Қазақстан мен Өзбекстан зейнетақы саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

04.11.2026

«Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы бюджеттен тыс Зейнетақы қоры зейнетақымен қамсыздандыру және жинақтаушы зейнетақы жүйелері саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты – екі елдің зейнетақы қорлары арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайту, зейнетақы жүйелерін дамыту, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша озық тәжірибемен алмасу.

Ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстан үшін қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымын қамтиды.

Негізгі бағыттардың бірі автоматтандыру, зейнетақы тағайындау, ақпараттық жүйелерді жетілдіру және сервис пен қызметтерді дамыту міндеттері аясында зейнетақы қызметтерін цифрлық трансформациялау саласындағы үздік тәжірибелермен өзара алмасу болмақ.

Өзбекстан үшін Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу, жеке зейнетақы шоттарын ашу және жүргізу, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін есепке алу, салымшыларға цифрлық сервистер ұйымдастыру және ақпараттық қолдау көрсету, инвестициялық портфельдер шеңберінде зейнетақы активтерін басқару және тәуекелдерді бағалау тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады.

Сондай-ақ тараптар ұзақ мерзімді экономикалық және демографиялық өзгерістерді ескере отырып, актуарлық модельдеу және зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығын ұзақ мерзімді болжау саласында тәжірибе алмасуға ниетті.

Өзге бағыттардың қатарында – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және зейнетақыны жоспарлау мәдениетін қалыптастыру.

Меморандумды іс жүзінде жүзеге асыру сарапшылар мен мамандар деңгейінде тәжірибе алмасуды, бірлескен дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізуді, сондай-ақ екі елдің тәжірибесін зерделеу және ұлттық зейнетақы жүйелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ең тиімді шешімдерді қолдану мақсатында бірлескен зерттеулер жүргізуді көздейді.

Меморандумға қол қою – екі елдің зейнетақы қорлары арасындағы кәсіби және достық байланыстарды дамытудағы маңызды қадам. Серіктестік зейнетақы жүйелерін дамытуға, халық үшін озық тәжірибелер мен заманауи сервистерді енгізуге ықпал етеді. Ынтымақтастық тараптардың құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. 

Меморандумға Самарқанд қаласында 7 мемлекеттің өкілдері қатысқан «Болашақтың зейнетақы жүйелері: демографиялық өзгерістер мен цифрлық трансформация жағдайында тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері» атты халықаралық конференция аясында қол қойылды. Дөңгелек үстел форматында өткен іс-шараға қатысушылар экономикалық шынайылық пен демографиялық үрдістерді ескере отырып, түрлі елдерде зейнетақымен қамсыздандырудың әртүрлі тәсілдері қалыптасқанын атап өтті. Алайда, қаржыландыру көздері тек мемлекеттік бюджет қана емес, сонымен қатар азаматтар мен жұмыс берушілер жүзеге асыратын жарналар болатын көп деңгейлі зейнетақы жүйелері ең тұрақты болып табылады. Еңбек нарығындағы өзгерістерді, халықтың қартаюын, көші-қон процестерін ескергенде жинақтаушы компоненттің маңызы арта түседі, ал цифрландыруды дамыту зейнетақы жинақтарын мемлекетаралық деңгейде есепке алуға және трансферт жасауға мүмкіндік береді.

подписание Меморадума_1.jpg 


подписание Меморандума 2.jpg 


подписание меморандума 3.jpg