Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) - агенттердің меншікті қаражатының есебінен БЖЗҚ-ға еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері жұмыскерлер өндірістерінің, жұмыстарының, кәсіптерінің тізбесінде көзделген қызметкерлердің пайдасына аударған ақшасы.

Жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) салымшысының, өзі үшін МКЗЖ, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) МЗЖ не МКЗЖ не ЕЗЖ, инвестициялық кіріс, өсімпұл және өзге де түсімдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты.

МКЗЖ төлеу жөніндегі агент (агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен МКЗЖ есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және БЖЗҚ-ға аударатын жеке немесе заңды тұлға, Салық кодексінде көзделген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлға.

МКЗЖ есепке алу үшін БЖЗҚ-да ЖЗШ ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен МКЗЖ немесе өсімпұлды аудару кезінде БЖЗҚ-ға агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, БЖЗҚ-ның функцияларын іске асыру үшін қажетті, жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, қолданыстағы жеке басты куәландыратын құжатының деректемелері, Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелген орны, «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және бар болса, өзі үшін МКЗЖ аударылған жеке тұлға туралы өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 9-бабына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы шоттарын, оның ішінде МКЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашуға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде дербес деректерді жинау және өңдеу субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізіледі.

МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) (Шарт) – агент және өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлға талаптарын ұсынылған Шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты.

Агент және өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлға МКЗЖ есепке алу үшін ашылған ЖЗШ-ға МКЗЖ немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап Шартқа қосылған болып есептеледі.

Өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлғада БЖЗҚ-да МКЗЖ есепке алу үшін ашылған ЖЗШ болған жағдайда, МКЗЖ-ны есепке алуға арналған ЖЗШ-ны қайта ашу жүзеге асырылмайды.

Бұл ретте өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлғаның пайдасына МКЗЖ төлеген агент МКЗЖ есепке алу үшін бұрын ашылған ЖЗШ-ға МКЗЖ немесе өсімпұл есепке жатқызылған күннен бастап Шартқа қосылған болып саналады.

Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлға және агентпен жасалған шарт Шартқа қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.