Басқарушы компанияны таңдаудан бастап инвестициялық портфельді айқындауға дейін: БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) мүмкіндіктері

24.11.2026

2026 жылғы 16 қарашадан бастап зейнетақы активтерін басқарудың жаңа қағидалары күшіне енді. Бұл өзгерістер салымшылардың (алушылардың) мүмкіндіктерін кеңейтеді. Енді қазақстандықтар басқарушы компанияны ғана емес, сонымен қатар зейнетке шығу мерзімін, күтілетін кірістілікті және инвестициялық тәуекелдерді қабылдауға дайындық деңгейін ескере отырып, инвестициялық портфель түрін де таңдай алады.

Өзгерістер Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы №155 «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысында көзделген.

 Инвестициялық портфельдің үш түрі

Инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) инвестициялық портфельдің үш түріне дейін қалыптастыра алады: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олар активтерінің құрамы, тәуекел деңгейі, сондай-ақ ең төменгі кірістілік деңгейін бағалау кезеңі бойынша ерекшеленеді.

Инвестициялық портфельді таңдау салымшының (алушының) зейнетке шығуына қанша уақыт қалғанына байланысты шектеледі. Зейнетке шығу мерзіміне дейінгі уақыт неғұрлым ұзақ болса, салымшыға (алушыға) соғұрлым инвестициялық портфель түрлерін таңдауға мүмкіндік беріледі. Ал зейнет жасына жақындаған сайын зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етудің маңызы арта түседі.

Инвестициялық портфель түрі

Кімдерге қолжетімді

Ең төменгі кірістілік деңгейін бағалау кезеңі           

Ең төменгі кірістілік деңгейі

Консервативті

Зейнетке шығу мерзіміне қарамастан барлық салымшыларға

12 ай

90%

Қалыпты

Зейнетке шығуына 3 жылдан астам уақыт қалғандарға

36 ай

85%

Тәуекелді

Зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалғандарға

60 ай

80%

Консервативті портфель зейнет жасына жету мерзіміне қарамастан барлық салымшыларға (алушыларға) қолжетімді. Бұл портфель негізінен облигацияларға бағдарланған. Оны басқару нәтижелері 12 айлық кезең бойынша бағаланады.

Қалыпты портфель зейнет жасына жетуіне үш жылдан астам уақыт қалған салымшыларға (алушыларға) арналған. Оның құрамында акциялар мен облигациялар үйлесім тапқан. Ең төменгі кірістілік деңгейін бағалау кезеңі – 36 ай.

Тәуекелді портфель зейнет жасына жетуіне 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға (алушыларға) қолжетімді. Бұл портфель негізінен акцияларға бағдарланған. Акциялар жоғары кірістілік әкелуі мүмкін, алайда олардың құны айтарлықтай ауытқуы ықтимал. Мұндай портфельді басқару нәтижелері 60 айлық кезең бойынша бағаланады.

Инвестициялық портфельдің әр түрі үшін қазақстандық және халықаралық акциялар мен облигациялар құнының өзгерісін көрсететін өзіндік бағдар – композиттік индекс белгіленеді. Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері осы индекспен салыстырылады.

Сонымен қатар осы индекске қатысты ең төменгі кірістілік деңгейі белгіленген:

  • консервативті портфель – 12 ай ішінде индекс кірістілігінің кемінде 90%-ы;

  • қалыпты портфель – 36 ай ішінде индекс кірістілігінің кемінде 85%-ы;
  • тәуекелді портфель – 60 ай ішінде индекс кірістілігінің кемінде 80%-ы.

ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерін қорғаудың қандай тетіктері қарастырылған?

Егер зейнетақы активтерін басқарудың белгіленген кезеңінің қорытындысы бойынша инвестициялық портфель түріне қарай есептелген номиналды кірістілік зейнетақы активтері кірістілігінің белгіленген ең төменгі деңгейінен төмен болса, ИПБ туындаған теріс айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.

Маңызды: ИПБ міндеттемелері портфельдің әрбір түрі бойынша жеке есептеледі. Бір портфельдің нәтижесі екінші портфельдің көрсеткіштерін өтеу үшін пайдаланылмайды. Ал белгіленген талаптардың сақталуына жауапкершілік тиісті ИПБ-ға жүктеледі.

Бұдан бөлек, зейнетақы активтері тәуелсіз банк-кастодианда сақталады. Ол активтерді орналастыру кезінде заңнама талаптарының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ инвестициялық құралдарды таңдауға қатысты реттеуші белгілеген шектеулер мен портфельді әртараптандыру талаптары зейнетақы жинақтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етеді.

Бір ИПБ шеңберінде таңдалған портфель түрін өзгертуге бола ма?

Зейнетақы төлемдерін алушы (салымшы) зейнетақы активтерін бастапқыда берген күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң бір ИПБ шеңберінде инвестициялық портфель түрін өз бетінше өзгерте алады. Бұл ретте бір ИПБ-ның тиісті инвестициялық портфелінен зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын басқа ИПБ-ға аударған немесе оларды (қалған қалдық шегінде) ҚР Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) сенімгерлік басқаруына қайтарған жағдайда, кейіннен осы портфельге зейнетақы жинақтары қайта түскен кезде бір жылдық мерзім қаражаттың қайта түскен күнінен бастап есептеледі.

Ол үшін салымшы (алушы) БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландыра отырып, өтініш беруі қажет.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын бір ИПБ шеңберіндегі инвестициялық портфельдің бір түрінен екіншісіне аударуды салымшының (алушының) тиісті өтінішін алғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Егер салымшы (алушы) қолданыстағы портфель үшін белгіленген шекті жасқа жетсе және ИПБ-да оның жасына сәйкес келетін басқа инвестициялық портфель түрі болса, қаражатты автоматты түрде ауыстыру көзделген. Мұндай ауыстыру 36 немесе 60 айға созылатын сенімгерлік басқару кезеңі аяқталған соң, салымшыға (алушыға) 30 күнтізбелік күн ішінде басқа ИПБ-ны таңдау немесе зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтару туралы хабарлама жіберілгеннен кейін, осы мерзім ішінде салымшы өз бетінше тиісті өтініш бермеген жағдайда, 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

Егер ИПБ-да салымшының (алушының) жасына сәйкес келетін инвестициялық портфель түрі болмаса, ол жасына сай портфелі бар басқа ИПБ-ны таңдау немесе зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш бере алады. Мұндай өтініш берілмеген жағдайда, БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын өтінішсіз, автоматты түрде ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтарады.

БЖЗҚ жекелеген жағдайларда зейнетақы жинақтарын аударудан бас тартуы мүмкін екенін де ескеру қажет. Мысалы, егер өтініш портфель түрі соңғы рет өзгертілгеннен кейін бір жыл өтпей берілсе, таңдалған инвестициялық портфель түрі салымшының (алушының) жасына сәйкес келмесе немесе ИПБ-ның таңдалған портфель түрі үшін белгіленген шекті жасқа жетуіне 30 күнтізбелік күннен аз уақыт қалса, аударуға рұқсат берілмеуі мүмкін. Сондай-ақ БЖЗҚ-да мәртебесі «орындалуда» деген зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы тіркелген өтініш болған жағдайда және №28[1] Қағидаларда көзделген басқа да жағдайларда аударуға рұқсат берілмеуі мүмкін.

Инвестициялық портфельді қалай таңдауға болады?

Инвестициялық портфельді таңдау кезінде жан-жақты ойластырылған шешім қабылдау қажет. Салымшы (алушы) ИПБ-ның кірістілік көрсеткіштерін ғана емес, сонымен қатар портфельдің құрамын, инвестициялық стратегиясының ерекшеліктерін, зейнетке шығуына қалған уақытты және тәуекелдерді қабылдауға өзінің дайындық деңгейін де ескергені жөн.

Бұл ретте тек соңғы бір жылдағы кірістілік көрсеткіштеріне ғана сүйенуге болмайды. Инвестициялық нәтижелер қаржы нарықтарындағы жағдайға қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Ал қысқа мерзімді кірістілік ұзақ уақыт аралығындағы басқару тиімділігін әрдайым көрсете бермейді.

ИПБ-ның инвестициялық қызметі туралы ақпарат алу үшін БЖЗҚ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасын әзірлеп, іске қосты. Бұл платформада әртүрлі кезеңдердегі ИПБ кірістілігімен танысуға, инвестициялық активтердің құрылымын, инвестициялық декларацияларды зерделеуге және зейнетақы қаражатын басқару стратегияларын салыстыруға болады.

Зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюі салымшыларға (алушыларға) инвестициялық құралдарды таңдауда көбірек еркіндік береді. Сонымен бірге қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті де арттырады. Сондықтан ИПБ мен инвестициялық портфель түрін таңдамас бұрын басқару шарттарын мұқият зерделеп, ықтимал кірістілік пен тәуекелдерді салыстырып, зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың ұзақ мерзімді мақсаттарын ескерген маңызды.

Өтінішті қалай беруге болады?

№ 28 Қағидаларға сәйкес инвестициялық портфель түрін таңдау, өзгерту немесе зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтаруға байланысты өтініштердің барлық түрі тек электрондық форматта – БЖЗҚ-ның интернет-ресурстарындағы жеке кабинет арқылы, яғни Қордың ресми сайты мен мобильді қосымшасында беріледі.

Қазіргі уақытта ИПБ инвестициялық портфель түрлерін қалыптастыру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. ИПБ-ның тиісті инвестициялық портфель түріне өтініш қабылдау мүмкіндігі барлық қажетті іс-шаралар аяқталғаннан кейін қолжетімді болады.

Сонымен қатар ИПБ қандай инвестициялық портфель түрін қалыптастыруды жоспарлап отырғаны туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) және БЖЗҚ-ға алдын ала хабарлауға міндетті. Ол үшін басқарушы компания портфельді қалыптастыруға кірісетін күнге дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын ресми хат жолдайды.

Осылайша, салымшылар (алушылар) зейнетақы жинақтарын өздері таңдаған портфельге аудару туралы өтініштерді барлық қажетті ұйымдастыру рәсімдері аяқталғаннан кейін ғана бере алады. Атап айтқанда, ИПБ мен БЖЗҚ және банк-кастодиан арасында сенімгерлік басқару туралы шарт жасалуы немесе қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізілуі, сондай-ақ банк-кастодианның қажетті шоттарды ашуы тиіс.

БЖЗҚ бір ИПБ шеңберіндегі инвестициялық портфельдің тиісті түріне өтініш қабылдаудың басталғаны туралы қосымша хабарлайды.


[1] Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы № 28 қаулысымен бекітілген Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан екінші инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне беру қағидалары мен мерзімдері