Қазақстандықтардың 12 айдағы есептелген инвестициялық табысы 2,66 трлн теңгеге жетті.
30.03.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің қорытындысы бойынша валюта бағамдарының ауытқуын және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруін ескере отырып, соңғы 12 айдағы (2025 жылғы наурыздан 2026 жылғы ақпанға дейін) есептелген инвестициялық кіріс көлемі шамамен 2,66 трлн теңгені құрады. Бұл кезеңдегі кірістілік 11,39%-ға жетті.
Зейнетақы активтерінің қысқа уақыт аралығындағы кірістілігі басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайтынын ескеру қажет. Бұл қысқа мерзім ішінде есептелген қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер белгілі бір кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейтіндігіне байланысты. Сондықтан инвестициялық кірісті объективті бағалауды ұзақ мерзімде жүргізген жөн.
Зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі орта және ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз етіледі. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 1 192,30%-ды құрады. Бұл кезеңдегі инфляция 953,36%.
2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2014 жылдан бері жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық кіріс 10,83 трлн теңгені құрады. Жүргізілген төлемдерді ескере отырып, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі инвестициялық кірістің үлесі 41,7%-ды құрайды, бұл азаматтардың жинақтарының құрылымындағы инвестициялық қызметтің маңызды рөлін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, салымшылар зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін) реттеушінің талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) басқаруға аударуға құқылы.
Ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерін сақтауға және олардың оң кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚРҰБ-ның неғұрлым консервативті басқаруымен салыстырғанда, ИПБ-ның инвестициялық декларациялары мен реттеушінің талаптары зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру үшін ИПБ-ға кең инвестициялық мүмкіндіктер береді (бұл ретте ИПБ-ның тәуекелдері де жоғары).
Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, ҚРҰБ басқаруындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік бар. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңде кірістілігі төмендеген жағдайларда айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада өзінің инвестициялық табысын көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтында "статистика және талдау/зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде жарияланады (www.enpf.kz).