Инвестициялық кіріс - қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының негізгі құрамы
27.11.2026
Инвестициялық кіріс те зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда зейнетақы жарналарымен қатар маңызды рөл атқарады. Зейнетақы капиталы ондаған жылдар бойы қалыптасып келеді: түсетін жарналар қаржы құралдарына инвестицияланып, салымшылардың жинақтарын арттыратын табыс әкеледі және болашақта одан әрі инвестициялануын жалғастырады.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтері 2014 жылы БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістің жалпы көлемі 14,68 трлн теңгені құрады. Жүзеге асырылған зейнетақы төлемдерін ескергенде, зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі – шамамен 40%.
2026 жылдың басынан бастап БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша есептелген инвестициялық кіріс 1 309,89 млрд теңгені құрады, оның ішінде: 1 149,90 млрд теңге – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша, 159,99 млрд теңге – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен. Жыл басынан МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша кірістілік 4,36%, ЖМЗЖ есебінен активтер бойынша – 15,03% құрады.
Бұл ретте, зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Себебі қысқа уақыт аралығында есептелген қаржы құралдары мен өзге де операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының осы кезеңдегі ауытқуларын әрдайым өтей бермейді. Сондықтан инвестициялық кіріс мөлшеріне объективті баға беру үшін оны неғұрлым ұзақ мерзімдегі көрсеткіштер негізінде талдаған орынды.
Ұзақ мерзімді инвестициялаудың маңыздылығы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бүкіл жұмыс істеу кезеңіндегі нәтижелерімен де расталады. 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік 1108,42%-ды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 1020,04%-ға жетті.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларды (ИПБ) таңдау арқылы басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер күшіне енді. Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру құқығы ұсынылды.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 16 қарашадан бастап зейнетақы активтерін басқарудың жаңа қағидалары қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес салымшылар енді басқарушы компанияны ғана емес, инвестициялық портфельді де таңдай алады. Бұл шешім қабылдау кезінде зейнетке шығу мерзімін, жеке инвестициялық қалауларын және тәуекелге баруға дайындығын ескеруге мүмкіндік береді.
Әрбір инвестициялық портфельге қазақстандық және халықаралық акциялар мен облигациялар құнының өзгеру динамикасын көрсететін композиттік индекс сәйкес келеді. Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері осы индекспен салыстырылады. Бұл ретте әрбір портфель үшін оның көрсеткіштеріне қатысты ең төменгі кірістілік талаптары белгіленген: консервативті портфель бойынша – 12 айдағы тиісті индекс кірістілігінің кемінде 90%-ы, қалыпты портфель бойынша – 36 айдағы кірістіліктің кемінде 85%-ы, тәуекелді портфель бойынша – 60 айдағы кірістіліктің кемінде 80%-ы.
БЖЗҚ-ның инвестициялық қызметі мен зейнетақы активтерінің есебі салымшылар үшін ашық әрі қолжетімді. Әрбір салымшы есептелген инвестициялық табыс сомасын enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы көре алады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) "Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде, сондай-ақ invest.enpf.kz порталында және Қордың ақпараттық материалдарында жарияланады.