Ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – ЕЗЖ салымшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында және ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртіппен зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына БЖЗҚ-ға өз бастамасы бойынша салатын ақша және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес БЖЗҚ-ға аударатын, кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы.

Жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес МЗЖ салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) МЗЖ не МКЗЖ не ЕЗЖ, инвестициялық кіріс, өсімпұл және өзге де түсімдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты.

ЕЗЖ салымшысы – ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен жүзеге асыратын жеке тұлға.

ЕЗЖ төлеу жөніндегі агент (агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен ЕЗЖ-ны есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және БЖЗҚ-ға аударатын жеке немесе заңды тұлға, Салық кодексінде көзделген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлға.

БЖЗҚ-да ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ:

  • ЕЗЖ аудару кезінде агенттердің БЖЗҚ-ға ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде;
  • ЕЗЖ аудару кезінде жеке тұлғадан өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға түскен бастапқы жарнаның негізінде;
  • Депозиттерге кепілдік беру туралы заңға сәйкес БЖЗҚ мен Ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңына (бұдан әрі – Депозиттерге кепілдік беру туралы заң) сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан (бұдан әрі – Ұйым) салымшының (алушының) кепілдік берілген депозиті бойынша БЖЗҚ-ға келіп түскен кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы негізінде ашылады;

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, БЖЗҚ-ның функцияларын іске асыру үшін қажетті, жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, қолданыстағы жеке басты куәландыратын құжатының деректемелері, Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелген орны, «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және бар болса, жеке тұлға туралы өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 9-бабына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы шоттарын, оның ішінде ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашуға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде дербес деректерді жинау және өңдеу субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізіледі.


ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (Шарт) – ЕЗЖ-ға, жинақтарға және зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтық қатынастарды белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы шарт, оның талаптарын салымшы (алушы) ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен ғана қабылдайды.

ЕЗЖ салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) ЕЗЖ сомасы келіп түскен күннен бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.

Бұл ретте ЕЗЖ есебінен Шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.