оның 81,2 мыңы Қор кеңселерінде рәсімделді.
БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгінген салымшылар, әдетте, жинақтарын қалыптастыру мәселелері жөнінде қосымша кеңестер мен ұсынымдар да алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 44,6 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оларға 880,1 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары негізінде жарияланған материалдар саны 29,8 мыңға жетті.
Кері байланыс арналары (байланыс орталығы, веб-сайт арқылы кеңес беру, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және басқа да байланыс арналары) арқылы салымшылар мен алушылардан келіп түскен өтініштердің саны – 310,5 мың.
Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша өз кеңсесінде көшпелі таныстырылым мен кеңес беру шараларын өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалу немесе Қордың сайты, мобильді қосымшасы, сондай-ақ Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшалары арқылы хабарласу жеткілікті.