Алаяқтардан қалай сақтанып, зейнетақы жинақтарын қорғауға және дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады? БЖЗҚ қызметтері тегін бе?
16.11.2026
БЖЗҚ-ға қатысты өзекті сауалдар мен жауаптар
1. Алаяқтар қандай негізгі айла-тәсілдерді қолдануы мүмкін?
«Қайта есептеу», «жарналардың түспеуі», «сізге тиесілі төлем» және электрондық кезекті брондау туралы қоңыраулар мен хабарламалар
Алаяқтар өздерін БЖЗҚ қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон соғады немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жібереді. Олар салымшының шотына зейнетақы жарналары түспей жатқанын немесе керісінше, азаматқа жаңа зейнетақы төлемі не қосымша үстемеақы тағайындалғанын, қайта есептеу жүргізілгенін айтып, сендіруге тырысады. Жарналардың аударылмау себептерін анықтау немесе төлемді рәсімдеу сылтауымен жалған қызметкерлер жеке деректеріңізбен бөлісіп, бөлімшелерге электрондық кезек брондау үшін SMS-хабарлама арқылы келген кодты айтуды сұрайды.
Шоттардың бұғатталғаны туралы жалған ақпарат
Алаяқтар компаниялардың қызметкерлеріне немесе бухгалтерлеріне хабарласып, зейнетақы шотының бұғатталғанын (мысалы, транзиттік шоттарға тыйым салынуына байланысты) мәлімдеуі мүмкін. Содан кейін жәбірленушіні «сот орындаушыларына» бағыттап, жоқ шектеулерді алып тастау үшін айыппұл ретінде ақша аударуды талап етеді.
Зейнетақы жинақтарын сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдыру туралы ұсыныстар
Делдалдар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында, сондай-ақ жинақтарды инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару желеуімен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін шығарып беруді ұсынады. Бұл ретте олар көрсететін қызметтері үшін алдын ала төлем жасауды және/немесе банк шотының деректемелерін беруді сұрауы мүмкін.
Жасанды интеллект технологияларын пайдалану
Алаяқтар жасанды интеллект технологияларын да қолданады. Мысалы, жалған сайттар жасайды, адамның дауысын қолдан жасап, жалған аудио және бейнематериалдар әзірлейді.
2. Дербес деректер мен зейнетақы жинақтарын алаяқтардан қалай қорғауға болады?
БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайтынын, SMS-кодтарды немесе парольдерді айтуды, сондай-ақ қандай да бір шотқа ақша аударуды талап етпейтінін есте ұстаған жөн.
Зейнетақы жинақтарын тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана алуға болады. Бұл ретте ешқандай делдалдың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ.
Кез келген ақпаратты тек БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайты немесе Қордың ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласқан жөн.
Сондай-ақ Қор қызметкерлері зейнетақы жинақтарын аударуға, инвестициялауға, қандай да бір акциялар мен қаржы құралдарын сатып алуға шақыратын түрлі бейнероликтерге қатыспайтынын ескерген жөн.
3. БЖЗҚ қызмет көрсеткені үшін ақы ала ма?
БЖЗҚ ескертеді:
-
Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу делдалсыз және комиссиясыз жүзеге асырылады.
- Қор қызмет көрсеткені үшін ақы алмайды, барлық төлемдер заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Әлеуметтік желілердегі зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аудару, түрлі облигациялар мен акцияларға инвестициялау, қаржылық операциялар жүргізу немесе ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын соманы шешіп алу бойынша делдалдық қызметтер туралы хабарландыруларға сенуге бола ма?
Зейнетақы активтерін әдепкі тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инвестициялық басқаруға алады. Ол зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқарушы ретінде Инвестициялық декларацияға сәйкес түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.
Ұлттық Банктен бөлек, салымшының таңдауы бойынша зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) да басқара алады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуды салымшы тек өз қалауымен enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып жүзеге асыра алады.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында пайдалану тек уәкілетті операторлар (екінші деңгейдегі банктер) арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бұл үшін де делдалдардың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ.
5. Делдалдар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына балалар туралы мәліметтерді енгізуге немесе осы бағдарлама аясындағы нысаналы жинақтарды алу бойынша көмектерін ұсынады. Олардың қызметіне жүгінген дұрыс па, бағдарламаға қатысу үшін ақы төлеу қажет пе?
Балаларға нысаналы талаптарды есептеу үшін олар туралы мәліметтерді мемлекеттік дерекқорға енгізу ақылы емес. Бұл мәселеде делдалдардың көмегіне жүгінудің мүлде қажеті жоқ. Ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері балалар туралы мәліметтердің бар-жоғын, сондай-ақ тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-і мен туған күні туралы деректердің дұрыстығын өз бетінше тексере алады. Егер мәліметтер жоқ болса немесе қателер анықталса, ата-аналар цифрлық құжаттарын жаңартуы, мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтердің дұрыстығын тексеруі немесе тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.
Сондай-ақ, 18 жасқа толған азаматтарға нысаналы жинақтарын алу үшін делдалдардың көмегі қажет емес. Олар білім алуға ақы төлеу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында уәкілетті оператор банктер арқылы өтінімді өз бетінше бере алады.
Нысаналы жинақтарды алу рәсімі тегін. Бұл үшін делдалдардың қызметіне жүгінудің қажеті жоқ.
Қосымша ақпарат пен өзіңізді қызықтырған сұрақтарға жауапты kids.enpf.kz сайтынан немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасынан таба аласыздар.