Зейнетақы жүйелерінің типтері. Ол қалай жұмыс жасайды?

Әлемде қаржыландыру қағидаттары бойынша ерекшеленетін зейнетақы жүйелерінің екі негізгі типі бар: таратушы және жинақтаушы. Олардың қызметін қарастырып көрейік.

Таратушы жүйе

Бұл жүйеде зейнетақы төлемдері жұмыс жасайтын азаматтардың ағымдағы табыстарының есебінен қаржыландырылады. Яғни, жұмыс жасайтын адамдар салық түрінде төлейтін қаражат зейнеткерлерге төлем ретінде жүреді. Бұл үлгі жұмыс жасайтын халық санына және елдегі демографиялық ахуалға байланысты.

Жинақтаушы жүйе 

Мұнда жұмыс жасайтын азаматтар жарналар енгізеді, ол зейнеткерлердің төлеміне жаратылмайды, олардың шоттарына жинақталады. Бұл қаражат инвестицияланады, ал инвестициядан түскен табыс жинақталған жарналармен бірге болашақта жинақ жасаған адамдарды зейнетақымен қамсыздандыруға пайдаланылады. Осылайша, болашақ зейнетақы мөлшері жинақ сомасы мен инвестициялау нәтижелеріне байланысты.

Шартты-жинақтаушы жүйе 

Бұл зейнетақы жүйесінің типіне таратушы және жинақтаушы жүйенің элементтері кіреді. Азаматтар немесе олардың жұмыс берушілері зейнетақы жүйесіне жарналар енгізеді, және олардың жеке жинақтары индекстелуі мүмкін. Зейнет жасына жеткен кезде жинақталған капитал аннуитеттік төлемдерге айналады. Бұл жүйе қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін байлардан кедейлерге қайта бөлу сияқты әлеуметтік факторларды ескеруге мүмкіндік береді.

Зейнетақы жүйелерінің құрамдауыштары: ерекшеліктері неде?

Ортақ құрамдауыш:

  • Төлемдер алдын ала белгіленеді және инвестициялық басқару нәтижелеріне тәуелді емес.
  • Демографиялық өзгерістердің ықпалына ұшырайды.
  • Халықтың қартаюы жағдайында қаржылық тұрақтылық төмендеуі мүмкін, бұл салық жүктемесінің ұлғаюына және зейнет жасын арттыру қажеттілігіне әкеледі.  

Жинақтаушы құрамдауыш:

  • Демографиялық көрсеткіштерге тәуелді емес.
  • Мемлекеттік бюджетке жүк салмайды (классикалық түрде — мемлекеттік кепілсіз).
  • Адамдарды қаражат жинауға ынталандырады, өйткені зейнеткер инвестициялардан жинаған және тапқан қаражатты алады.
  • Ел экономикасына инвестициялау үшін қаржылық базаны құрады.
  • Халықтың жұмыспен қамтылуына және табысына байланысты.
  • Төлемдер жинақтар таусылғанша жүргізіледі.

Шартты-жинақтаушы құрамдауыш:

  • Әлеуметтік қайта бөлуді қамтамасыз етеді және төлемдердің максималды мөлшерін белгілейді.
  • Қаржылық жағынан тұрақты және мемлекеттік бюджеттен қосымша құюды қажет етпейді.
  • Жинақталған қаражат салымшының меншігі болып табылмайды және ол қайтыс болған немесе шетелге кеткен жағдайда қайта бөлінуі мүмкін.
  • Төлемдер белгіленбеген.
  • Төлемдер өмір бойы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі

Қазақстанның көпкомпонентті зейнетақы жүйесі бар, ол 1998 жылы реформаланған. Бұрын елде ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген Кеңес Одағынан мұраға қалған таратушы жүйе қолданылған. Алайда посткеңестік кезеңдегі экономикалық қиындықтар мен демографиялық жағдай жүйені реформалауды талап етті. Енді ол тарату және жинақтау модельдерінің элементтерін біріктіреді және тұрақты болып саналады.

Қазақстандағы жиынтық зейнетақы

Төлемдер зейнетақы жүйесінің үш деңгейінен құралады және зейнетақы шоттарындағы жеке жинақтарға байланысты.

  1. Бірінші деңгей: Мемлекеттік бюджет есебінен төлемдер (ортақ және базалық төлемдер).
  2. Екінші деңгей: Міндетті жинақтаушы жүйе, оған қызметкерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) кіреді.
  3. Үшінші деңгей: Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ).

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілді. Жарналар 2024 жылы 1,5%-дан 2028 жылы 5%-ға дейін біртіндеп ұлғая береді және 1975 жылы және одан кейін туған қызметкерлерге ғана қолданылатын болады.   

Бірінші және екінші деңгей бойынша жасына қарай зейнетақы Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО), ал үшінші деңгейдің төлемдері – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арқылы ресімделеді.