Әлемдегі зейнетақының лайықтылығы мен жинақтарды пайдалану тәжірибесі

10.06.2026

Әлемде зейнетақы жүйесі лайықтылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі – кірісті алмастыру коэффициенті (КАК). Бұл көрсеткіш зейнетақының зейнеткерлікке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасын білдіреді. ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) ұсынымдарына сәйкес, КАК кемінде 40% болған жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру лайықты деп есептеледі. ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде КАК шамасы орта есеппен 60%-ды құрайды.

Қазақстан бойынша орташа жиынтық зейнетақының орташа жалақыға арақатынасы ретінде есептелген КАК-тың қазіргі мәні (базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы есебінен) шамамен 44%-ды құрайды, бұл ХЕҰ-ның ең төменгі ұсынымына сәйкес келгенімен, ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішінен төмен.

ЕО (Еуропалық одақ) елдерінде табыстардың лайықтылығының негізгі бағдарларының бірі ретінде ең төменгі жалақының (ЕТЖ) еңбекақы төлеудің жалпы деңгейіне арақатынасы есептеледі: ЕТЖ медиандық жалақының кемінде 60%-ын немесе орташа жалақының 50%-ын құрауы тиіс. Бұл көрсеткіштер азаматтардың ең төменгі табыстарының жеткіліктілігін бағалау үшін, соның ішінде зейнеткерлік жастағы КАК-ты есептеу кезінде де бағдар ретінде пайдаланылады.

Әлемдік тағы бір маңызды үрдіс – зейнетақы жинақтары рөлінің күшеюі. Бұл дәстүрлі үлестіру (ынтымақты, сақтандыру) зейнетақы жүйелерінің қаржылық тұрақсыздығына әкелетін демография мен еңбек нарығының өзгеруімен байланысты. Халықаралық зерттеулердің деректері бойынша, азаматтардың міндетті зейнетақы жинақтарын енгізген елдердің саны 1999 жылғы 17-ден қазіргі уақытта 50-ге дейін өсті. Қазақстан үшін бұл зейнетақының лайықтылығын арттыру зейнетақы жинақтарын одан ары дамытуды, оларды шамадан тыс алуды шектеуді және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды талап ететінін дәлелдейді.

Әлемдегі жинақтарды мерзімінен бұрын алу тәжірибесіне келетін болсақ, бірқатар елдерде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану экономикалық күйзелістерге және халықты қолдау қажеттілігіне, соның ішінде COVID-19 пандемиясы кезеңіне байланысты ерекше жағдайларда уақытша дағдарысқа қарсы шара ретінде қолданылды.

Мысалы, Чилиде пандемия кезінде жинақтарды алудың үш толқыны мақұлданды. Нәтижесінде зейнетақы жүйесінен шамамен 50 млрд АҚШ доллары шығарылды, бұл ел экономикасы үшін айтарлықтай сома болып, инфляциялық процестерді күшейтті және сарапшылардың бағалауынша, болашақ зейнетақылардың шамамен 30%-ға төмендеуіне әкеп соқты.

Қазақстанда жинақтарды алу мүмкіндігі 2021 жылы пандемиядан кейінгі кезеңде халықты қолдау шарасы ретінде енгізілді. Бұл жеткілікті жинақ қалыптастырған көптеген азаматқа табысы төмендеген немесе уақытша жұмысынан айырылған жағдайда маңызды тұрғын үй мәселелерін шешуге және медициналық қызметтер алуға мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда шұғыл қолдау шараларына деген қажеттілік өзектілігін жоғалтты. Азаматтардың еңбек қызметі аяқталғаннан кейін лайықты табыс деңгейін қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтарын сақтап қалу ерекше маңызға ие болып отыр. Мемлекет үшін зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына кезең-кезеңімен жақындай отырып, жинақтардың бір бөлігін бүгін пайдалану мүмкіндігі мен болашақта лайықты зейнетақыны қамтамасыз ету қажеттілігі арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.