Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға/бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға аудару/зейнетақы жинақтарын ИПБ-дан ҚР ҰБ-ға қайтару кезіндегі қадамдық нұсқаулық

Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) салымшысы, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлға (бұдан әрі – салымшы) зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына, бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға беру, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (ҚР ҰБ) сенімгерлік басқаруға қайтару мақсатында БЖЗҚ-ға БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша және құжаттарды қоса бере отырып, БЖЗҚ бөлімшесіне жеке жүгіну арқылы немесе БЖЗҚ-ның интернет-ресурсындағы жеке кабинеті арқылы салымшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қойылған өтініш береді.


БЖЗҚ-ның интернет-ресурсындағы жеке кабинет арқылы өтініш берген кезде төмендегі әрекеттерді орындау қажет: 

Қадам 1

Жеке кабинетте авторлану. SMS-хабарламаның көмегімен дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге қол қою (ол болмаған жағдайда). 

Қадам 2

Жеке кабинеттегі «Қызметтер» шағын бөліміне өту.   

Қадам 3

«Инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау (өзгерту) туралы немесе инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтаруға өтініш беру» қызметін таңдау. Салымшының жеке басын куәландыратын құжат, мекенжайы және байланыс деректері туралы мәліметтер БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйесінен автоматты түрде көрінеді, олар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорымен салыстырылады. Егер осы мәліметтердің біреуі (мысалы, мекенжайы немесе телефоны) өзгерсе, түзетулер енгізу қажет.

Қадам 4

«Аудару талаптары» бөлімінде:  

  1. операция түрін көрсету (ИПБ таңдау немесе ИПБ өзгерту, немесе ҚР ҰБ-ға қайтару);  
  2. зейнетақы жинақтарын аударғыңыз келетін (МЗЖ немесе МКЗЖ немесе ЕЗЖ есепке алуға арналған) жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) таңдау;
  3. «Кімнен» және «Кімге» жолдарында ұсынылатын ИПБ анықтамалығынан зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқарудан және сенімгерлік басқаруға аударғыңыз келетін (зейнетақы жинақтарын ҚР ҰБ-дан немесе ИПБ-дан ИПБ-ға берген жағдайда) ИПБ атауын немесе ҚР ҰБ (зейнетақы жинақтарын ҚР ҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтарған жағдайда) таңдау;  
  4. «ИПБ өзгерту» немесе «ҚР ҰБ-ға қайтару» операция түрін таңдаған жағдайда аударым мөлшерін таңдау («Ішінара аударым» немесе «Қосалқы шоттағы қаражат мөлшерінде»);
  5. сенімгерлік басқаруға аударылуы немесе ҚР ҰБ-ға қайтарылуы тиіс соманы көрсету;
  6. аударым талаптары туралы, сондай-ақ дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру (ол болмаған жағдайда) және өтініште көрсетілген деректемелердің дұрыстығын растау қажеттілігі туралы ақпаратпен танысу қажет.

Қадам 5

Өтінішке жеке ЭЦҚ арқылы қол қою. 

Қадам 6

Жеке кабинеттегі «Қызметтер» бөлімінде «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтару туралы өтініштерім» шағын бөлімінде өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау. 


БЖЗҚ өтініште көрсетілген зейнетақы активтерінің сомасына сәйкес келетін сомада зейнетақы активтерін:

  • ҚР ҰБ-ның сенімгерлік басқаруынан ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді ИПБ таңдау туралы өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде;
  • зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей, сенімгерлік басқаруында салымшының зейнетақы активтері бар ИПБ-ны алдын ала хабарландыра отырып, бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға беруді ИПБ өзгерту туралы өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде;
  • зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей, сенімгерлік басқаруында салымшының зейнетақы активтері бар ИПБ-ны алдын ала хабарландыра отырып, ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚР ҰБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚР ҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады.