Ең төменгі жеткіліктілік шегі инфляция өсімінен артта қалып, болашақ зейнетақының лайықтылығын қамтамасыз ете алмады
09.06.2026
Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) анықтаудың бұрынғы әдістемесі бойынша шектердің ұдайы өсуі болған жоқ.
Шектер айтарлықтай тек 2021 жылғы желтоқсанда, 2022 жылға арналған ТЖШ мәндері бекітілген кезде ғана өзгерді. Сол кезде салымшылардың әртүрлі жас санаттары үшін ТЖШ шамасы (әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуіне байланысты) орта есеппен 70%-ға өсті.
2023 жылы ТЖШ аздап қана – әлеуметтік-экономикалық параметрлердің өзгеруінің нәтижесінде орта есеппен 5,5%-ға өсті.
Үш жыл бойы (2023–2025 жылдары) ең төменгі жалақы мен басқа да көрсеткіштердің өсуіне қарамастан, ТЖШ өзгеріссіз қалды.
Ал 2026 жылдың басында ТЖШ орта есеппен 10%-ға өсті.
Осы кезеңде ел экономикасында инфляция өте жоғары болды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, инфляция 2021 жылдың қорытындысы бойынша 8,4%-ды құраса, 2022 жылы 20,3%-ға жетті, 2023 жылы – 9,8%, 2024 жылы – 8,6%, ал 2025 жылы 12,3% болды.
Инфляциямен қатар халықтың табысы мен қызметкерлердің жалақысы да өсті. Орташа айлық жалақы 2021 жылғы 250,3 мың теңгеден 2023 жылы 364 мың теңгеге, 2024 жылы 405 мың теңгеге дейін көтеріліп, 2025 жылы 473 мың теңгеден асты.
Осылайша 2022 жылдан бастап инфляцияның, халық табысының және зейнетақы жинақтары көлемінің өсуіне қарамастан, ең төменгі жеткіліктілік шегі іс жүзінде өзгеріссіз қалды және қайта өзектендірілген жоқ.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге пайдалану тетігі жүздеген мың азаматқа маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл шараның жүзеге асырылуы олардың болашақ зейнетақысының төмендеуіне әкеп соқпауы тиіс.
Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің лайықтылығы – жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақты өсуінің маңызды шарты. Оның мақсаты – салымшыны болашақта зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жинақтардың ең төменгі қажетті көлемін сақтап қалу.
Күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға (карантин кезеңі және оның салдары) байланысты зейнетақы жинақтары ең белсенді пайдаланылған кезеңнен кейін, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қайтадан өзінің басты міндеті – азаматтарды лайықты зейнетақы деңгейімен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуі керек.
Біріншіден, зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға жатпайтын, басқа мақсаттарға пайдаланылатын қаражат көлемінен асып түсуі тиіс.
Екіншіден, азаматтардың зейнетақы жинақтары жарналар мен инвестициялық кірістер есебінен өсіп, ұлғайып отыруы қажет.
Зейнетақы жинақтарының қарқынды өсуі салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.