Табысты алмастыру коэффициенті – зейнетақы лайықтылығының көрсеткіші ретінде

16.06.2026

Әлемде зейнетақы жүйесінің лайықтылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – зейнетақының азаматтың бұған дейін алып келген еңбекақысына пайыздық қатынасын көрсететін кірісті алмастыру коэффициенті (КАК). Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сәйкес, КАК 40%-дан кем болмаған жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру деңгейі лайықты деп есептеледі. Ал ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде орташа жиынтық КАК шамамен 60%-ды құрайды.

     Қазақстанда базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы есебінен қалыптасатын қазіргі КАК (республика бойынша орташа жиынтық зейнетақының орташа айлық жалақыға қатынасы ретінде есептелген) шамамен 44%-ды құрайды. КАК-тың бұл деңгейі ХЕҰ-ның ең төменгі ұсынымына сәйкес келгенімен, ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішінен төмен.

      Бұл ретте жиынтық КАК-тың жартысынан астамы ынтымақты зейнетақы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Алайда, жаңадан зейнетке шығатындардың 1998 жылға дейінгі (ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін) еңбек өтілінің азаюына байланысты, олар үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызы жыл өткен сайын арта түсуде.

       Зейнетақы жинақтары рөлінің артуы - жаһандық үрдіс. Бұл демографиялық ахуалдың және еңбек нарығының өзгеруімен байланысты, өйткені бұл факторлар тарату (ынтымақты, сақтандыру) жүйесінің қаржылық тұрақсыздығына әкеп соғады. Халықаралық зерттеулердің деректері бойынша, азаматтар үшін міндетті зейнетақы жинақтарын енгізген елдер саны 1999 жылы 17 болса, қазір 50-ден асты.

  Жинақтаушы жүйеде болашақ зейнетақының мөлшері жеке зейнетақы шотындағы жинақ сомасына тікелей байланысты. Жинақтар зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен өседі, әрі азаматтардың жекеменшігі болып табылады. Бұл оларды өз жинақтарын дербес қалыптастыруға ынталандырады.

   Зейнетақының лайықты деңгейін қамтамасыз ету үшін үш негізгі шарт маңызды:
  • бүкіл еңбек қызметі барысында жүйеге қатысудың ұзақтығы;
  • жарналарды төлеудің жүйелілігі (ай сайын, жылына 12 рет төлеген жөн);
  • жарналардың барлық еңбек табысынан толық көлемде төленуі.

 ЭЫДҰ-ның[1] ұзақмерзімді актуарлық есептеулері КАК-тың зейнетақы жарналарының мөлшерлемесіне, сондай-ақ оларды төлеудің ұзақтығы мен жүйелілігіне тікелей тәуелді екенін (төмендегі диаграммада) көрсетеді. ЭЫДҰ есептеулеріне сүйенсек, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне үздіксіз қатысу және ұзақ уақыт бойы жарналарды тұрақты аударып тұру болашақ зейнетақыны айтарлықтай арттырады.

Кірісті алмастыру коэффициенті, жарналардың мөлшерлемелері және жүйелілігі.jpg

Кірісті алмастыру коэффициенті, жарналардың мөлшерлемелері және жүйелілігі

   Диаграммадан көрініп тұрғандай, тек жинақтаушы зейнетақы есебінен КАК деңгейін 30%-дан кем қылмай қамтамасыз ету үшін зейнетақы жарналарын мынадай тәртіппен төлеу қажет:

  1. кемінде 13% мөлшерлемемен - 40 жыл бойы;

  2. немесе кемінде 18% мөлшерлемемен - 30 жыл бойы.

    Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде қолданылатын жарна мөлшерлемелері ЭЫДҰ-ның осы есептеулеріне толық сәйкес келеді. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде зейнетақы жарнасының орташа мөлшерлемесі - 18,8%-ды құраса, 2025 жылғы MCGPI (Mercer CFA Institute Global Pension Index) жаһандық зейнетақы индексіне кірген озық зейнетақы жүйесі бар елдерде орташа мөлшерлеме шамамен 17-18%-ды құрайды.

   Қазақстанда 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін), ал ең жоғары деңгейін (100%-дан 120%-ға дейін) кезең-кезеңімен арттыру шаралары іске асырылып жатыр.

  Көптеген елдерде зейнетақы жүйелері тек жұмыскерлердің емес, өз қызметкерлерінің пайдасына жарна аударатын жұмыс берушілердің де қатысуын көздейді. Сондықтан халықаралық тәжірибе мен есептеулерді ескере отырып, Қазақстанда жұмыскерлердің міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ) қосымша ретінде 2024 жылдан 2028 жылға дейін мөлшерлемесін 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өсіру арқылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілді. Енді жарна мөлшерлемелері (10% МЗЖ және 5% ЖМЗЖ) халықаралық тәжірибеге және ЭЫДҰ-ның актуарлық есептеулеріне толық сай келеді.

 Нәтижесінде, Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінде зейнетақы үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасында тең бөлінген.


[1] Дереккөз: OECD REVIEWS OF PENSION SYSTEMS: MEXICO © OECD 2015