Зейнетақының лайықтылығын арттыру үшін не істеу керек?

17.06.2026

Болашақ зейнетақы деңгейі зейнетақы жинақтарына тікелей байланысты болатын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне кезең-кезеңімен көшу азаматтардың белсенділігін талап етеді.

Жинақтардың өсуін қамтамасыз ету үшін келесі қадамдар маңызды:

  • жарналардың толық әрі тұрақты түсуін бақылау. Бұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте немесе мобильді қосымшасында 24/7 режимінде жасауға болады;

  • инвестициялық басқару мүмкіндіктерін арттыру. Салымшылар өз таңдауы бойынша міндетті жинақтарының 50%-на дейін және ерікті жинақтарының 100%-на дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) басқаруға беруге құқылы. Тәуекел деңгейіне, күтілетін кірістілікке, сондай-ақ инвестициялау мерзіміне байланысты ИПБ-ның инвестициялық стратегиясын БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте таңдауға болады.
  • мүмкіндігінше ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) төлеу. ЕЗЖ-ны өз шотыңызға тек өзіңіз үшін ғана емес, жақындарыңыз, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларыңыз үшін де аударуға болады. БЖЗҚ ЕЗЖ-ға арналған шоттарды алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашады. Жұмыс берушілер бұл опцияны әлеуметтік пакетке қоса отырып, өз қызметкерлері үшін ЕЗЖ аудара алады. Заңнамада ЕЗЖ үшін салықтық ынталандыру амалдары қарастырылған: төленген ЕЗЖ қызметкердің табысы болып есептелмейді және қызметкер одан жеке табыс салығын (ЖТС) төлемейді; жұмыс беруші қызметкердің пайдасына жасаған ЕЗЖ бойынша шығыстарын шегерімге жатқызады. Салымшы ЕЗЖ есебінен жиналған қаражаттан төлемдерді 50 жастан бастап (яғни зейнеткерлік жасқа толмай тұрып) алуға құқылы.
  • БЖЗҚ ұсынатын сервистердің көмегімен зейнетақыны болжау және жоспарлау. Зейнетақы калькуляторы мен дербес зейнетақы жоспары болашақ төлемдерді есептеуге және жинақтарды түзетуге мүмкіндік береді. Бұл сервистер БЖЗҚ сайтында және мобильді қосымшасында қолжетімді.

Зейнетақы - бұл ұзақ мерзімді қаржылық құрал, оның тиімділігі салымшының белсенділігіне тікелей байланысты. Жинақтарды қалыптастыру мен оларды инвестициялау неғұрлым ерте басталса, жинақтаушы зейнетақы соғұрлым жоғары болады.