Неліктен 20 жастағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 6 миллион теңгеден асады?

09.06.2026

Өзге елдерде азаматтар зейнетақы жинақтарын бүкіл еңбек қызметі бойы (30–40 жыл) жинайды. Осыған байланысты ерте жаста (мысалы, 20 жаста) жеткілікті зейнетақы жинағын қалыптастыру іс жүзінде мүмкін емес екені анық. Бұл тиісті актуарлық есептеулермен және халықаралық тәжірибемен расталады.

Сондай-ақ еңбек жолының бастапқы кезінде аударылатын зейнетақы жарналары уақыт өте ұзақ мерзім бойы инвестицияланатыны және «күрделі пайыздың» есептелуі арқасында ең жоғары инвестициялық кірісті құрайтыны белгілі. Сол себепті жинақтарды жас кезде алу зейнеткерлік жасқа жеткендегі болашақ жинақтардың көлемін айтарлықтай азайтады.

Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуы тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақта жарналар аударылмаған күннің өзінде қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі.

Мысалы, егер салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуі және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуі тиіс.

Егер қандай да бір себептермен жас азамат зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, шотта 6 млн теңгеден астам қаражаттың болуы инвестициялық кіріс есебінен зейнеткерлік жасқа қарай зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі стандартына сәйкес келетін мақсатты деңгейден төмен емес мөлшерде төлемдер алуға қажетті жинақты қамтамасыз етеді.

Мәселен, салымшыға өмір бойы төленетін төлемдерге кепілдік беретін зейнетақы аннуитетінің құны есептік шамадан төмен болуы мүмкін емес. Сақтандыру компаниясы бұл құнды тек салымшының жас екендігіне немесе аннуитетті сатып алу үшін табысының жеткіліксіз болғанына сүйеніп қана төмендете алмайды. Дәл сол сияқты, ТЖШ шамасы да болашақта зейнетақы төлемдерінің мақсатты мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті есептік деңгейден төмен болмауы тиіс.

Сондықтан жастар үшін ТЖШ-ның жоғары мәндері олардың болашақта қандай мақсатты зейнетақы алуы керек екендігімен анықталады. Нысаналы төлемдер халықаралық стандарттарға сай келетін зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі әлеуметтік стандарттарынан аз болмауы керек. ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) ұсынымына сәйкес, кірісті алмастырудың ең төменгі коэффициенті (КАК) – зейнетақының зейнетке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасы – 40%-дан төмен болмауы шарт.