«БЖЗҚ» АҚ IT-қызметтер саласында халықаралық сәйкестік сертификатын иеленді

19.01.2026

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) сертификаттау рәсімдері аясында жүргізілген аудит қорытындысы бойынша «Зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі» интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеу, сүйемелдеу және техникалық қолдау көрсету қызметі саласында ISO/IEC 20000-1:2018 халықаралық стандартына сәйкестік сертификатын алды.     

Аудитті CERT International компаниясы жүргізді. Бұл ұйым – Еуразиялық орнықтылық пен қауіпсіздік қауымдастығының (EAASS) мүшесі, халықаралық деңгейде танылған сертификаттау органы. EAASS Еуразиядағы сапа, қауіпсіздік және тұрақты даму талаптарын бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастырып, сертификаттау органдарын аккредиттеп, берілген сертификаттардың халықаралық деңгейде мойындалуына ықпал етеді.

Алынған сертификат БЖЗҚ-ның халықаралық сапа стандарттарын жүйелі түрде енгізіп отырғанын айғақтап, Қордың IT-қызметтерді тиімді басқаруға бейілділігіне тұтынушылардың, серіктестер мен барлық мүдделі тараптардың сенімін арттырады. Бұл – Қордың IT-сервистерді басқару жүйесінің кемелденгенін және жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ресми түрде мойындау.

Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) кезекті форумында БЖЗҚ әлеуметтік қамсыздандыру саласында цифрландыруды дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру мақсатында заманауи технологияларды тиімді пайдаланғаны үшін «Қызметтерді цифрландыру» номинациясы бойынша Құрмет грамотасымен (Certificate of Merit) марапатталған болатын.