Абайлаңыз, алаяқтар! БЖЗҚ салымшыларды алдаудың жаңа тәсілдері туралы ескертеді
01.06.2026
Соңғы уақытта БЖЗҚ бөлімшелеріне міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны туралы хабар алған азаматтар жиі жүгінетін болды. Алаяқтар өздерін Қор қызметкері ретінде таныстырып, бірнеше жыл еңбек өтілі зейнетақы есептеу кезінде ескерілмей қалғанын айтып, соның негізінде зейнетақыны қайта есептеп, мөлшерін арттыруға болатынын айтатын көрінеді.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Алаяқтар сенімге кіру мақсатында Қордың нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, азаматтарды сол жерге келуге шақырады. Филиалға жүгінушілердің айтуынша, қызметті «жылдам әрі ыңғайлы алу үшін» алдын ала электрондық кезекке қоямыз деп, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Өкінішке қарай, мұндай кодтарды алаяқтарға хабарлап қойған азаматтар да бар.
Маңызды ескерту!
БЖЗҚ қызметкерлері қоңырау соқпайды, телефон арқылы, электрондық пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайды. БЖЗҚ барлық қызметтерді тегін көрсетеді. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң тәртіппен жүзеге асырылады.
Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білгенімен, бұл оның ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай мәліметтер алаяқтардың қолына ашық дереккөздерден түсуі мүмкін.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
-
SMS арқылы келген кодтарды және жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
- Әңгіме SMS-код туралы басталған сәтте күмәнді қоңырауды бірден тоқтатыңыз.
- Ақпараттың дұрыстығын тек ресми арналар арқылы тексеріңіз (байланыс орталығы, ресми сайт немесе мобильді қосымша)
- Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Қырағы болып, жақындарыңызды, әсіресе егде жастағы туыстарыңызды алаяқтардың әрекетінен қорғаңыз!